Өзіміз күнделікті ортасында жүрген, аптабымен күйдіріп, аязымен тоңдыратын, бірде арқаңнан қағып марқайтатын, қызығы да, қыжылы да көп қым-қуыт мына дүние әуен мен әуезге, сарын мен сазға тұнып тұр. Тереңінен толқып көтеріліп, бір жотаның омырауын иненің көзіндей тесіп, жылт-жылт етіп ағып жатқан ерке Есілдің сылқ-сылқ күлген сылқым сылдырына құлақ түріңізші. Одан заман мен уақыттың дүбір мен дірілге толы үнін, адамның күйініш пен сүйінішке толы жан-жүрегінің қысқа күнде қырық құбылатын сырын ұғасыз.
Есіл өзені. Халықта Есіл өзенінің атауы “Есір” – бұзық, қиқар, пысық” сөздерінен шыққан деген аңыз бар.
Ілияс Есенберлиннің “Алтын Орда” тарихи романында мынадай эпизод кездеседі.
“…Асан Қайғы өз тостағынан қымызды сіміріп алып сөйледі:
“Солтүстікте Есір өзені алты күн жол қашықтығында ағады, онда жылқылар жақсы семіреді, сансыз қой отарлары жайылады, оған баяу ағатын Нұра өзені құяды, оның жағасында мыңдаған жылқы жайылады, өзенде су мен қуат жеткілікті, айналасында көз жеткісіз жазық дала, тоқшылықта өмір сүріп жатқан адамдар өзенге разы. Бірақ ол да бізге тұрақтайтын орын бола алмайды. Өзен айналасында орман, таулар жоқ, есесіне, айналасында күншіл жаулар көп. Мен осылардың бәрін ойлай келе, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Мен бөгде ойлар шырмауынан шыға алмадым, сонда осы өзенге сен Есір емессің, сенің атауың бұдан былай “Есіл” болсын дедім”.
Танымал жазушы бұл өзенге ат қою құқығын аты аңызға айналған кемеңгер әрі ежелгі заман жыршысы Асан қайғыға береді.
Бастауын Сарыарқадағы Нияз тауының етегінен алып, Ертіс өзеніне сол жағынан құятын Есіл талай жырау, ақындардың, сазгерлердің шығармашылықтарына арқау болды.
Ежелгі жырау бабамыз Қожаберген де:
“Жерлерім – Ертіс, Есіл, Тобыл бойы,
Елімнің жайылушы еді ешкі-қойы.
Күн туып, ата жаудан кек алатын,
Қалмақтың іске аспасын харам ойы…
Желіге құлын байлаған,
Жомарт қолды ерім-ай!
Ит жүгіртіп, құс салған,
Бетегелі белім-ай!” – деп жыр төккен еді.
Есіл өлкесі жайлы әндердің бірі – “Есіл тасып барады” әні. Бар қазақтың жүрегіне жол тауып, нағыз халық жазушысына айналған Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) “Өмір мектебі” романын оқыған адам бұл әннің де тарихымен жақсы таныс деп ойлаймын. Ән Сәбит Мұқановтың осы “Өмір мектебі” романы арқылы халыққа кең тарады.
Есіл тасып барады жардан асып,
Қар жауады жаңбырмен араласып.
Шам сөндіріп барайын деген басым,
Ұйықтап өліп қылыппым қара басып.
Ауылыңның тұсында ақша жатыр,
Ашуланып кетті де, біздің батыр.
Шошып тұрып орнымнан іздеп келсем,
Әсем басқан сал-қыңыр ізі жатыр.
Топырақтан жаралған қайран дене,
Жаны бірге, тән басқа болды неге?
Қатты өкпелеп шынымен кетті ме деп,
Бір тимеді кірпігім кірпігіме.
Өзің атың Мұратбек, әкең Шүрек
Сені қос деп құдайдан қылдым тілек
Осылайша екеуміз болғаннан соң,
Бір жаралса қайтеді қолқа жүрек!
Біздің ғашықтық туралы өлеңдеріміздің көбін жігіт қызға шығарады да, қыздың жігітке шығарған өлеңі өте сирек кездеседі ғой, мынау ән мен өлең, сондай сирек туындылардың бірі екен.
Ал енді жазушы Сәбит Мұқановтың Есіл өлкесінің сұлу табиғатының суреттемесіне бір сәт құлақ түрелікші:
“Есіл!.. Шілденің шамырқанған сарша тамыз кезінде Есіл өлкесі адамның көзіне күндік жерден шалынады. Күн сәскеден жоғары көтеріле, сумаңдай аққан мөлдір толқынды сағым, Есілдің алабына сыймай, қазанда қайнаған сүттей аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді… Шілдеде Есіл өзенінің желі бояу еседі. Жылдың өзге мезгілдерінде жортуылын жиілететін жел, піскен өсімдіктердің жемісін төгермін деп аяғандай, жұлқылап-желпіп мазаламайды. Бірақ шалғын онымен тыныш тұрмайды. Үстінен толқыған сағымның болар-болмас салмағын ауырлағандай, не оның толқуына еліктегендей, шалғын да желсіз тымық түнде өзінен-өзі теңселіп шайқалады.
Толқындай теңселген шалғынның ішіне кірсең, оның гүлге бөленген тереңіне сүңгігің келеді, жұпар иісті жасыл жібегін жастанып та, жамылып та жаныңды жайландыра жатқың келеді.
Бір кезде жасыл толқынға сүңгіп, құмарың қанып, енді тыныстайын дегендей, қимылсыз жата қойсаң, шалғынның түбінде ақ меруерттей жылтылдаған, көлемі бөдененің жұмыртқасындай бір домалақ заттарды көресің. Бұл не? Жұмыртқа дейін десең, тым жиі, шалғынның түбіне сыңысып сыймайды!..
Бұл не?! Бұл ма? – Жидек!..
Желге, күнге көрінбей, жасыл шалғынның жібек құндағына бөленіп өскен Есіл өлкесіндегі жидектің түсі піспеген тәрізді аппақ көрінеді. Егер, соның біреуін сабағынан үзіп алып мұрныңа тақасаң, жаныңа жайлы бір тамаша иісті сезесің. Есіл шалғынының арасына өсетін жеміс жидек қана емес. Онда үркер жұлдызындай шоқталып, қызыл жақұттай жарқыраған бүлдірген де өседі…
Уыз қымыз татыған ол жемісті бүрінен ағытып алып, алақаныңды толтыра асап жіберсең, қандай шөлің болса да қана қояды.
Тоғай да бұл кезде кемеліне келіп толықсып тұрады. Дәудей дөңкиген кәрі үйеңкісі, күміс қабықты қайыңы, қалайы қабықты терегі, мыс қабықты, мойылы, теңселген талы, ши борбай шілігі, шым-шымпаз шеңгелі, кірпітүкті тікені мен доланасы, торы тобылғысы аралас өскен тоғай теп-тегіс жасыл желек киіп, жапырақтары желбіреп, өзінен өзі сыңғырлап күй тартқандай боп тұрады. Шиенің шөптен аз ғана биік бұтақтарына көзіңді салсаң, үстіне қып-қызыл шұға жапқан сықылданады. Мойылға қарасаң ботаның көзіндей мөлдіреп бұтақтың басына сыймай сыңсып тұрған қарақат.
Шіркін, қарақат, тәтті де, сұлу да жеміс-ау!.. Жібек шалғынды, жыныс тоғайлы табиғаттың бұл байлығына көзің тойған кезде оның иесін іздейсің.
Ол, әрине Есіл!”
Жазушының тамсана, төгілдіре, мөлдірете суреттеген туған табиғатының қадіріне жетіп жүрміз бе?..
Жұрт ауылдан қалаға қопарыла көшіп жатқанда, керісінше, қаладан ауылға қоныс аударған қазақпыз. Бескөл ауылының оңтүстік-шығыс тұсына қоныстандық. Ауыл іргесі қалың орман.
Жоғарыда Сәбең суреттеген жеміс-жидектің бәрі де бар, ағаштың не бір түрлері кезінде аса бір ұқыптылықпен отырғызылып, баптап өсірілген. Орман-бақша деуге лайық. Жаздыгүні орманның іші-сырты жеміс-жидекке толы.
Ал сол орман-бақшаның қазіргі сыйқы адам шошырлықтай. Жан-жақтан көшіп келіп, үй салып, орманды жағалай қоныстанғандар орман-бақшаның іші-сыртын қоқысқа толтырды. Шіркіндердің табиғат-анаға деген “жанашырлығы” осындай болып тұр. Мұны жазуымдағы мақсат осы мақаламды оқып, табиғат-анамызға деген көзқарастары өзгерер деген ғой.
Ғайса Есенбаевтың “Есіл өзен” әні жайында бірер сөз. Ғайса Есенбаев – артиллерист-офицер, жауынгер-композитор. Ғайса Есенбаевтың Жаналы деген жолдасына жазған хатында: “Қымбатты Жаналы! “Есіл өзен” 1943 жылы майданға аттанарымда жазылды. Кезінде халық арасында кең таралуы да себепсіз емес, кешегі ауыр соғысқа біреудің әкесі, біреудің баласы, туыс-туғандары, жары, жанқияр досы, дегендей көп аттанып, аз қайттық қой. Сондықтан бұл өлең көптің мұңы, үміт-арманы болды. Мен майданда 1943 жылы маусымнан, 1944 жылғы желтоқсанға дейін болдым”. Ғайса әннің соңына “1943 жыл. Ақмола” деп қол қойып: “Бұл – менің майданға аттанарда елмен қоштасуым”, – деп жазыпты.
Өз тағдырын қысқа ғана шерткен жанның әр сөзінен кісіліктің лебі еседі.
Есіл өзен, Қараөткелдің қаласы,
Таныс жердің сайы менен саласы.
Туған қала, өскен жерім, қош сау бол,
Қош бол, Есіл, қош аман бол,
Қараөткел,
Алдымда бар талай ауыр тар өткел.
Өзің туып, еркелеткен ұлыңа,
Қан майданда қажымайтын
Қайрат бер!
Бүгінде Ғайса Есенбаевтың “Есіл өзен” әні сәулетті астананы кемерлей аққан айдынды сұлу Есілдің үстінде жібек самалдай желпиді.
Кешегі кеңестік дәуірде туған Есіл өлкесі жайындағы тамаша лирикалық әннің бірі – қазақтың аса көрнекті композиторы Сыдық Мұхамеджановтың ақын Қуандық Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған “Тербеледі тың дала” әні.
“Түнгі салам егін басын тербейді,
Алыста қыр қарауытып көлбейді.
Айдың нұры баяу ғана дірілдеп,
Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді.
Айлы адал, салқын самал тамаша,
Екі ғашық қол ұстасып, келе жатыр оңаша”, – деген сөзі мен сазы ғажап үйлескен әнді күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлегенованың орындауында талай естіп, сүйсіне тыңдап, жан рахатына бөленгенбіз. Ән бастан аяқ мөлдіреп, төгіліп тұрған лирика. Ән туысымен халық арасына тез тарап кетті.
Осы мақаланы жазу барысында байқағаным Есіл жайында шығарылған әндер көп емес екен.
Қызылжар аймағының тумасы, жерлесіміз, белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаевтың әні – “Есіл бойы – Қызылжар”. Бұл ән екінің бірі айтатын, ел арасына кең тараған деп айта алмаймыз.
“Тарихы дастан, аңыз боп асқан,
Ағайын жұртқа дос құшақ ашқан.
Батырдың елі, батырдың жері,
Көрмесем бір сәт сағынам сені.
Есіл бойы – Қызылжар,
Ну орманды Елтінжал.
Көк сағымды ән өлкем,
Жерің шүйгін, суың бал!”
Композитордың туған өлкесіне деген сағынышы, елінің, жерінің сұлу табиғатына іңкәрлігі, елінің болашағына сенімі ән мәтінінен аңғарылады. Қазақ әндеріне құлағымды түріп жүретін жандардың бірі едім, бірақ Жоламанның осы әнін көп естімеппін.
Ал Жоламан Тұрсынбаевтың “Қызқарағай” әнінің жөні бөлек. Бұл әнге кеңірек тоқталуды жөн көрдік. Бұл ән – Есіл өлкесінің шұрайлы бір мүйісі қазақ көркемсөзінің кәусар бұлағы Ғабит Мүсірепов туған мекенге арналған.
“Ауылында бар Ағаның қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы ақ қайың арасында,
Жалғыз өсіп асқақтап, тұр дарағай.
Қызқарағай, қызқарағай…
Жалғыз өсіп асқақтап, тұр дарағай,” – деп басталатын әнді алғаш бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенованың орындауында естіп, сұлулықтың, даралықтың, тазалықтың тамаша бір үлгісіндей қабылдадық.
Қызқарағай – тұла бойы сұлулықтан жаратылған Ғабеңнің өзі. “Ыстықта да, суықта өңін бермес, өзі ме екен ағаның қызқарағай…, – деген өлең жолдары жазушының көркем бейнесін дөп басқан.
Табиғатында талғампаз, киім киісі, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, сөйлеу мәнері тұла бойының зялылығын танытушы еді.
Университеттегі ұстазымыз професссор Темірғали Нұртазиннің Ғабит Мүсірепов шығармашылығы жайындағы бір дәрісінде әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайыловтың Ғабеңмен қатар отырғанда “Ғабеңнің туфлиінен өзіміздің жүзімізді көріп отырдық”, – деген сөзі есіме түсіп отыр. Тым әсірелеп те жіберген шығар, бірақ Ғабит Мүсіреповтің серілік, салдық қасиетіне лайықты баға.
Ұстазымыздың Ғабит Мүсірепов тұла бойы сұлулықтан жаратылған “Сувенир” адам ғой”, – дегені есімізде қалыпты.
“Қызқарағай” әні – табиғаттың сұлулығын адам жанының сұлулығымен үндестірген әсем ән.
Ендігі бірер сөз Есіл жайында шыққан тамаша ән “Есіл ағады” хақында. Әннің сөзін жазған ақын Ғалым Жайлыбай. Ғалым жайлы қазақтың өр рухты ақыны Темірхан Медетбек: “Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңеген болар едім. Егіліп отырып ет жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды,” – деп бағалапты.
“Тамшылар” (сөзі Өтеген Күмісбаевтікі), “Бар ма маған ғашық адам бір жерде” (сөзі Тұманбай Молдағалиевтікі) әндерімен танымал композитор Ахмедияр Есмұхановтың көңіліне Ғалым Жайлыбайдың “Есіл ағады” өлеңі қона кетсе керек, осы өлеңді тың әуенмен әдіптейді. “Мұз-Арт”-тың орындауында ән қазақ даласына кең тарап кете берді. Сазы сұлу, сөзі сырлы “Есіл ағады” әні жұртшылықты елең еткізді:
Есіл ағады, Есіл ағады,
Ақбұйра толқын жарды ұрып.
Есіл аққанда есіп ағады,
Жағада жартас жаңғырып.
Есіл ағады, Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай.
Мені де бір қыз есіне алады,
Тарқатып өрген бұрымдай…
Осылайша біресе жағаны аймалап, біресе тарқатылған бұрымды көзге елестетіп сүйкімді қайырмаға ұласады:
Сырбазым сыңғыр, сыңғыр етеді,
Сұлулар таққан сырғадай.
Түрілген сонау түннің етегі –
Ұйқымды қайтсін ұрламай?
Есілдің ерке ағысын алуан түрлі көркемдегіш құралдармен суреттеген Ғалым ақынның сырлы, сазды өлеңін Фариза Оңғарсынова: “Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтқанымен, құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады. Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жанарыңды жаулап жарқ ететін шашбау түймелеріндей Ғалымның да өзгеше өлеңдері сол қатарда тұруы хақ”, – деп жоғары бағалаған екен.
Кез келген халықтың тарихы, бар болмысы, ол халықтың өзі тудырған ән мен күйдің, ауыз әдебиетінің өзегінде жатқандығында дау жоқ. Қазақ халқы – әнші халық. Оның жүрек лүпілінен даланың түрлі бояуын айқын аңғарамыз.
Ғасырдан ғасыр қуып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ән мен күй сол кездегі елдің басынан кешкен қайғы-қасіретін, күйініш-сүйінішін, замана сарынын көз алдымызға әкеледі.
Сондықтан да оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау, халықтың рухани игілігіне айналдырып үнемі дамытып отыру бүгінгі өнерлі ұрпақтың борышы, міндеті болуы тиіс.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
еңбек ардагері.