«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір мектебі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдыңғы толқын ағалардың ішінде өміршең өнегесімен, тамаша тағылымымен кейінгі ұрпаққа әдемі мысал болатын тұлғалар болады емес пе? Соның бірі кісілік келбе­тімен, ішкі мәдениетінің мықтылығымен жаныңды баурап алатын Болат Рахимов.

Былтыр Алаштың айтулы тұл­ғасы, ән өнерінің жауһары Ақан серінің туғанына 180 жыл толуы қарсаңында Болат Шон­ұлынан маза кеткен. Күнара қо­ңырау шалады. Сауалы – ел жақ­та не болып жатыр? Кіндік қаны Көкшетау қаласында там­са да саналы ғұмырының талай жылын өткізген Айыртауын “өз елім, өскен жерім, қызмет еткен қасиетті мекен” деп әрдайым ет жүрегі елжіреп тұрады. Осы кие­лі топырақтың әр пұшпағы, Ақан сері ән салған, жел жетпес тұл­пары – Құлагерінің дүбірі қалған Сырымбеттің сай-саласы жан дүниесіне соншалықты жақын, соншалықты қымбат. Ал Ақан сері тойы өз алдына, сері есімі­нің ел есінде қалуына сіңірген еңбегі бір төбе. Алдымен Ақан сері ауылына. 150 жылдық тойы қарсаңындағы қарбаласты көзі­міз көрген. Осы тойдың бары­сында салынған жаңа ауылдың жасампаз, салтанатты бейнесі әлі есімізде.

– Бұл тойға аттай он жыл бойы дайындалдық. Ол кезде біздің ауданда уран кені өнді­рілетін. Орталығы Степногрск қаласында. Тау-кен басқармасы­ның басшыларын, Мәскеу­ден осы саланың министрі Ко­ва­левты шақыртып, қыруар жұ­мыс атқарғанбыз. Кеңес зама­нында да далада шашылып жат­қан ақша жоқ, ойға алған ша­руамыз үлкен қиындықпен атқа­рылған. Кеңащыға 22 коттеджді сол ұйым салып берді, ал қал­ған 42 коттеджді ауданның бар­лық кеңшарлары жұмыла кө­терді. Ол кезде коттедж дегеніңіз кі­сінің түсіне енбейтін жай бола­тын. Қияндағы Кеңащы түгіл ау­дан орталығында, аудан орта­лығыңыз не, облыс орталығы Көк­шетауда да ырымға бір кот­тедж жоқ еді, – дейді Болат Шон­ұлы, – аудандық партия комите­тінің бірінші хатшысы Болат Кө­шімбаевтың табанды еңбегінің арқасында біз ел азаматтары­мен бірлесе отырып, ажарынан ай жасқанатын сәулетті ауылды салып шықтық. Жай ауыл емес, Ақан ауылы, серінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ. Әуелі 1993 жылы осы ауылға асфальт жамылғымен қапталған жол тарттық. Ал коттедждерді қара­ңызшы, бір-біріне ұқсамайтын архитектураның сол кездегі ең үздік үлгілерін пайдалана оты­рып салған дүниелер және бар­лығы бір жылу орталығына қо­сылған. Әрбір үйге орталықтан­дырылған су жүйесі тартылды. Ал ескерткіш өз алдына бір жыр. Жел жетпес жүйрік пырағы – Құлагердің үстінде, қолында бауырына қымтай қысқан дом­бырасы, соңында қасқырды қы­надай қырған Басарала төбеті, ертоқым үстіндегі тұғырда көк аспанның патшасы – Қаратор­ғайы. Бәрін біртұтас етіп қола­дан құйғыздық. Кешегі кеңес за­манында қазақ өнерін, өнер ие­лерін кім керек қылды дейсіз? Ақан серінің жамбасы тиген жерді де кейін анықтадық қой. Анықтаған соң басына зәулім күмбез тұрғыздық.

Осы іске ел жұмыла қолдау көр­сетті. Ұйымдастырушылар қатарынан сол кезде аудандық пар­тия комитетінде қызмет істе­ген Кенжеғали Мұқатаев, Қа­дыр­жан Әубәкіров, Елемес Қа­лиев, Көшек Сәменов тәрізді азаматтарды айта кетуге бо­ла­ды. Құрылыс өз алдына, идео­логиялық жұмыстарға көп көңіл бөлінді. Ақан сері тойы ел еңсе­сін көтерген республикадағы ал­ғашқы тойлардың бірі болған­дығы анық.

Болат ағаның бойындағы бір­беткейлік жаратылыстың сыйы. Үнемі жараулы аттай жинақы, қынабынан суырылған қылыш­тай өткір күйінде жүретін абзал аға көкейіне лықсып келген сөз­ді бүгіп қалған емес. Бәлкім “тура айтқан туғанына жақпай­ды” дегендей, әлдекімдер ұнат­пауы да мүмкін. Әйтсе де, сүйе­гіне сіңген қасиет осы. Анасы Жаң­ыл Шаймұханбетқызының таңғы шықтай мөлдіреген ақ ма­хаббаты мен тәлімді тәрбиесін жиі есіне алады. Атам қазақта “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дейтін астарында кәтепті қара нарға жүк болар сөз бар. Ел қамын жеген пейіл, туған жер­ге деген ыстық махаббат қара шаңырақтағы тәлім-тәрбие алып, қалыптасқан мінез. Әсі­ресе, майдангер әке Шонның тәрбиесі өзгеше еді. Кішкентай Болатты Омбы қаласына оқуға жіберген. Алтыншы-жетінші сы­ныпты сонда оқыды. Оқушы бала қиындық та көрді. Бірақ ол қиындық шарболаттай мығым баланы жасыта алмады, қайта ширата түсті. Мектепте жүрген­нің өзінде алғыр еді. Оқушылар комитетінің төрағасы болды. Ал спортты жаны сүйетін бала Болат футбол, волейбол коман­даларының капитаны. Сол кез­дегі Целиноград ауыл шаруа­шы­лығы институтында тәлім-тәрбие алғаннан кейін еңбек жо­лын 1971 жылы бұрынғы Көкше­тау облысының құрамындағы Еңбекшілдер ауданынан баста­ды. Әскер қатарындағы міндетін өтеді. 1979 жылы Көкшетау об­лыстық партия комитетінің ап­па­ратында қызмет етті. 1985 жылы Володар аудандық атқару комитеті төрағасының орынба­сары болып тағайындалды. Міне, сол уақыттан бері тағдыр та­лайы Айыртаумен кіндіктес, жиырма жыл дәм осы жерден бұйырды. Аудан әкімінің орын­басары болып еңбек еткен кез­де Айыртаудың ажарын көр­кей­туге күш салды. Аудандағы қо­ғамдық өмірге де белсене ара­ласты. Өз жанына етене жақын ажарлы Айыртау өлкесінде жақ­сы ісінің сорабы әлі күнге дейін менмұндалап тұрады.

2005 жылы Солтүстік Қазақ­стан облыстық құрылыс басқар­масының, облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасы бас­шыларының орынбасары қыз­меттерін атқарды. Сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұровтың бастама­сымен құрылған тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы бас­қармасына басшылық етті. 2009 жылы өзі жан-тәнімен сүйетін Айыртауына оралды. Айыртаулықтар Болат Шонұлы­ның айрықша іскер қасиетін лайықты бағалай отырып, тұң­ғыш қоғамдық кеңестің төраға­лығына тағайындады. Осы жер­де жеті жыл еңбек етті.

Ең бастысы, елін сүйген кісі­лігі кемел, адамгершілік ажары кө­рікті Болат Шонұлы табиғат сыйлаған тамаша талантының арқасында киелі топырақтың көркеюіне бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсап, еңбек етті. Елі де осы бір жолында жүк қалмайтын нар азаматтың баға­сын білетіндігі анық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp