«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сұлу сөздің сүлейі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында жазушы Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай “Қарасөздің майталманы” атты еске алу кешін ұйымдастырды. Тағылымды іс-шараға “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері шақыртылды.

“Өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ әдебиеті аспанында небір жұлдыздар жанды. Алайда сол жұлдыздардың ішінде ең жарығы Сәкен ағам еді. Ол кісі әдебиетке жарқ етіп, “Жапандағы жалғыз үймен” келді. Одан кейін “Ақан серінің” екі томын және “Аманай мен Заманайын” берді. Бұл – қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан ағамыздың ең үлкен тартуы. Сәкенді замандастары тентек дейді. Бірақ ол – есті тентек еді. Сөзге тоқтайтын уәлі азамат еді”, – депті бір еңбегінде ақын Баянғали Әлімжанов. Қаламгер айтқандай, Сәкен Жүнісовтің қазақ әдебиетінің алтын қорына салған туындылары аз емес.

Өлкетанушы Дәстен Баймұқановтың айтуынша, ақын-жазушылардың мұралары болашаққа жету үшін мектеп қабырғасында ауқымды іс-шаралар мен рухани кездесулер жиі ұйымдастырылуы қажет.

Іс-шара барысында мектеп оқушылары Жібек Алейдар, Нұрай Адақ, Әмина Әлім, Мая Амантайлар Сәкен Жүнісовтің шығармаларынан үзінді оқыса, Мөлдір Ерсай, Асыл Исенова, Карина Кәрібай жазушының шығармасы желісімен “Сақау бәтеңке” көрінісін қойды.

– Сәкен Жүнісовтің кез келген шығармасында тәлім-тәрбие тұнып тұр. Кітаптарын жиі оқып тұрамын. Өзіме ұнайды. Әр туындысының мазмұны бай, ойландырмай қоймайды, – дейді мектеп оқушысы Әмина Әлім.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 4 курс студенті Аружан Тоқанованың “Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері” романындағы Ақан бейнесі” баяндамасы жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов “Сәкен сері” деп атаған қаламгердің сұлу сөздің сүлейі екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp