«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИЛЕР ЖҮЗІНДЕГІ ШУАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыздың келуімен бірге елімізде мейірім мен махаббаттың мерекесі саналатын Алғыс айту күні аталып өтіледі. Айтулы күнге орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасына “Солнечный дом” қоры көмек көрсетіп келе жатқан ұл-қыздар қатысты.

Мерекелік кеште кітапхана қызметкерлері келген меймандардың көңілін көтеріп, қуаныш сыйлауға тырысты. Ертегі терапиясы – жас көрермендердің жүрегіне жол табудың бірден-бір жолы. Сондықтан да балалар үшін “Бақыт іздеген есек” ертегісі қойылды. Онда жақындарға қамқор болу, басқалармен тату-тәтті тұру туралы айтылды. Балғындар интелектуалды ойындар мен түрлі жарыстарға да белсенді қатысты.

Шара соңында шығармашыл балалар өз қолдарымен гүл шоқтарын жасады. Кішкентайлар өз қолдарынан шыққан кәдесыйларын аналарына сыйлады.

Алғыс айту күні – айналадағыларға жылы сөз айтып қоймай, жанашырлығымызды ізгі ісімізбен көрсететін күн. Мерекеде қамқорлығымызды көрсету үшін жақындарымызға асығатынымыз да содан. Біреуге жақсылық жасаған адам өзі де алғысқа бөленіп, мерейі өседі. Мереке қарсаңында уақытымызды балаларға арнап, олардың өмірінің бір сәтін қуанышқа бөлеуге тырысқанымыз да сондықтан.

Шара соңында барлық балаларға шығармашылыққа арналған құрал-жабдықтар сыйға тартылды. Қайырымдылық шарасының өтуіне қалалық мәслихаттың депутаты, “SAB BARAKAT” компаниясының директоры Нұртаза Ғұмар демеуші болды.

Динара ҚАРАТАЕВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp