«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шағым көбейген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр облыстық сауда және тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындарынан 605 өтініш түскен. Бұл 2022 жыл­мен салыстырғанда шамамен 100 шағымға артық.

Департамент басшысы Қанат Же­ңісбекұлының айтуынша, өтініштер­дің басым бөлігі, яғни 203-і – Е-otinish, 150 өтініш – Telegram-bot арқылы, тағы соншасы “жедел желі” және 101 өтініш тұтынушыларды қабылдау ба­рысында түскен.

“Департаменттің негізгі міндет­тері – ішкі сауданы дамыту және рет­теуде мемлекеттік саясатты іске асы­ру, тұтынушылардың құқығын қор­ғау­да тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру. Тұтынушылардың құ­қы­ғын қорғау нәтижесінде оларға ша­мамен 12 млн. теңге, оның ішінде бөл­шек сауда бойынша 7,2 млн. тең­ге, электрондық саудада 3,6 млн. тең­ге көлемінде ақшалай қаражатты қай­таруға көмектестік”, – дейді Қанат Же­ңісбекұлы.

Былтыр жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Тұтынушылардың құқы­ғын қорғау туралы заңнаманы бұзға­ны үшін 2 кәсіпкер әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Тағы екі кәсіп­керге қатысты әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы іс тараптардың тату­ласуына байланысты тоқтатылды.

Сондай-ақ өңірде былтыр сауда қызметін реттеу саласындағы заңна­маны бұзғаны үшін 31 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкерші­лікке тартылды, оның алтауы азық-тү­лік бағасын негізсіз өсірген.

Қанат Жеңісбекұлының айтуын­ша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл “Сауда қызметін реттеу туралы” Заңда көрсетілген.

“Әкімшілік құқық бұзушылық ту­ралы кодекстің 204-4-бабында заң­ның осы нормаларын бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілік көзделген. Заң талаптары бі­рінші рет бұзылса ескертіледі. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлше­рінде айыппұл салынады”, – дейді Қанат Жеңісбекұлы.

Осы жылдың қаңтар-ақпан айла­рында департамент 13 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкерші­лікке тартты. Олар әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырған.

“Жазаланған бизнес субъектілері 1-сұрыпты бидай ұнын, күрішті, қара­құмық жармасын, 5 пайыздық майлы сүзбені, тауық етін, 72,5 пайыздық сары майды, күнбағыс майын қымбатқа сатқан. Бұл заң бұзу деректері тауарларды сатып алу мен сатудың элек­трондық шот-фактураларын талдау барысында анықталды”, – дейді де­партамент басшысы. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру үшін облыс әкімдігі жанынан баға белгілеу тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.

Былтыр комиссияның 85 отыры­сы өткізіліп, оның аясында заңнаманы бұзудың 25 фактісі анықталды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp