Кешегі қилы заманда елін, жерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған бабаларымыздың ерлік істері бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге, мақтаныш. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың басында есімі елімізге белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетінін айтқан болатын.
Жошы хан – қазақ тарихының бастауында тұрған тұлға. Ұлт ұясы Ұлытау аймағындағы ұлы ханның киелі кесенесі – ұлыстың атасына деген құрметі іспеттес.
Жошы хан кесенесі туралы академик Қаныш Сәтбаев “Доисторические памятники в Джезказганском районе” атты зерттеу мақаласында: “Басқағыл тауының оң жағында, Кеңгір өзенінің жағасында күйдірілген кірпіштен соғылған, күмбезді, төртбұрышты көне үш кесене сақталған. Кесенедегі кірпіштің пішіні мен көлемі “алтынордалық стильге” жақын. Халық арасындағы аңызға сүйенсек, бұл кесенелер Алаша хан, Жошы хан және дәулескер күйші Домбауылға тиесілі екен” – деп жазады.
1946 жылы академик Әлкей Марғұлан Жошы хан кесенесіне алғаш рет археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, екі қабірдің орнын тапқан. Бірінші қабірде ағаш табыттың қалдықтары болған. Қазбаны жалғастырғанда қабірдің түбінен үстіңгі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі табылған. Сүйектерді жинастырғанда бір қолдың сүйектері жетіспейтіндігі анықталады. Қабірге орта жастағы ер адам жерленген, сонымен қатар жабайы жануар сүйектері, түйенің бас сүйегі, былғарының бөлшегі, мата және ту табылады. Ә.Марғұлан қабірге жабайы жануарлардың сүйегінің қойылуына аса мән беріп, бұл факті “Жошыны аң аулап жүргенде жабайы құландар өлтірді”, – деген тарихи деректерді негізге алады. Ғалым қабірден табылған археологиялық артефактілерді, аңыз-әңгімелер мен жазба деректердегі мәліметтерді салыстыра келе, бұл кесенедегі қабірлер Жошы хан мен оның әйелдерінің біріне тиесілі деген шешімге келіп, кесенені 1228 жылы, марқұмның жылдығына дейін тұрғызылған деп қортындылайды.
Жошы – Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы. Өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалдарын бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Ол алғаш 1207 жылы Орман жұртын қантөгіссіз бағындырады. 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы соғысқа, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалдарды басып алады. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысып, соғыстан кейін әкесінің ұсынысымен Қыпшақ даласын үлесіне алып, осында өз ұлысын қалыптастырады. Бұл тарихта “Жошы ұлысы” немесе “Қыпшақ хандығы” деп аталады. 1224 жылы Ертіс бойында өз Ақ Ордасының шаңырағын көтереді. Жошы қаншама қанды қырғындарға қатысқанымен табиғатынан ымырашыл, бейбітшілік сүйгіш адам ретінде танылады. Біздің Қазақ мемлекетінің хандары Жошының тікелей ұрпақтары. Қазақ тарихында Шыңғыс ханның төрт ұлының үлкені, “Ақсақ құлан” күйінің дүниеге келуіне түрткі болған тұлға – Жошы.
Жошының өмірбаяны және қолбасшылық, саяси қызметі туралы жеке мақалалар, зерттеулер жеткілікті.
Тарихи деректерге сүйенсек: біріншіден – Жошы ханның өмір тарихы туралы ортағасырлық тарихи деректерде, парсы тілінде жазылған Рашид-ад-Дин, Жузжани, Мұғин ад-Дин Натанзи, Казвини, Хайдар Рәзи, Әбілғазы Баһадүр хан еңбектерінен нақты мәліметтерді көруге болады.
ХІІІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Әбу Омар Минхадж ад-Дин Осман ибн Сирадж ад-дин әл-Жузжани 1260 жылы жазылған “Табанат-и-Насири” тарихнамасында: “Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді”, – деп жазса, ал Өтеміс қажының “Шыңғыснама” атты тарихи шығармасында “Жошы хан әулетінің тарихы” баяндалады.
Жошы – жолшы, жолаушы, қонақ деген мағынаны береді. Оның жолда дүниеге келгені, анасының ұзақ уақыт меркіт руы арасында тұтқын болғаны, сондықтан тегінің “күмәнді” екендігіне қатысты әртүрлі әңгімелер айтылады. Бұған дәлел ретінде ғалымдар Шыңғыс ханның меркіттермен соғысын алға тартады. Жошы ханның бұл тарихын Рашид-ад-Дин (1247-1318 жж.) “Жамиғат-тауарих” шығармасында: “Жошы хан Шыңғыс ханның ұлдарының арасындағы ең үлкені болатын. Шыңғыс ханның әйелі Бөрте ханым Жошы ханға жүкті өкілдері болды. Осы уақытта меркіт руы өкілдері ыңғайлы сәтті тауып Шыңғыс ханның үйін тонап, оның жүкті болған әйелін де тұтқынға алып кетті. Бұл ру осыған дейін керейіт патшасы Оң ханмен дұшпан болып, дауласып келген болса да, сол кезде олардың арасында бейбітшілік орнаған еді. Сондықтан олар Бөрте ханымды Оң ханға жіберді. Ол Шыңғыс ханның әкесімен екеуі анда болғандықтан әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, Бөрте ханымды сыйлайтын әрі құрмет ететін” – деп баяндайды.
Зардыхан Қинаятұлы “Қазақ мемлекеті және Жошы хан” атты монографиясында Жошы Ұлысынан бастау алған Қазақ мемлекеті Ақ Ордадан басталатынын дәлелдеп көрсеткен. “Алтын Орда ыдырағанда оның қабырғасынан жеті мемлекет (Қазақ хандығы, Москва мемлекеті, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Қасым хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ордасы) бой көтереді. Солардың ішіндегі дербес мемлекет ретінде өзін сақтаған жалғыз мемлекет – Ақ орданың ізбасары Қазақ мемлекеті. Сондықтан Қазақ мемлекеті Жошы Ұлысының басты мұрагері болып табылады”, – деп қорытынды жасаған.
Қытай ғалымдары біршама еңбектер жазып қалдырған. Солардың ішінен Н.Мұқаметханұлы Юань мемлекетінің жылнамашысы “Юань Шиде” Жошы туралы жеке тарау бар деп келтіреді.
Бірақ әкесі Шыңғыс хан, қаған інілері Өгөдей, Мөңке, Құбылай, өзінің әйгілі ұлы Батый ханмен салыстырғанда Жошы жайлы жазылған материалдар тым көп емес. Оның да өзіндік себебі бар. Моңғолдар Жошыны жаттан туған деп шет қақпайлап келгендіктен аса көп жазбаған. Жошы Құбылай сияқты Қытайды, Батый хан сияқты Еуразия кеңітігін билеген жоқ. Оның аз жылдық ғұмыры Қыпшақ (қазақ) даласында өтеді. Әмір Темір, Шахрух туралы мауереннахрлықтар, Батый хан туралы орыс шығыстанушылары жазған. Жошы туралы орта ғасырларға тән жазба дерек те аз. Тек ортағасырлық Қадырғали Жалайыр, біздің тұңғыш ғалымдарымыз Ш.Уәлиханов, М.Тынышпаев, Ә.Марғұлан еңбектерінде Жошы туралы үзік-үзік мәліметтер кездеседі.
Жошы еліне сіңірген еңбегі, қайрат, қажырлығы жағынан інілерінің ешқайсысынан кем түспеген. Жошының ұлы Батый ханның империяға сіңірген еңбегі зор. Жошы Шыңғыс хан ұлдарының тұңғышы, Батый немерелердің (Орда Еженнен кейін) үлкені бола тұра әке орнын тұңғыш ұл басатын шығыс салты үзіліп қалады. Жошыны меркіт тұқымы деген желеумен Шағатай мен Жошы, кейін олардың ұрпақтары өзара жауласып өтеді. Шыңғыс әулетінен шыққан белгілі тұлғалар Ике Өтөгте (хан қорығы) жерленетін өсиет, салт бола тұра Жошы әулетінен бірде-бір адам онда жерленбеген.
“Моңғолдың құпия шежіресі”, Рашид-ад-Дин “Юань Ши” сияқты еңбектерде Жошының туған жылы көрсетілмейді. Өйткені бұлардың барлығы Шыңғысхан идеологиясының әсерінде жазылған дүниелер.
Жошының туған жылын айғақтай алатын нақты дерек қалдырған жалғыз еңбек – ол Саган Сэцэннің 1663 жылы жазылған “Эрдэнийн товч” (Асыл түйін) тарихы. Автор онда “Тэмужин сарғыш ит жылы (1178) 17 жасында Бөртемен бас қосқан екен” деп жазады.
Жоғарыда айтылғандарға қарағанда, Жошының жалпы тарихтан алатын орны белгілі. Ал қазақ үшін Жошы кім? Қазақ тарихында қандай орынға ие? Енді осы мәселеге тоқталсақ. Тарих әркімге тиісті бағасын береді. Айталық, Шыңғыс ханның Еуразияны бағындыруда Жошының және оның ұрпақтарының атқарған істерінің қазақ ұлтының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуына белсенді рөл атқарғандығын қалай жоққа шығармақпыз. Біз тарихи оқиғалардың қоғамдық тарихтың процессіне тигізген әсеріне назар аударуымыз керек.
Шыңғыс ханның шапқыншылығы мен оның ұрпақтарының ел үшін еткен еңбегін бір-бірінен ажырату үшін қазақ тарихының моңғол дәуірін екі кезеңге бөліп қарастыру қажет.
Біріншісі – жаулап алу кезеңі. Бұл кезең 1218 және 1224 жылға дейін созылады. 1218 жылы Жебе қолы Күшілік ханды өлтіріп, Ертіс, қазіргі Қазақ Алтайы, Іле, Жетісу бойында салтанат құрып тұрған Ляо (қарақытай) әулеті билігін жойып, қазақ жерінің көлемді бөлігін бағындырады. Нәтижесінде Хорезмге жол ашылып, 1219 жылы моңғол қолы еш қарсылықсыз Отырарға жетеді. 6 жылға созылған шабуыл Орталық Азияда ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік өркениетке, жергілікті халыққа үлкен қасірет әкеледі.
Екінші кезең – Шыңғыс ханның ұрпақтары Орталық Азияда әрқайсысы өз иелігіндегі елдің, жерінің іргесін бекітіп, дамыту үшін жүргізген жанкешті күресімен айшықталады. Екі кезеңдегі алға қойылған мақсат пен атқарған міндеттер бір-біріне ұқсамайды. Оны атқарушылар біздің отандық тарихымызда “Моңғол ұлыстарының билік құрған дәуірі”, – деп атайды. Бұл кезеңнің басында Жошы ханның өзі тұрады. Ол бұрын Қыпшақ атанып келген жергілікті Түркі-қазақ тайпалары негізінде өз ұлысын құрады. Ертіс бойында ұлыстың Ақ Ордасының шаңырағын көтереді. Орданың территориясы Ертістен-Еділ, Ұлытаудан-Қаратал, Төменге дейін, оңтүстігі Сыр бойы Сауран, Барчыкентке дейінгі аумақты алып жатады. Ұлыстың бас билігі Шыңғыс хан әулетінің қолында болғанымен дәстүрлі қазақ қоғамының ру – тайпалық жергілікті билік жүйесі, халықтың тіл, мәдениетіне түпкілікті өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше Жошы ұрпақтары 2-3 буыннан кейін өздері түркі-қазақ болып кетеді. Ақ Орда іс жүзінде Жошы, оның ұрпақтары билігіндегі Қазақ мемлекеті болатын. Жошы дүниеден өткеннен кейін Жошы ұлысы әскери екі қанатқа бөлінгенде Ақ Орда Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің басшылығында өзіндік дербес билігін сақтап қалады.
Жошы 1225 жылы 47 жасында дүниеден өтіп, ұлыс билігі екінші ұлы Батудың қолына көшеді. Ол 1256 жылға дейін басқарды. Одан кейін Батудың ұлдары Сартақ пен Ұлақшы аз ғана уақыт билік құрса, 1257-1266 жылдары Берке ел биледі. Бұл кезеңді Жошы ұлысының еңселі дәуірі дейді тарихшылар. Одан кейін Мөңке-Темір 14 жыл, Тұла-Бұқа 4 жыл, соңында Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандар кезектесіп билік басына отырды. Бұл билеушілерді тарихшылар Жошының өз ұрпағынан шыққан хандар деп есептейді.
Зылыйха БИМАХАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих кафедрасының профессоры.