Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің сөресіндегі құнды жәдігерлердің бірі – жазушы Ермек Қонарбаевтың бесігі. Музей директоры Маржан Таушарованың айтуынша, бесікті мәдениет ордасына 2023 жылы жазушының қызы Нұрлыгүл Досанова тапсырыпты. Көктеректегі бастауыш мектептің жабылуына байланысты білім ордасы жанындағы Ермек Қонарбаевқа арналған музейдегі заттардың барлығы аудандық музейге берілген. 2023 жылғы 8 қазанда №8 актпен 49 экспонат қабылданыпты.
– Атамыз – Ләмәли өз ортасына сыйлы, колхоз басшысы болған адам. Ұлы дүниеге келгенде бесікті арнайы тапсырыспен жасатқан. Атамның он төрт перзенті болған. Сол кезде аты жаман ауру кеңінен тарап, сәбилері шетіней беріпті. Менің әкем төрт қыздың ортасында өседі. Әкемнің иісі сіңген бұл бесікте біз де, біздің балаларымыз да жатты. Ауылдағы қарашаңырақ – мектеп жабылған соң бесікті руханият ордасына табыстауды жөн көрдік, – дейді Нұрлыгүл Ермекқызы.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде шығармашылықпен айналыса бастаған жазушының алғашқы әңгімесі 1959 жылы “Мәдениет және тұрмыс” журналына жарияланған.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.