Петропавлда былтыр мамандар 80 нысанға мониторинг жүргізіп, заң бұзудың 30 дерегін анықтады. Қатеге жол бергендер ескертумен ғана шектелген.
Петропавлдағы кей сауда орындарындағы көрнекі ақпарат бір жөнге келмей қойды. Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданының тұрғыны Жайнагүл Темірханованың айтуынша, кей аудармаларды көріп, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
“Стақанды “шыныдан рахаттаныңыз” деген аударманы көзім шалып қалды. Көре салысымен сауда орталығының әкімшілігіне ескерттім. Бірақ сөзімді тыңдаған адам болмады. Мұндай қателер өріп жүр. Көрген сайын көңілім құлазиды. Сауда үйлері қызметкерлерінің басым бөлігі өзге этнос өкілі. Олар байыбына бармай, арнайы қосымшалар арқылы аудара салады. Ешкім тексеріп жатқан жоқ”, – дейді Петропавл тұрғыны Жайнагүл Темірханова.
Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттың дұрыс жазылуын қадағалау Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құзіретінде. Мамандардың айтуынша, мониторинг жүргізіледі, әдістемелік және түсіндіру жұмыстары да қолға алынған.
“Жуырда “Северный” сауда желісіндегі көрнекі ақпарат мәтіндеріне мониторинг жасалды, мамандар анықталған қателерді түзетіп жатыр. Жалпы олқылықты жоюға 30 күн мерзімінде уақыт беріледі. “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңның 21-бабына сәйкес хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға белгілері, мәзірлер, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс немесе басқа тілдерде көрсетіледі. Мониторинг барысында байқағанымыз – негізінен мәтіндер тек орыс тілінде орналастырылады немесе аудармалар сөзбе-сөз мағынада қолданылады”, – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Сеңкібаев.
Көрнекі ақпаратты тексеруге мониторинг жыл бойы жүргізіледі. Былтыр мамандар 80 нысанды қамтып, оларда заң бұзудың 30 дерегін анықтаған. Одан бөлек тұрғындардан 18 өтініш келіп түскен. Бүгінде қателіктердің бәрі түзетіліпті.
“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы, 3-тармағына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін ескерту беріледі, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 10, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда бүгінгі күні әкімшілік айыппұл салу алгоритмі бекітілмеген, сондықтан бұл құқық нормасы қолданылмайды. Осыған байланысты Петропавл әкімдігі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасына, қалалық прокуратураға түсіндіру туралы хат жолдады”, – дейді Руслан Сеңкібаев.
Биыл тіл бөлімі мамандары “Достық молл”, “Сити молл”, “Рахмет”, “Тайга” сауда орталықтарында, “Айсберг”, “Океан”, “Семейный”, “От и до”, “Сокол”, “Еуразия базары”, “Алтын арман”, “ТДК” сауда үйлеріне және Жамбыл, Интернационал, Букетов және Назарбаев көшелеріне мониторинг жүргізуді жоспарлаған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.