«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАҒА ҮЛГІ – АТА-АНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

40 жылдан астам еңбек өтілі бар Айжан Қапезова Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Былтыр Президенттің қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” мемлекеттік наградасын алған Айжан Байкенқызының айтуынша, білім негізі – бастауышта, ал шәкірттің білімге деген қызығушылығын оятуда ата-ананың рөлі орасан. Мектеп, ата-ана және оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды.

“Менің еңбек кітапшамда екі жазба ғана бар. Оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Жамбыл ауданы Баян ауылына келдім. Бастауыш сыныптарға осы елді мекенде 15 жылдай сабақ бердім. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте еңбек етіп жатқаныма биыл 26 жыл болады екен. Петропавлға келгелі ғана алдымнан 250-ден астам бала өткен екен. Олардың барлығы бүгінде бір-бір маман иесі. Абыройлы еңбек етіп жүр”, – дейді Айжан Байкенқызы.

Қазақ үшін қашан да бала тәрбиесінің маңызы зор. “Не ексең – соны орасың” деген атадан қалған сөз бар. Ұстаздың айтуынша, адамдарға көп жағдайда мейірім жетпей жатады. Мұғалім балаға білім ғана беріп қоймай, дұрыс жолға салып, бағыт бағдар беріп, қабілеті болса көзін ашып, тұлға ретінде қалыптастыруы қажет.

“Оқушыларымды тәрбиелеуде біреудің ала жібін аттамауға, отаншылдыққа, төзімділікке басымдық беремін, еңбекке баулыған да дұрыс. Сонда ғана ибалы да, инабатты адам өсіп шығады.

Жалпы қазіргі балалар мен осыдан 10-15 жыл бұрынғы бүлдіршіндердің айырмашылығы жер мен көктей. Бүгінгі өзекті мәселе – алдымызға келген бүлдіршіндердің барлығы орыс тілді. Ата-аналардың бала мектепте қазақша үйренеді деген сенімі зор. Біз 4-5 сағат қана қазақша білім береміз. Алайда оны үйде қайталамағандықтан, ата-ана тарапынан көмек болмағандықтан, оң нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Жалпы баласының сабағы мен тәртібін үнемі қадағалап, мұғалімдермен байланыста болып, қолдау білдіретін және “баланы сіздерге тапсырдым”, “оқушының тәрбиесіне мектеп пен мұғалім жауапты, сол үшін ақша алып отырсыздар” дейтін ата-аналар бұрыннан бар. Десек те, қазір белсенді, мұғаліммен тығыз байланыста жұмыс істейтін ата-аналардың көбейгені қуантады”, – дейді Айжан Байкенқызы.

Қазіргі уақытта телефон ұстамайтын бала кемде-кем. Мұғалімнің айтуынша, мұның оң-теріс тұстары жетерлік. Жақсы жағы – бала жан-жақты ақпарат алады, білім көкжиегі артады. Ал бақылау болмаса, өз жасына қажетсіз ақпаратқа қанығуы мүмкін. Ең бастысы, денсаулығына кері әсер етеді.

“Қазіргі баланың есіл-дерті – телефон. Оның себебі – нәресте туғаннан телефонды көріп өсіп келеді. Бұрынғыдай бесік жыры айтылмайды. Оның орнына телефондағы қажетсіз, кейде басқа тілдегі әнді тыңдатады. Жыласа – қолына телефон ұстатып алдандырады. Баланың тілі орысша шығуының басты себебі де осы”, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Айжан Байкенқызының баласы бастауыш сыныпта оқитын ата-анаға айтар үш кеңесі бар. Алдымен ата-ана балаларына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Бастауыш сыныпта білімнің іргетасы қаланады. Сондықтан балаға қолдау көрсетіп, сабағын бақылау керек. Үй тапсырмасын бірге орындаса, уақыт өте келе баланың өзі де машықтанады. Екіншіден – бала көргенін істейді. Сондықтан ұл-қызымызды тәрбиелемес бұрын өз ісімізді, әрекетімізді дұрыстауымыз керек. Мәселен, балаңыз телефонды тастап, көркем әдебиет оқысын десеңіз, үлгі көрсетіңіз. Үшіншіден – бала ана тілін білсін деп, қазақ мектебіне берсеңіз, үйде қазақша сөйлесу керек.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp