Қазір адамдар дұрыс тамақтанбайды. Әсіресе тез даярланатын фастфудтарға сұраныс жоғары. Көпшілік бұл тағам түрлерінің жүрекке қауіпті екенін біле бермейді.
Қаладағы “Дея” медициналық орталығының кардиологы Әсия Сейтқожина фастфуд жүрек-қантамыр ауруларын тудыратынын айтты.
Дәрігердің айтуынша, бұл тағамды үнемі тұтыну холестерин мен қан қысымының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Ал бұл жүрек ауруларының өршу қаупін арттырады.
– Фастфудтағы қаныққан майдың салдарынан артерияда холестерин түйіндері пайда болады. Бұл қалыпты қан ағымына кедергі келтіреді және атеросклероз тудырады. Осы жағдай миокард инфарктісі мен инсульт қаупін арттырады. Фастфудта тұздың көп болуы, қан қысымының жоғарылауы гипертонияға ұласады. Бұл – жүрек-қантамыр ауруларының негізгі қауіпті факторларының бірі, – деді дәрігер.
Дұрыс тамақтану – сау жүректің кепілі екенін түсінген маңызды. Фастфудтың орнына жаңа піскен көкөніс пен жемісті, пайдалы зәйтүн, балық майын және тауықтың төс етін, балық тұтынған жөн. Сондай-ақ салмағыңызды бақылап, белсенді өмір салтын сақтау да маңызды. Тұрақты физикалық белсенділік жүрек пен қан тамырларын нығайтуға, сондай-ақ дененің жалпы жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Дәрігер фастфуд қолжетімді әрі жылдам дайындалғанымен басты байлығымыз – денсаулығымыз үшін аса қауіпті екенін ұмытпауға кеңес береді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.