Өңірде азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынған ақпарат негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі – күнбағыс майының жоғары үстемемен сатылғаны анықталды.
Белгілі болғандай, “Ильинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Торгсервис KZ-2” ЖШС-нан “Родное” сауда белгісі бойынша шығарылатын бір литрлік тазартылған күнбағыс майын сатып алып, оны соңғы тұтынушыға 15 пайыздан жоғары тауарлық үстемемен сатқан. Осы ретте “Ильинское” ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4 бабына сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Егер бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанатын болса – шағын кәсіпкерлік субъектісіне – 10 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Тексеру нәтижелері бойынша “Ильинское” ЖШС-ға қолданыстағы заңнамаға сәйкес күнбағыс майының бөлшек сауда бағасын төмендету ұсынылды.
Жыл басынан бері комиссия отырысында тауарлық үстеменің белгіленген мөлшерінен асып кету фактілері бойынша 14 материал қаралып, 13 факті бойынша кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.