Былтыр облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғындарынан 605 өтініш түскен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 100 шағымға артық.
Департамент басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, өтініштердің басым бөлігі, яғни 203-і – Е-otinish, 150 өтініш – Telegram-bot арқылы, тағы соншасы “жедел желі” және 101 өтініш тұтынушыларды қабылдау барысында түскен.
“Департаменттің негізгі міндеттері – ішкі сауданы дамыту және реттеуде мемлекеттік саясатты іске асыру, тұтынушылардың құқығын қорғауда тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру. Тұтынушылардың құқығын қорғау нәтижесінде оларға шамамен 12 млн. теңге, оның ішінде бөлшек сауда бойынша 7,2 млн. теңге, электрондық саудада 3,6 млн. теңге көлемінде ақшалай қаражатты қайтаруға көмектестік”, – дейді Қанат Жеңісбекұлы.
Былтыр жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тағы екі кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.
Сондай-ақ өңірде былтыр сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 31 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның алтауы азық-түлік бағасын негізсіз өсірген.
Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл “Сауда қызметін реттеу туралы” Заңда көрсетілген.
“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабында заңның осы нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Заң талаптары бірінші рет бұзылса ескертіледі. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады”, – дейді Қанат Жеңісбекұлы.
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында департамент 13 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырған.
“Жазаланған бизнес субъектілері 1-сұрыпты бидай ұнын, күрішті, қарақұмық жармасын, 5 пайыздық майлы сүзбені, тауық етін, 72,5 пайыздық сары майды, күнбағыс майын қымбатқа сатқан. Бұл заң бұзу деректері тауарларды сатып алу мен сатудың электрондық шот-фактураларын талдау барысында анықталды”, – дейді департамент басшысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру үшін облыс әкімдігі жанынан баға белгілеу тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.
Былтыр комиссияның 85 отырысы өткізіліп, оның аясында заңнаманы бұзудың 25 фактісі анықталды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.