Биыл мемлекет қайраткері, би, шешен Әйтеке би Бәйбекұлының дүниеге келгеніне 380 жыл толып отыр. Осыған орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында әдеби-сазды кеш өтті.
Әйтеке би Бәйбекұлы – Тәуке хан тұсында Хан кеңесінің құрамына кірген, Кіші жүздің “Орда биі”, қазақтың аса көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би сияқты ірі жеті бидің қатарында орталықтандырылған Қазақ хандығының құқықтық заңдарының жинағы “Жеті Жарғыны” құрастыруға қатысты. Әйтеке би қазақ мемлекеттілігінің орнығуына, сонымен қатар жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы “Ақтабан шұбырынды” болған ұлы апатты кезеңдерде тиімді және тәуелсіз сыртқы саясатты қалыптастыруға зор ықпал етті.
Кеш барысында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Ғалымжан Нұрпейісов ән шырқап, меймандар қазақтың билер институты, шешендік өнері жайлы сөз қозғады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зылиха Бимаханова, Әскери академияның профессоры Жанбатыр Сартаев баяндама жасады. Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушылары Әйтеке бидің шешендік сөздерін жатқа айтты.
Тәуке хан тұсында халық арасында “Күлтөбенің басында күнде кеңес” деген сөз айтылған. Әйтеке би Тәуке ханның Хандық кеңесіне Кіші жүздің бас биі ретінде тартылды. Тәуке хан сол кездегі Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер қатарлы жеті ірі биге орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтық негізі – “Жеті Жарғыны” дайындауды тапсырды. Ол Тәуке ханның Хан кеңесінде кеңесшілік қызметпен ғана шектелген жоқ, жоңғарларға қарсы жорықтарға тікелей қатысты. Оның жоңғарлардың Сайрам қаласына шабуылын тойтаруға қатысқаны белгілі. Ал 1683 жылы ол өзі Кіші жүздің әскери жасағын басқара отырып, бес мың әскерімен жоңғар әскербасы Ғалдан-Бошақтыға қарсы соғыста жеңіске жетті.
Дамира ЖҮСІПОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жанындағы ұлттық және шетел әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі.