«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ізгілік мерекесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз осымен алтыншы жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтпек. Жыл сайын аталған мерекенің ауқымы ұлғайып, салмағы артып келе жатқаны байқалады. Жұртшылықтың өткенге үңіліп, тарихи оқиғалардан тағылым алуы маңызды. Алғыс айту күні – бірлігімізді нығайтып, ұлттық болмысымызға оралуға сеп болатын мәні терең мерекелердің бірі.

Алғыс айту күні әлем елдерінде бұрыннан бері аталып өтіліп келе жатыр. Шетелдерде бұл күн ұлттық дәстүрге айналып үлгерген. Ондағы мақсат – бірлік пен татулықты нығайтып, адамдарды бір-бірімен жақындастыру, тарихи сананы жаңғырту. Қарт тарихтың қатпарына үңілген әр жан өткен күннің сырына қанығып, небір сезімді бастан өткерері анық. Әсіресе XIX-XX ғасырлар халқымыз үшін үлкен өзгерістер мен айтулы оқиғаларға толы болды. Халықтың тұрмысы түбегейлі өзгеріп, қоғам өмірі мүлде басқа бағыт алды. Осындай қиын сәттерде басқаларға жанашырлықпен қарап, бауырына басып, қонақжайлық танытқан қазақ халқына айтылар алғыс мол. Империялық көші-қон саясатының әсерімен, ұжымдастыру, өнеркәсіп кәсіпорындарын салу үшін елге келген переселендер, шаруалар мен еңбек адамдары кең даладан қоныс тауып, ұрпақ өсіріп, тамыр жайып кетті. Алғыс айту күні осының бәрін еске алып, бір-бірімізге ризашылық білдіріп, достығымызды нығайтатын игі мереке.

Алғыс айту күні – елдегі бірлік пен татулықты нығайтуды мақсат еткен Қазақстан халқы ассамблеясы үшін де айтулы күн. Ассамблея жұмысы қазақ халқының біріктіруші орнын пайдалана отырып, патриотизмді нығайту, рухани-мәдени бірегейлікті жетілдіруге бағытталған. “Ассамблея туралы” Заңның 5-бабында адамды шығу тегі, нәсілі, ұлты, жынысы, діни ұстанымы, әлеуметтік жағдайына қарап кемсітуге жол берілмеуі керектігі туралы жазылған. Мұның бәрі кешегі бабаларымыздан қалған өсиет сынды. Қазақ халқы өзінен жәрдем сұраған жұрттың бәрін бауырына басып, шығу тегіне қарамастан тең санап, аяққа тұруына көмектесті. Тіпті аштық, соғыс жылдарында да халқымыздың пейілі бұзылған жоқ. Кезінде қазаққа кірме болып, кейін бір рулы елге айналған, көпке сіңіп кеткендер жайлы аңыз-әңгімелер де ауыз әдебиетінде көп.

Осы күнгі ассамблея жұмысы тек бірлікті нығайтуды ғана емес, медиация институты, қайырымдылық, тіл үйрету салаларын да қамтиды. Ассамблея – этносаралық қарым қатынасқа, мемлекеттік тілдің қолданылуына мониторинг жүргізетін мультимәдениетті орган. Ассамблея қабырғасында тұрақты түрде түрлі семинар, конференциялар ұйымдастырылып тұрады.

Ассамблея мүшелері жыл сайын екі мерекені асыға күтеді. Бірлік күні мен Алғыс айту күндерін атап өтуде аталған ұйым ынтызарлықпен атсалысады. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Кейін 2016 жылы Алғыс айту күнінің де дәл осы күнге белгіленуі осыдан. Бұл күн ел бойынша аталып өтілетін мерекелер тізіміне енген. Мерекеде барлық этнос өкілдері бас қосып, қазақ халқына қонақжайлығы мен қолдауы үшін алғыс айтады, соңғы бір ғасырда ел басынан өткен оқиғаларды жаңғыртады.

2014 жылы өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын қамтамасыз ету үшін “Қоғамдық келісім” КММ құрылды. Өткен жылы “Қоғамдық келісім” мекемесі 242 іс-шараның өтуіне мұрындық болды. Оған 30 мыңнан астам адам қатысты.

Осы күні облыстық ассамблея құрамына 28 этномәдени бірлестік кіреді. Оның 24-і қоғамдық акредитациядан өткен. Оның ішіне славян, орыс, украин, казак, белорус, тәжік, әзірбайжан, татар, башқұр, армян, күрд, түрік, неміс, шешен, ингуш, еврей, поляк, корей, қырғыз этномәдени бірлестіктері кіреді. Бұл бірлестіктерде дәстүр мен тарихты сақтау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған бірлестіктерден бөлек, аудандарда жұмыс істейтін 180 орталық бар. Сонымен қатар ассамблея құрамында 12 құрылымдық бөлімше жұмыс істейді. Аудан деңгейінде ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, медиация кабинеттері ашылған. Облыстық ассамблея биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспарын жасады. Оның ішіне бірлестіктер, бөлімшелердің қатысуымен өтетін 160 шара бар. Шаралардың бір бөлігі Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылады. Бір жылға белгіленген басқосулардың біразы “Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт”, “Қазақтану”, “Ассамблея жастары” жобалары аясында жүзеге асады.

Әр уақытта Қазақстанға түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұжымдастыру уағында жерімізге 250 мыңнан астам шаруа келген екен. Кеңес заманында өндіріс нысандарын салу үшін одақтың әр бұрышынан 1,2 млн. адам қоныс аударғаны жөнінде деректер бар. Соғыс уақытында да даламызға қиындық көрген талай адам келіп пана тапты. Осындай көшіп-қону өткен ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Қазақ даласына келгендердің арасында күштеп көшірілген аз ұлттардың өкілдері де көп еді. Олардың бәрі қазақ халқының қамқорлығын көріп, аяққа тұрды. Бұл оқиғалардың бәрі Солтүстік Қазақстан даласын да айналып өткен жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген сұхбатында тарих біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сондықтан да ертеңге сеніммен қарау үшін өткенімізді еске алып, жадымыздан шығармауымыз керек. Алғыс айту күнінде түрлі этностардың қазақ халқына, оның дархан пейілі мен қонақжай көңіліне, кең даласы мен ашық аспанына алғыс айтатыны да содан.

Алғыс айту күні тек бірлік пен берекенің ғана емес, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Көктемнің алғашқы күні бәріміз жақындарымызға, туған-туыстарымызға, достарымызға, аға буын мен келер ұрпаққа алғысымызды білдіреміз. Айналадағыларға жылы сөздер айтып, жақсы істер істеуге тырысамыз. Мұның бәрі адамдардың арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, достық, туыстық, татулық, бірлік, жанашырлық құндылықтарының берік орнауына әсер етеді.

Болат БАЗАРБАЕВ,

“Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp