2021 жылы жануарлар үшін аса қауіпті және жағрапиялық қамтылуы жағынан кең таралған артидактилді жедел вирустық кесел болып табылатын аусылдың “O” түрінің шекаралас Ресейдің Орынбор облысында тіркелуі жағдайды қатты ушықтырмаса да, мал өнімдері бойынша экспорттық әлеуетті қысқарту сияқты бірқатар шектеулер қойылған болатын.
Мұндай оғаш оқиға 2022 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Киікті ауылдық округінде орын алып, фермерлік шаруашылық аумағында карантин жарияланды. Инфекция ошағын жою жөнінде жедел штаб құрылып, ветеринарлық-карантиндік іс-шаралардың кешенді жоспары жасалды. Жедел әрекеттердің нәтижесінде эпизоотиялық ахуал қатаң бақылауда ұсталынып, белгіленген тәртіппен жүзеге асырылды. Осындайда “сақтансаң, сақтайды” деген тәмсіл еске түседі. Бабаларымыз “қамданған қапы қалмайды”, – деп текке айтпаған. Алдын алу, дер кезінде еңсеру арқылы кез келген мәселенің оңтайлы шешімін табуға болатынын өмірлік тәжірибеден жақсы білеміз. Десек те жұртшылық ветеринарияның жануарлардың аурулары мен азықтан улануын зерделеу, емдеу, жою, басқа мемлекеттерден жұқпалы және экзотикалық кеселдердің келуіне тосқауыл қою, таралуын болдырмау, қауіпсіздік құралдары мен әдістерін әзірлеу, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау обьектілерінің заңнама талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету сияқты негізгі міндеттерінен де хабардар болуы еш артықтық етпейді. Өйткені, саланың негізгі бағыты адамдар мен жануарларды ортақ аурулардан қорғау болғанымен, кейбіреулер аса қауіпті кеселдердің әрдайым клиникалық көрініске ие бола бермейтінін сезінбеуі мүмкін. Мәселен, эхинококкоз, цистицеркоз, финноз сияқты паразиттік ауруларды, туберкулезді анықтау малдың ішкі ағзаларын ветеринарлық тексеруден өткізу арқылы ғана мүмкін.
Жеке және заңды тұлғалар үшін мал союды жүргізуге міндеттейтін заңнамалық нормалар енгізілген, өкінішке қарай, бұл талаптар әркез орындала бермейді. Атап айтсақ, ауру малдың өлекселерін итке болмаса далаға лақтырып тастайтын фактілер аз ұшыраспайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру туралы қағидаларында малды союдың тәртібі мен шарттары қарастырылған. Яғни сою алдында ветеринарлық тексеру және ветеринарлық-санитарлық сараптама жасау міндетті. Және де ет сатылымға түскен кезде ветеринарлық куәландырылуы тиіс. Мұндай қадамдар аса қауіпті аурулардың жұқтыру тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берері сөзсіз. 2021 жылы Архангельск және Новокаменка ауылдарында – құтыру, 2022 жылы Надежка және Шаховское ауылдарында ірі қара малдың бруцеллезі бойынша инфекция ошақтары оқшауланып, одан әрі өршуіне жол берілмеді. Қазір жағдай тұрақты.
Жұқпалы және жұқпалы емес кеселдермен күресудің тиімді шараларының бірі – алдын алу, уақытылы диагноз қою. 2022 жылы аусылға қарсы ірі қара малға 73127, былтыр 69 мың вакцина егілді. Мәліметтер “Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру” ақпараттық жүйесіне енгізілді. Деректер осында сақталып, ветеринарлық анықтама беруде пайдаланылады. Бұдан бөлек, жануарлар иммунитеттің қарқындылығына да тексеріледі. Былтыр ірі қара аусылға қарсы иммунитеттің 89,6 қой-ешкі 85 пайызын көрсетті. Бұл істерге мекеменің 40 тәжірибелі маманы тартылған. Ұйымдастыру жұмыстарына ауылдық округ әкімдері де жәрдемдеседі. Ветеринарлық стансаның материалдық-техникалық жарақтандырылуы талапқа сай. Әрбір округ қызметтік көлікпен, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Түрлі аурулардың пайда болуына жол бермеу мақсатында аудан аумағына мал әкелу және әкету қозғалысына қатаң бақылау жүргізіледі. Ол үшін тасымалдау алдында, межелі жерге жеткен кезінде міндетті ветеринарлық тексеруден өткізіледі. Қажет деп табылса, көлік құралдары зарарсыздандырылады. Инкубациялық кезең жиырма күнге дейін созылатын аусылдың белгілерін байқау қиын емес. Оны жұқтырған малдың ауыз қуысы мен мұрынның шырышты қабаттарында, желінде, тұяқтарында, теріде сұйықтықты көпіршектер, шырышты қабаттар пайда болады.
Көптеген жұқпалы аурулар сияқты, аусылмен күресудің бірден-бір емі – алдын алу. Ең алдымен, ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, барлық ауыл шаруашылығы жануарлары “ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру”ақпараттық жүйесінде ветеринарлық есепке алынады. Жануарларды есепке алуды неғұрлым тиімді және жедел жүргізу үшін “TortTulik” мобильдік қосымшасы әзірленіп, ол арқылы мал иесі жануарлар туралы қосымша деректер енгізе алады. Мобильді қосымшаның жұмысы туралы толық ақпарат аудандық ветеринарлық стансасының ресми сайтында орналастырылған.
2022 жылдан бастап қой, ешкі, ірі қара және шошқаларды вакцинациялау арқылы аусылдың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Профилактикалық иммундаумен барлық шаруа, фермер қожалықтары мен жеке аулалар қамтылған. Мамандар жануарларды үш айдан бастап вакцинациялауға жататынын үнемі айтып отырады. Бұл үрдіс 6 ай сайын қайталанады. Жасыратыны жоқ, кей азаматтардың шаруашылықтарына бірнеше рет барып, вакцинация жүргізуге мәжбүрміз. Әңгіме тағы да жауапкершілікке келіп тіреледі. Мұны “TortTulik” мобильді қосымшасы арқылы да реттеуге болатынын біле тұра, сөзбұйдалыққа салып, созып жібереді. Тіпті эпизоотиялық қатерлі ошақ аумағынан кез келген шикізат өнімдерін алып шығуға болмайтынын да ескере бермейтіні өкінішті. Туберкулезді диагностикалау жылына екі рет атқарылады. 2021 бруцеллезге оң реакциясы бар 176 бас, 2022 жылы 40 бас анықталды. Кесел көрсеткішінің төмендеуі диагностикалық зерттеулердің нәтижесі дер едік. Соңғы жылдары ауданда туберкулез тіркелген жоқ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен АӨК-гі экономикалық саясатты талдау орталығы бірлесіп әзірлеген “TortTulik” мобильді қосымшасының жануарлардың базасын кеңейтуге, әркімнің өз малын түгендеуге, профилактикалық шараларды уақытылы жүргізуге ықпалы мол. Қолданбалы смартфон арқылы ветеринарлық құжатты рәсімдеп, малды есептен шығара алады. Заң ережелеріне сәйкес, барлық меншік нысандарының иелері ұстайтын үй мысықтары мен иттер де есепке алынып, деректер “TANBA” ақпараттық жүйесіне кіргізілген. Мамандарымыз Боголюбово елді мекеніне барып, аз қамтылған отбасыларға тегін қызмет көрсетті. Үй жануарларына жеке сәйкестендіру нөмірі берілді. Чип арқылы шетелге де емін-еркін алып шығуға болады. Чиптен бас тартса, айыппұл салынады. Оны айтып отырғаным, көшелерде бұралқы иттің көптігі, бұл – өте өткір мәселенің бірі. Олар кез келген уақытта адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Жас балаларға кезіксе, оның ақыры ауыр зардаптарға соқтыруы кәдік. Үй жануарларын ұстау және серуендету талаптары да толық сақтала бермейді. Оны бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Мал шаруашылығы саласында биологиялық қалдықтардың болуы қалыпты құбылыс десек те, кәдеге жаратылуы қандай деңгейде деген сауал да ойландырады. Оны жою қағидалары Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен регламенттелген, ауылдық округтерде мал қорымдары бар. Онда биологиялық қалдықтар орналастырылғанда ветеринар мамандарға хабарлау міндетті. Өз бетінше әрекет жасауға ешкімнің құқы жоқ. Жем қалдықтары биологиялық, химиялық, физикалық жолдармен зарарсыздандырылады. Ал құтыру белгілері білінгенде тұрғылықты жердегі ветеринарлық мекемеге әкелу қажет.
Былтыр қытайлық мамандар ветеринарлық қызметке аудит жүргізу үшін Қазақстанда, оның ішінде ауданның ветеринарлық стансасында болды. Зертханаларды, сою цехтарын, кәсіпорындарды аралады. Жергілікті тәжірибелермен танысты. Еуразиялық экономикалық комиссия және Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының өңірлік өкілдігі бірлескен қызмет жөніндегі бағдарлама шеңберінде Мәскеуде аусыл және күйіс қайыратын ұсақ жануарлардың оба ауруы мәселелері бойынша семинар өткізді. Онда эпозоотиялық ахуалға баға беріліп, аурулардың алдын алу тетіктері белгіленді. Өте сирек кездесетін SAT-2 серотипінің аусыл вирусының ЕАЭО аумағына ену қаупінің өте жоғары ықтималдылығы, жаңа вакцина жасау қажеттігі айтылды. Осындай екіжақты іссапарлар мен кездесулердің пайдасы ұшан-теңіз. Шетелдік және отандық сарапшылар ветеринарлық қызметтің жақсы және әлсіз жақтарын талқылап, жетілдірудің нақты ұсыныстарын ортаға салып отырады. Жеке және заңды тұлғалар “Ветеринария туралы” Заңда айқындалған жануарлар ауруларының алдын алу жөніндегі диагоностикалық және профилактикалық ветеринарлық шараларды басшылыққа алулары керек. Кесел жайлы ветеринарлық қызметке хабарлау, арнайы маманның бақылауымен малды сою, құжаттарды түгендеу, уақытылы есепке қою талаптары сақталса, аса қауіпті аурулардың өршуіне жол берілмесі анық.
Ербол БАГЕНОВ,
Аудандық ветеринария станциясының директоры.
Қызылжар ауданы.