Облыс орталығындағы балық өсімбағында алдағы маусымда су көздеріне шабақтарды жіберуге дайындық жүргізілуде. Көктемде Петропавл және Сергеев су қоймаларына 36 миллионнан астам шабақ жіберу жоспарда бар. Бүгінде уылдырықтар инкубация цехында енді-енді дамып жатыр. Бірнеше айдан кейін дернәсілдер кішкентай шабаққа ұқсап, сәуір айында табиғи ортасына жіберіледі.
– Бүгінде инкубация процесі жүріп жатыр. Уылдырықтың кішкентай шабаққа айналуы үшін 180 күн керек. Былтыр 140 миллион уылдырық дайындалды. Бұл жұмыстар Ақмола облысы мен өз өңіріміздегі су айдындарында жүргізілді. Мұнда дернәсілдердің дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұндағы бір құтыда 1 млн. уылдырыққа дейін бар. Уақыт өте келе оларды іріктеп, әлсіздері мен ұрықтанбағандарын алып тастап отырамыз. Мамандар балықтың дамуын күнделікті 24 сағат бақылап отырады. Қазір бөлменің ішінде температура 4 градус болса, құтының ішінде одан да салқын. Бұл балықтардың жақсы жетілуі үшін қажет, – дейді инкубация цехының меңгерушісі Анастасия Молоткова.
Жыл сайын өңірде су айдындарына шабақ жіберу үшін 100 млн. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Биыл шабақ өсіретін мекеменің ашылғанына 60 жыл толып отыр.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.