М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың дизайнері Евгения Боргуль, “Құрылыс және дизайн” кафедрасының аға оқытушылары Юлия Попова мен Ирина Шашкина бейнелеу өнері туындысына авторлық құқық куәлігін алды.
Суретшілер қазақ халық ертегілеріне иллюстрациялар дайындады. Олар танымал ертегі кейіпкерлерінің дизайнын заманауи талаптарға сәйкес қайта жобалады.
– Қазақ халық ертегілері – ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан саласының бірі. Халық ертегілері өскелең ұрпақты адалдыққа, еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді. Заманауи түрде жасалған жаңа дизайн мен суреттер жастардың әдебиетке деген қызығушылығын оятады. Кітаптар үшін анимациясы бар цифрлық формат қарастырылған. Бұл планшет пен ұялы телефон арқылы көруге мүмкіндік береді, – дейді Юлия Попова.
Авторлар жаңа дизайн кітаптарға бірегейлік беріп, оқырмандар қазақ халық ертегілерін жаңаша қабылдайды деген сенімде. Мұндай патентті университет қызметкерлері алғаш рет алып отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.