Алдыңғы толқын ағалардың ішінде өміршең өнегесімен, тамаша тағылымымен кейінгі ұрпаққа әдемі мысал болатын тұлғалар болады емес пе? Соның бірі кісілік келбетімен, ішкі мәдениетінің мықтылығымен жаныңды баурап алатын Болат Рахимов.
Былтыр Алаштың айтулы тұлғасы, ән өнерінің жауһары Ақан серінің туғанына 180 жыл толуы қарсаңында Болат Шонұлынан маза кеткен. Күнара қоңырау шалады. Сауалы – ел жақта не болып жатыр? Кіндік қаны Көкшетау қаласында тамса да саналы ғұмырының талай жылын өткізген Айыртауын “өз елім, өскен жерім, қызмет еткен қасиетті мекен” деп әрдайым ет жүрегі елжіреп тұрады. Осы киелі топырақтың әр пұшпағы, Ақан сері ән салған, жел жетпес тұлпары – Құлагерінің дүбірі қалған Сырымбеттің сай-саласы жан дүниесіне соншалықты жақын, соншалықты қымбат. Ал Ақан сері тойы өз алдына, сері есімінің ел есінде қалуына сіңірген еңбегі бір төбе. Алдымен Ақан сері ауылына. 150 жылдық тойы қарсаңындағы қарбаласты көзіміз көрген. Осы тойдың барысында салынған жаңа ауылдың жасампаз, салтанатты бейнесі әлі есімізде.
– Бұл тойға аттай он жыл бойы дайындалдық. Ол кезде біздің ауданда уран кені өндірілетін. Орталығы Степногрск қаласында. Тау-кен басқармасының басшыларын, Мәскеуден осы саланың министрі Ковалевты шақыртып, қыруар жұмыс атқарғанбыз. Кеңес заманында да далада шашылып жатқан ақша жоқ, ойға алған шаруамыз үлкен қиындықпен атқарылған. Кеңащыға 22 коттеджді сол ұйым салып берді, ал қалған 42 коттеджді ауданның барлық кеңшарлары жұмыла көтерді. Ол кезде коттедж дегеніңіз кісінің түсіне енбейтін жай болатын. Қияндағы Кеңащы түгіл аудан орталығында, аудан орталығыңыз не, облыс орталығы Көкшетауда да ырымға бір коттедж жоқ еді, – дейді Болат Шонұлы, – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Болат Көшімбаевтың табанды еңбегінің арқасында біз ел азаматтарымен бірлесе отырып, ажарынан ай жасқанатын сәулетті ауылды салып шықтық. Жай ауыл емес, Ақан ауылы, серінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ. Әуелі 1993 жылы осы ауылға асфальт жамылғымен қапталған жол тарттық. Ал коттедждерді қараңызшы, бір-біріне ұқсамайтын архитектураның сол кездегі ең үздік үлгілерін пайдалана отырып салған дүниелер және барлығы бір жылу орталығына қосылған. Әрбір үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Ал ескерткіш өз алдына бір жыр. Жел жетпес жүйрік пырағы – Құлагердің үстінде, қолында бауырына қымтай қысқан домбырасы, соңында қасқырды қынадай қырған Басарала төбеті, ертоқым үстіндегі тұғырда көк аспанның патшасы – Қараторғайы. Бәрін біртұтас етіп қоладан құйғыздық. Кешегі кеңес заманында қазақ өнерін, өнер иелерін кім керек қылды дейсіз? Ақан серінің жамбасы тиген жерді де кейін анықтадық қой. Анықтаған соң басына зәулім күмбез тұрғыздық.
Осы іске ел жұмыла қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар қатарынан сол кезде аудандық партия комитетінде қызмет істеген Кенжеғали Мұқатаев, Қадыржан Әубәкіров, Елемес Қалиев, Көшек Сәменов тәрізді азаматтарды айта кетуге болады. Құрылыс өз алдына, идеологиялық жұмыстарға көп көңіл бөлінді. Ақан сері тойы ел еңсесін көтерген республикадағы алғашқы тойлардың бірі болғандығы анық.
Болат ағаның бойындағы бірбеткейлік жаратылыстың сыйы. Үнемі жараулы аттай жинақы, қынабынан суырылған қылыштай өткір күйінде жүретін абзал аға көкейіне лықсып келген сөзді бүгіп қалған емес. Бәлкім “тура айтқан туғанына жақпайды” дегендей, әлдекімдер ұнатпауы да мүмкін. Әйтсе де, сүйегіне сіңген қасиет осы. Анасы Жаңыл Шаймұханбетқызының таңғы шықтай мөлдіреген ақ махаббаты мен тәлімді тәрбиесін жиі есіне алады. Атам қазақта “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дейтін астарында кәтепті қара нарға жүк болар сөз бар. Ел қамын жеген пейіл, туған жерге деген ыстық махаббат қара шаңырақтағы тәлім-тәрбие алып, қалыптасқан мінез. Әсіресе, майдангер әке Шонның тәрбиесі өзгеше еді. Кішкентай Болатты Омбы қаласына оқуға жіберген. Алтыншы-жетінші сыныпты сонда оқыды. Оқушы бала қиындық та көрді. Бірақ ол қиындық шарболаттай мығым баланы жасыта алмады, қайта ширата түсті. Мектепте жүргеннің өзінде алғыр еді. Оқушылар комитетінің төрағасы болды. Ал спортты жаны сүйетін бала Болат футбол, волейбол командаларының капитаны. Сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтында тәлім-тәрбие алғаннан кейін еңбек жолын 1971 жылы бұрынғы Көкшетау облысының құрамындағы Еңбекшілдер ауданынан бастады. Әскер қатарындағы міндетін өтеді. 1979 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің аппаратында қызмет етті. 1985 жылы Володар аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Міне, сол уақыттан бері тағдыр талайы Айыртаумен кіндіктес, жиырма жыл дәм осы жерден бұйырды. Аудан әкімінің орынбасары болып еңбек еткен кезде Айыртаудың ажарын көркейтуге күш салды. Аудандағы қоғамдық өмірге де белсене араласты. Өз жанына етене жақын ажарлы Айыртау өлкесінде жақсы ісінің сорабы әлі күнге дейін менмұндалап тұрады.
2005 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының орынбасары қызметтерін атқарды. Сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровтың бастамасымен құрылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына басшылық етті. 2009 жылы өзі жан-тәнімен сүйетін Айыртауына оралды. Айыртаулықтар Болат Шонұлының айрықша іскер қасиетін лайықты бағалай отырып, тұңғыш қоғамдық кеңестің төрағалығына тағайындады. Осы жерде жеті жыл еңбек етті.
Ең бастысы, елін сүйген кісілігі кемел, адамгершілік ажары көрікті Болат Шонұлы табиғат сыйлаған тамаша талантының арқасында киелі топырақтың көркеюіне бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсап, еңбек етті. Елі де осы бір жолында жүк қалмайтын нар азаматтың бағасын білетіндігі анық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.