«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көрнекі ақпаратта қате көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда былтыр мамандар 80 нысанға мониторинг жүргізіп, заң бұзудың 30 дерегін анықтады. Қатеге жол бергендер ескертумен ғана шектелген.

Петропавлдағы кей сауда орындарындағы көрнекі ақпарат бір жөнге келмей қойды. Облыс орталығындағы “Береке” ша­ғынауданының тұрғыны Жайна­гүл Темірханованың айтуынша, кей аудармаларды көріп, не кү­леріңді, не жыларыңды білмей­сің.

“Стақанды “шыныдан рахат­таныңыз” деген аударманы кө­зім шалып қалды. Көре салысы­мен сауда орталығының әкімші­лі­гіне ескерттім. Бірақ сөзімді тыңдаған адам болмады. Мұн­дай қателер өріп жүр. Көрген сайын көңілім құлазиды. Сауда үйлері қызметкерлерінің басым бө­лігі өзге этнос өкілі. Олар байы­бына бармай, арнайы қосымша­лар арқылы аудара салады. Еш­кім тексеріп жатқан жоқ”, – дейді Петропавл тұрғыны Жайнагүл Темірханова.

Сыртқы жарнама мен көрне­кі ақпараттың дұрыс жазылуын қа­дағалау Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді да­мыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің құзіретінде. Ма­мандардың айтуынша, монито­ринг жүргізіледі, әдістемелік және түсіндіру жұмыстары да қолға алынған.

“Жуырда “Северный” сауда желісіндегі көрнекі ақпарат мә­тіндеріне мониторинг жасалды, мамандар анықталған қателерді түзетіп жатыр. Жалпы олқылықты жою­ға 30 күн мерзімінде уақыт бе­ріледі. “Қазақстан Республика­сын­дағы тіл туралы” Заңның 21-бабына сәйкес хабарланды­рулар, жарнама, прейскурант­тар, баға белгілері, мәзірлер, көр­сеткіштер және басқа да көр­некі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс не­месе басқа тілдерде көрсе­ті­леді. Мониторинг барысында байқағанымыз – негізінен мәтін­дер тек орыс тілінде орналасты­рылады немесе аудармалар сөз­бе-сөз мағынада қолданыла­ды”, – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді да­мы­ту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рус­лан Сеңкібаев.

Көрнекі ақпаратты тексеруге мониторинг жыл бойы жүргізіле­ді. Былтыр мамандар 80 ны­сан­ды қамтып, оларда заң бұзудың 30 дерегін анықтаған. Одан бө­лек тұрғындардан 18 өтініш ке­ліп түскен. Бүгінде қателіктердің бәрі түзетіліпті.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы, 3-тармағына сәйкес деректеме­лер мен көрнекі ақпаратты ор­наластыру жөніндегі талаптар­ды бұзғаны үшін ескерту бері­леді, ал әкімшілік жаза қолда­нылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне не­ме­се коммерциялық емес ұйым­дарға – 5, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 10, ірі кәсіпкер­лік субъектілеріне 25 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда бү­гінгі күні әкімшілік айыппұл салу алгоритмі бекітілмеген, сондықтан бұл құқық нормасы қолда­нылмайды. Осыған байланысты Петропавл әкімдігі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасына, қалалық прокуратураға тү­сіндіру туралы хат жолдады”, – дей­ді Руслан Сеңкібаев.

Биыл тіл бөлімі мамандары “Достық молл”, “Сити молл”, “Рахмет”, “Тайга” сауда орталық­тарында, “Айсберг”, “Океан”, “Се­мейный”, “От и до”, “Сокол”, “Еуразия базары”, “Алтын ар­ман”, “ТДК” сауда үйлеріне және Жамбыл, Интернационал, Букетов және Назарбаев көше­леріне мониторинг жүргізуді жоспарлаған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp