Петропавлда қысқы спорт түрлерінен “Ақшақар” спартакиадасы басталды. Мектеп оқушылары арасындағы облыстық додаға аудандық іріктеу кезеңінен өткен 1300 бала қатысуда.
Өңірлік жарыс басталмас бұрын облыстың 13 ауданында іріктеу кезеңдері өтті. Оған 10 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты. Үздіктерден құралған командалар Петропавлда жиналды.
Қысқы спартакиада 10 спорт түрінен ұйымдастырылып жатыр. Мектеп оқушылары шаңғы тебу, президенттік көпсайыс, спорттық бағдарлау, конькимен жүгіру, шайбалы және допты хоккейден мықтыны анықтамақ. Сондай-ақ биыл жарыс бағдарламасына шахмат, үстел теннисі мен футзал енгізілді.
Жарыс қорытындысы бойынша облыс оқушыларынан өңір құрамасы жасақталады. Өңірлік кезеңде жеңіске жеткендер республикалық гимназиадаға қатысуға мүмкіндік алмақ. Өткен жылы ел көлемінде өткен сында теріскейлік балалар жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Биыл да кем дегенде осы межені бағындыру міндеті тұр.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.