«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АРЗАНҚОЛ ӘНДЕР АҚСҮЙЕК ӨНЕРДІҢ ҚҰНЫН ТҮСІРЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі өнерімен елді тамсантып, көрерменді аузына қаратқан өнерпаздардан кенде емес. Түрлі додаларда топтан озып, бәйге алып жүрген дарынды жастар да бар. Со­лардың бірі – Махамбетәлі Әбілда. Талапты жас бірнеше жылдың ішінде “X Factor”, “Qazaqstan дауысы” сынды мега жобаларда бақ сынап, көзге түсті. Өнерге деген көзқарасы жаңашыл, ойы еркін, болмысы бөлек әншімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Махамбетәлі Амантай­ұлы, сіздің өнер әле­мінің ал­ғашқы баспалдағын ак­тер болып аттағаныңыз белгі­лі. Бү­гінде “X Factor”, “Qazaq­stan да­уысы” мегажобаларын­да ерекше көзге түскен әнші ре­тінде танымалсыз. Актер бо­лып жүріп әншілікке қалай кел­діңіз? Әлде бұл әу бастағы ар­маныңыз ба?

– Жалпы менің өнерге келу та­рихымның өзі ерекше. 8-сыныпқа дейін өзімді болашақ архитектор ретінде елестетіп келдім. Ол кез­де көзімдегі кінаратты байқамай­тынмын. Кейін көзімнің көруі на­шарлай бастағасын бұл арма­ным­мен қош айтыстым. Бала ке­зімде өзімнің өзгелерге пародия жасай алатын қасиетімді байқай­тын едім. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін қайда бараты­нымды сұрағанда Т.Жүргенов атын­дағы оқу орнын айттым. Ол кезде бұл оқу орны туралы мар­дымды ештеңе білмеймін. Әй­теуір құдай аузыма салған шы­ғар, Т.Жүргенов атындағы колледжге актер мамандығы бойын­ша қабылдандым. Колледжде жүрген жылдары көзімнің кінара­ты аса қатты кедергі келтірмей­тін. Кейін академияға түскеннен кейін көппен бірге сабақ оқуым қиындады. Сондағы бір жана­шыр ұстазымның ақылымен ән айтуды үйрене бастадым. Басқа­лар он жыл жүріп үйренетін өнер­ді бір жарым жылда меңгеріп шық­тым. Бұл менің тәуелсіз, еркін өмір сүруім үшін қажет болды. Бас­қа нәрсе қолымнан келмесе де, әншілігімнің арқасында еш­кімге жалтақтамай, еңсемді тік кө­теріп жүре алатыным анық еді. Бі­рақ ол кезде осындай ірі жоба­ларға қатысып, көпке таныламын деп ойлаған жоқпын. Таңдауым­ның дұрыстығына “Qazaqstan дауысынан” кейін түбегейлі көзім жетті.

– Сізді “Qazaqstan дауысы” байқауына кездейсоқ бара қал­ды дегенге ел сенбейді. Бұл жоба шығармашылығы­ңыз­ға қалай әсер етті?

– “Qazaqstan дауысы” – брендтік жоба. Мұндай жерде екі­нің бірі өнер көрсете алмайды. Деңгей де, талап та жоғары. Жеке өзіме бұл бай­қау жаңа қарым-қатынас, жаңа орта берді. Қазір менің ел­дегі “менмін” деген өнер майтал­мандарымен жақын байланысым бар.

Бұл жобадағы атмосфера тіп­тен бөлек. Сахнаның осындай деңгейін көрген кез келген өнер­паз өз-өзін жоғалтып алуы мүмкін. Күн сайын Төлеген Мұхамед­жа­нов, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілерді көріп, бірге жұмыс істеп, жұлдызды атмосфераны се­зіндік. Экранның ар жағынан байқала бермеуі мүмкін, бірақ елі­мізге белгілі өнер қайраткерлері баға беріп, барша Қазақстан кө­рермен болып, төбедегі 78 жарық өзіңе бағытталғанда денең өрте­ніп кете жаздайды. Осының бәрін көтеріп, жоғары деңгейге лайық болып тұрмасаң, жобадан кетуің әп сәтте.

Бір өкініштісі – ол жердегі қа­тысушыларды көріп көңілге кір­бің түсті. Жобаға келгендердің бар­лығы біркелкі жастар. Бәрі тәртіпті, сыптай киінген, “сәлемет­сіз бе” деп сызылып тұрады. Бір­дей әншілер тыңдарманның да ішін пыстырады. Сонда жүр­ген кезімде “Біздің өнерге “есуас­тар” керек”, – деп айтқаным бар. Шек­теуден шығып, шекараны бұза алатындар өнер жасайды. Мысалы, шетелдік шоуларды қа­рап отырсақ түрлі темперамент­тегі адамдар келеді. Ал біздегінің көбі бір бірінің көшірмесі сияқты. Бойынан ерекшелік байқалмай­ды. “Еркін болайық, адам зеріктірерлік мінезден арылайық”, – деп қатысушылардың өздеріне де айт­тым. Шоуға келген адам шоу жасай алуы керек.

– Ән байқауында жартылай финалға дейін жетуіңіз жан­күйерлеріңіз үшін үлкен жаңа­лық болды. Ал өзіңіз іштей қай кезеңге дейін сүрінбей жетем деп шамаладыңыз?

– Мен алғашқы іріктеуде-ақ өзімнің жартылай финалға жете­ті­німді білдім. Одан әрі өте алмайтыным белгілі еді.

– Сонда мұндай жоба­лардың көпке айтыла бермейтін өз ережелері бар ма?

– Финалист болуға менің ампулам сай келмейді. Ақтық сынға өткен қатысушылар “тәртіпті”, тура жолдағы, бір ізбен жүретін адамдар болуы керек. Бұл – елдің ойында қалыптасқан қатаң бей­не. Фильмдерде бас кейіпкер, жа­ғымсыз кейіпкер, бас кейіпкердің серігі деген рөлдер болады ғой. Сол сияқты мұндай жобаларда да жеңетін қатысушы, жеңуге шақ қалған қатысушы және өз рахаты үшін өнер көрсететін қатысушы рөл­дері болады. Мен осының іші­нен үшінші рөлді ойнадым десем болады. Әйтеуір өзің үшін бел­гіленген межеге жеткенше жүре бересің.

– Сіздің сахнада ән айтып тұрғаныңыз ерке, еркін адам­ның бейнесін көз алдымызға елестетеді. Бұл сахналық образ ба әлде өмірде де мінезіңіз асау ма?

– Мен өмірде де өте еркемін. Ойымдағыны жасырмай айтып, дұрыс дегенімді істеп үйренген­мін. Бұған менің өскен ортам қат­ты әсер етсе керек. Балалық шағым батыстағы Құлсары қала­сында өтті. Ол жерде басбұзар­лар көп, оқыс оқиғалар жиі болып тұратыны көпке мәлім. Өскен же­рімнің табиғатында бір бұта жоқ, тек шақырайған күн, азынаған жел, алысқа созылған құм еді. Со­ған сай адамдары да мәймөң­келеуді білмейтін шартпа-шұрт мінезді болатын. Туған-туыста­­рымның да ортасы шулы. Әрі ата-анам ажырасқанға дейін өте ауқатты тұрдық. Мен күнделікті қажеттіліктерге, қаржылық мәсе­лелерге мүлде бас ауыртпаппын. Тіпті сегізінші сыныпқа дейін жеке жүргізушімен жүрдім. Ойымда ешқандай шектеу болған емес. Сол кездегі кей қылықтарым­ды бүгін таңдана еске ала­мын. Жаңағы айтқандай мінезді адамдардың ортасы, еркін өмір менің қазіргі ерке, асау мінезімнің қалыптасуына әсер етсе керек. Сахнада да солай көрінемін. Алай­да орынсыз жерде мінез көрсетіп, шектен шығып кететін есерлердің қатарынан емеспін.

Өкініштісі бұл мінезімді дұрыс түсінбей, сыртымнан сөз жүгірткен тыңдармандар да болды. Біз “мен осындаймын, мені осылай қабылдаңыздар” дейтін күнге әлі жеткен жоқпыз. Маржан Арап­баева, Жұбаныш Жексенұлылар менің ерекшелігімді түсінді. Ал ел­дің көбі мұны қабылдай алмады.

– Сіздің осы табиғатыңызға әннің қай жанры жақын?

– Өзіме ең ұнайтыны – джаз. Джаз көптеген мәдениеттер мен аймақтардың музыка элемент­терін біріктірген. Ол өз бастауын мұхиттың арғы жағындағы афро­американдықтардың халық ән­дерінен алады. Мұнда бәрі еркін. Белгілі бір ырғаққа бағыну деген жоқ. Маған джаз жүздеген жылдар бойы қорлықта, езгіде бо­лып, құлдық қамтитын киген қара нәсілділердің әлемге айтқан жан айқайы сияқты көрінеді. Бұл – ха­лықтардың жылдар бойы жинал­ған қайғы-қасіреті осы жанр ар­қылы сыртқа шықты. Еркіндікке ұмтылған қауым өнердің еркін жан­рын тудырды. Қарап отырсақ біздің тарихымыздың да афро­американдықтармен ұқсас жерле­рі көп. Қазақ та өзгеге бодан бо­лып, тамырынан ажырап, соғыс­т­ы, қуғынды, аштықты көрді. Әлем жұрты біздің де дауысы­мызды естуі керек қой. Осындай тарихы бар ел жаһандық мәде­ниетке қандай жаңалық әкеле алады? Мүмкін мұның бәрі халық әндерінде жатқан шығар. Әзірге қазақ әндерімен нықтап айналы­са алып жүрген жоқпын. Бола­шақта қазақ әніне тән ерекше стильді тауып, оны жер жүзіне танытсам деген арманым бар. “Біз әлем музыкасының база­рына қай туындымызды апара аламыз?” – деген сұрақ мазалай­ды. Осы сауалымды өнердегі аға-әпкелеріме де қойдым. Мардымды жауап берген ешкім болмады.

Өзгелердей емес, мен кіш­кентайымнан ағылшынша джаз, реп тыңдап өстім. Рэй Чарльз, Стиви Уандер, Джордж Бенсон, Грегори Портер… бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

– “Qazaqstan дауысынан” кейін сіздің өнеріңізге қызығушылық біл­ді­ріп, түрлі ұсыныс айтқан шоу-бизнес өкілдері болған шығар.

– Концерттерге, түсірілім­дерге түсетін шақыртулардан бө­лек, бірге жұмыс істеуге ниет біл­дірген адамдар да болды. Жо­бадан кейін маған Димаш Құдайбергеннің аранжировка ма­ма­ны Ерлан Бекчурин ұсыныс айтты. Одан бас тарттым. Аста­нада небір ұсыныстар түсті. Жо­бада жетекшілік еткен Маржан Арапбаева да бірге жұмыс іс­теуге ниетті екенін айтты. Өз ақ­шасын салып, маған продю­сер­лік еткісі келетіндермен де кез­дестім. Осының ешбіріне де келі­сімімді берген жоқпын. Өйткені бүгінде алматылық продюсермен жұмыс істеп жатырмын. Өзім сияқты еркін, шектеуі жоқ адам­дармен тізе қосқым келеді. Қазіргі продюсерім сондай маман.

– Сіздің мұндай табысқа же­туіңізге анаңыздың көп ең­бек сіңіргенін білеміз. Қай кезде де сізді қолдап, жанашыр болып қасыңызда жүргеніне ел куә.

– Анам алғашында өнер жолын қуып, актриса болғысы кел­ген. Алайда бұрын өнер адам­дарына деген көзқарастың қан­дай болғаны белгілі ғой. Әртістер зиянды өмір салтын ұстанатын, тұрақсыз, қаңғыбас, жеңілтек саналды. Анамның ақындығы да бар. Оның талғамына үнемі таңға­ламын. Мен үшін ағам да, әкем де, досым да, сырласым да, ұста­зым да, сыншым да – анам.

Анамның маған үйреткені көп. Үнемі ештеңеге алаңдамай жұ­мыс істеу керектігі жайлы айтады. Адам не болса да алаңсыз жұмыс істеуі керек. Тіпті оның нә­тижесін күтіп, әлденеден үмітте­нудің де қажеті жоқ. Жұмыс адамның көңілін жайландыруға тиіс. Өзіңді өзің алдауға болмай­ды. Біздің жұмысымыз ертеңгі бе­делімізді, ел алдындаға бет-бейнемізді қалыптастырады. Анам­ның маған айтқан алтын ақылы – осы. Ол кісі маған намысты болу­ды үйретті.

– Бүгінде бір күндік арзан атақ үшін теріс әрекеттерге ба­рып, ақсүйек өнердің құнын тү­сіретін арзанқол өнерпаздар көп. Ондайлардың арасында өз қатарластарыңыз да бар. Бұл үрдістің түпкі себебі неде деп ойлайсыз?

– Өнерге келген әр адамның алдында бірнеше жол тұрады. Ақша үшін тойдың әншісі болуға, эстрадаға шығуға немесе опера жанрында ән шырқауға болады. Қай жолға түсетіні әншінің өз таңдауына байланысты. Көбінің әрекеті “атың шықпаса, жер өр­тенің” кері. Қазір қазақ өнерінде ғана емес тұтас әлемде арзан­қолдыққа қызығу, азғындыққа мойынұсыну бар. Бүгінде еште­ңеге таңданбайтын күйге жеттік. Қазір бір есердің айта салған сан­дырағы ертең қоғамда қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін. Жұрт ойға салмақ түсірмейтін, тарс-тарс еткен түсінікті ырғаққа құрылған жеңіл туындыларды тыңдауға бейім. Осы күні ешкім баяғыдай 7 минуттық ән жазбайды. Кірпіш құйған сияқты көркемдігі төмен әндерді бірінен кейін бірін ойланбай жазып шығара береді. Ондайлар тың­дарманның талғамын да түсіріп жібереді. Ортаңқол әншілерге үй­ренген көрермен нағыз талант шық­қанда қабылдамауы мүмкін. Кейін ол талант та нан табу үшін же­ңіл әндер жаза бастайды. Ме­ніңше, бізге соның бәрін реттеп отыратын сүзгі керек сияқты. Ол сүзгінің қызметін мемлекет неме­се жеке компания атқарса бола­ды. Мысалы, күніне 100 ән шықса соның бәрі сүзгіден өтіп барып ғана жарыққа шығады. Алайда қазір әлеуметтік желілер бар ғой. Бұл желілер көп нәрсені өзгертіп жіберді.

– Сіз айтып отырған сол “сүзгі” әр көрерменнің жүрегін­де болуы керек қой. Егер ел­дің талғамы жоғары болса, саф өнер өзі-ақ төрге озар еді. Неге тыңдарманның арзан әнге деген сұранысы жоғары?

– Мен елдің талғамы төмен деп ешқашан айтпас едім. Ха­лықтың деңгейі әрдайым жоғары. “Жұрт түсінбейді, көрермен қабылдамайды” дегенді көп әр­тіс­терден естимін. Өзі туған өнерпаздың өнерін түсінуге халықтың өресі қашан да жетеді. Тыңдарман нені болсын қа­былдап, тереңіне бойлай алады. Мәселе – басқада. Біздің өнер әлемдік көштен кейін қалып келе жатыр. Басқа халықтарда театр, кино т.б. өнер әлдеқашан қалып­тасып, өркендеп кетті. Біздің солардан әр салада қанша жыл­ға қалып келе жатқанымызды жылына дейін есептеп беруге болады. Әнде де сол сияқты. Басқалар үшін өткен ғасырда қалыпты болып кеткен нәрсені жаңалық ретінде енгізіп жатырмыз. Кей ағымдар мен стильдер әлі жеткен де жоқ. Джаз, рок де­геніміз жоқтың қасы. Батыс жұр­ты бірнеше мәдени револю­цияны бастан өткерді. Бізде қандай мәдени бетбұрыс болды? Осы күні бәріміз дүрлігіп қабыл­дай­тын жаңалықтар өркениетті ел­дерде күнде болып жатады. Та­рихқа қарап ой қорытып, түйін шы­ғаратын күнге 30 жылда жете қой­ған жоқпыз. Басқалар әлдеқашан өзінің өткенін ақтарып, этноөне­рін заманауи тұрғыда әлемге танытып қойды. Біздің музыкадағы жылымық лебі енді сезіліп жа­тыр. Димаш Құдайбергеннің әлемдік сахнаға шыққанына бір­неше жылдың жүзі болды. Домбырамыздың қадіріне жаңа же­тіп, көпке көрсетіп жатырмыз. Бұл ретте уақыт деген фактор бар. Бәрі өз уақытымен келеді. Егер талантты халқы түсінбей жат­са ол көрерменнің деңгейінің төмендігінде емес, өнерпаздың өз уақытынан алға озып кеткенін­де. Қазіргі қарқынмен енді елу жыл­да өз алдымыздағы елдердің деңгейіне де жетерміз. ХХІ ғасыр қазақ әні әлемдік мәдениеттен лайықты орнын алатын кезең болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp