«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Конституция­сын­да бекітілген жазаның бұлтартпас қағида­сына сәй­кес, қылмыс жасаған адам жазаға тарты­лады неме­се қылмыстық заңда көзделген өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары қол­данылады. Қыл­мыстық іске қатысы бар жандар­дың қылмыстық жауапкершіліктен жалтару­дың түрлі айла-шар­ғы­ла­рын ойластырып, тіпті басқа мемлекет аумақта­рын паналауға үміт­те­ніп, елден жырақ кетуге тырысатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Алайда басын қанша жерден ала қашса да, “қолмен істегенді мойынмен көтеруіне” тура келеді. Ерте ме, кеш пе, ұсталары сөзсіз. Өйт­кені күдіктіні, сотталушыны немесе сот­талған адамдарды іздеу заң нормаларында жан-жақты қарастырылған.

Шет мемлекетте іздестіріліп жатқан қылмыскер анықталған жағдайда халықаралық құқық нормаларына орай оған экстра­дициялау үрдісі қолданылады. Экстрадициялау қылмысқа қар­сы күресте мемлекеттердің ха­лықаралық ынтымақтастығы не­гізінде өз аумағындағы қылмыс­керді қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сол адамға шыға­рылған шетел сотының үкімін орындау үшін оны басқа мемле­кетке беру дегенді білдіреді. Ұс­тап беру келісімшарт немесе өзара түсіністік қағидаты бо­йын­ша жүзеге асырылады. Экстрадициялау мәселелерін шешуде мемлекет тарапынан жасалған келісімдер, сондай-ақ шетелдік серіктестермен қа­лыптасқан байланыс маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі таңда Қазақстан ТМД-ға қатысушы елдер шеңбе­рінде ерекше практикалық құн­дылығы бар азаматтық, отба­сылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы екі Кон­венцияның қатысушысы болып табылады. Шетелдермен экс­традициялау туралы 20-дан ас­там екіжақты келісімдер жасал­ған, оның ішінде Түркия, Корея, Қытай, БАӘ, Иран, Испания, Ита­лия, Болгария сияқты мем­ле­кеттер бар.

Соңғы бес жылда облыстың құқық қорғау органдары шетел­дік 21 қылмыстық құқық бұзушы­ны анықтап, оларға қатысты экстрадициялау немесе елден шығару туралы шешім қабыл­дады. Жасырынып жүргендер­дің орналасу географиясы ал­уан түрлі болғанымен, негізінен көршілес Ресей мен Қырғыз­станда бой тасалайды. 2018 жы­лы бұзақылық жасағаны үшін іздеуде жүрген бір Қазақстан азаматы Черногориядан экс­тра­ди­цияланып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін ол 2020 жылы тағы да көрші мем­ле­кеттің аумағына жасырынбақ болған. Бірақ тез арада экстра­дицияланды.

Мемлекеттер арасында ке­лісімшарттың болуына қара­мас­тан, адамдарды ұстап беру, қылмысты деп тану, жаза түрі, ес­кіру мерзімі адамның азамат­тығы және басқа да мән-жайлар негізінде жүзеге асырылады. Нәсіліне, дініне, ұлтына немесе саяси көзқарасына қарай қуда­лауға жол берілмейді.

Бір ескерте кететіні, егер бас­қа мемлекет іздеуде жүрген қыл­мыскерді сол елдің азаматты­ғын алғаны үшін экстрадиция­лау­дан бас тартса, қылмыстық қудалау тоқтатылмайды. Ха­лық­аралық талапта және өзара түсіністік қағидатында шетелдік азаматқа қатысты қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық-процестік кодексінің 596-бабының тәртібімен ол жасырынып жүрген азаматтығы бар мемлекетке беріледі. 2018-2023 жылдар аралығында қыл­мыстық қудалауды жалғастыру үшін шет мемлекеттерге 4 қыл­мыстық іс жіберілді, оның ішінде 2 іс бойынша адамдар кінәлі деп танылды.

Тергеуден немесе соттан жасырынған адамдарға қатыс­ты келтірілген мәліметтер жа­заның бұлтартпастығы прин­ци­пінің нақты мысалы болып та­былады.

Александр ТРИКАЧЕВ,                                        

облыс прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі.                                                                      

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp