Соңғы кездері импорттық тұтыну тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне, әсіресе халықаралық стандарттар нормаларына сәйкес келмейтіні жайлы жиі айтылып жүр. Оны департаментке түсіп жатқан арыз-шағымдар мен телефон қоңыраулары да айғақтайды. Уақыт өткен сайын Қазақстанның шетелдермен сыртқы сауда-экономикалық ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Шетелдік өнім өндірушілер үшін жан-жақты мүмкіндіктер тудырылған. Мұның өзі, яғни өнім импортының тұрақты өсу үрдісі тұтыну нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі алаңдаушылық туғызып отыр.
Еліміздің тамақ өнеркәсібі – халықтың саны мен қажеттілік бойынша толыққанды азық-түлік себетімен қамтамасыз етуге арналған экономиканың стратегиялық салаларының бірі. Жасыратыны жоқ, көптеген азық-түлік өнімдері ішкі нарыққа шетелдік өндірушілерден келеді. Сондықтан сапасыз тауарлардың жөн-жосықсыз ағылуына тосқауыл қою, алдын алуды ойластыру өте маңызды. Бұл орайда тұтыну нарығын қауіпті тауарлардан қорғау жүйесінің негізгі шараларының бірі тауарлардың белгіленген талаптарға толық сәйкестігі болып табылады. Жергілікті азық-түлік нарығындағы тауарлар мен қызметтердің еркін айналымында тұтынушылық сұранысты қанағаттандырудың нарықтық тетіктері тиімді қолданылады. Нарықтық инфрақұрылымдар мен бәсекелестік ортаны қалыптастыру негіздері қаланған. Бірақ тұтыну нарығын импорттық өніммен жаппай толтыру жұртшылықтың арзан, сапалы тауарларға деген сұранысын өтейді деген ұғымды білдірмесе керек. Мәселенің мәнісіне үңілсек, қаржылық мүмкіндіктері төмен тұтынушыларды бірінші кезекте өнімнің бағасы қызықтырары сөзсіз. Импорттық арзан өнімдер нарықта үстем жағдайға ие болып, отандық жоғары сапалы тауарларды еріксіз ығыстыратын жайттар аз кездеспейді. Осы себепті ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет қойған басты міндеттердің бірі болып табылады. Ол үшін азаматтық қоғам, үкіметтік емес бірлестіктер, БАҚ, жалпы тұтынушылар бірігіп, сапасыздыққа қарсы күресе білсе, кез келген қиындықты еңсеруге болады.
Десек те, сапалы және қауіпсіз өнімді қалай сатып алуға болады деген мәселе әрқайсымызды ойландырары анық. Тұтынушының көзқарасы бойынша сапа оның қажеттіліктерін қанағаттандыратын сипаттамалардың жиынтығы секілді. Өкінішке қарай, бұл талап сатып алушының ұстанымымен сәйкес келе бермейді. Кез келген өнімді таңдағанда алдымен таңбалауға зер салу керек. Сақтау, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату шарттары, дайындау (өндіру және пайдалану) қолдану тәсілі, дайындау (өндіру) күні, энергия тұтыну (энергия тұтыну жабдығы үшін), жарамдылық мерзімі, массасы, көлемі сияқты өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама сипаттайтын мәліметтер көрсетілуі тиіс. Мұндайда өнімнің жекелеген түрлерін таңбалауға қойылатын талаптар да жете ескеріліп, қаптамада (ыдыста) және (немесе) затбелгіде, құжаттарда, жадынамаларда (қосымша парақтарда, ақпараттық парақтарда) қоса беріледі. Тұтынушыға арналған ақпарат және таңбалау мәтіні мемлекеттік, орыс тілдерінде жазылып, өнімнің әрбір бірлігінде (қаптамада, ыдыста), затбелгіде, жапсырмада, құжаттарда, жадынамаларда (қосымша парақтарда, ақпараттық парақтарда) оқуға (танысуға) ыңғайлы жерде орналастырылады. Өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттар тауардың түріне байланысты болады (декларация, сертификат, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық сертификат, пайдалану құжаттары, сапа паспорттары, т. б.).
Екіншіден, кез келген тұтынушы сатушыдан аталған құжаттарды талап етуге, заңды уәж орындалмаған жағдайда өнімді сатып алудан бас тартуға толық құқылы. Сапасыз өнім ұсынылса (таңбалау жоқ немесе сәйкес келмесе, ақпарат мемлекеттік тілде толтырылмаса, декларация немесе сертификаттың дұрыстығына күмән туса, т.б.) дереу уәкілетті органдарға жүгінген жөн.
Екатерина ПАРШИНА,
техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің бас маманы, мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспекторы.