«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫСТЫҢ САЛДАРЫМЕН ЕМЕС, СЕБЕБІМЕН КҮРЕСУДЕМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық тәртіпті сақтап, ел тыныштығын күзетуде тәртіп сақшыларының алар орны зор. Жуырда елордада өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген отырысыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Бұл белгілі. Күні-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни, 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни, биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі”, – деген болатын.

Президентіміз халыққа арна­ған “Әділетті Қазақстанның эконо­микалық бағдары” атты Жолдауында айқындап берген бағыт­тар бойынша өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда полицияның сервистік моделін қалыптастыру үшін тәр­тіп сақшылары мен тұрғындар арасындағы байланыс нығайып келеді. Біз өз жұмысымызда қа­ғазбастылықтан арылып, адам­дардың қажеттілігіне сай оңтай­лы әрекет етуге тырысамыз. Құқық бұзушылықты азайту үшін қылмыстың салдарымен емес, себептерімен күресуге басым­дық берудеміз. Бұл ретте қоғаммен тығыз қарым-қатынас орна­тып, халықтың сеніміне ие болу маңызды. Біз бұл бағыттағы өз­герістерді ішкі үрдістерді жаңар­тудан бастадық. Жыл бойы по­лиция қызметінің мәртебесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде ұжымдағы ахуал жақсарып, қызметкерлердің жұмыстан кету көрсеткіші азайды.

Полиция жұмысының материалдық-техникалық жабдықта­луы да басты назарда. Күнделікті жұмыс барысында автоматтан­дырылған, цифрлық жүйелер қол­данысқа енгізілуде. Мектептерді ке­зекші бөлімшелерге жалғау, “SOS” жедел қоңырауы, құқық бұ­зушылықтарды мобильді теле­фондар арқылы тіркеу жобалары жүзеге асты. Бүгінде “Цифрлық полиция” жобасының аясында барлық патрульдік және учаске­лік инспекторлар планшет және видеожетондармен қамтамасыз етілген. Бұл қызметкерлердің жұ­мысын бақылау үшін де, құқық бұзушылықтарға дәлел жинау үшін де тиімді.

Біз тұрғындардың сырттағы қауіпсіздігіне де ерекше мән бере­міз. Бұл бағытта соңғы екі жылда облыс орталығында 6 модульді полиция бекеті орнатылды. Бе­кеттердің көпшілігі тұрғындар жиі баратын және шеткері аудан­дарда орналастырылды. Енді кез келген азамат тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекетінен көмек немесе кеңес ала алады. Ал ауылдық жерлерде 2021 жылдан бері 8 учаскелік пункт ашылды. Адам көп жүретін қоғамдық орындарға 11 “SOS” тетіктері қойылған. Қондырғылар видеока­мера, микрофондармен жабдықталған.

Жедел басқару орталығына жалғанған 9 мың камераның ар­қасында өткен жылы 618 қылмыс пен 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ал­дағы уақытта камералардың ор­наласу жиілігін арттыру жос­парда бар. Қабылданған шаралар­дың бәрі өткен жылы құқық ­бұзушылық санын 18 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Қылмыстарды ашуда да өсім бар. Қоғамдық орында қылмыс жасау – 13,6, көшедегі қылмыс – 12,9, мас күйде құқық бұзу – 19, отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылық – 11,3 пайызға азайды.

Нашақорлықпен күрес – біз­дің жұмысымыздың негізгі бағыт­тарының бірі. Өткен жылы осы ба­ғытта 854 іс-шара өткізілді. Тұр­ғындарды құлақтандыру үшін жарнамалық баннерлерге ақпараттық материалдар орналасты­рылды. Өткен жылы есірткіге қатысты 281 құқық бұзушылық тіркелді.

Шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – ішімдікке са­лыну. Ондайға бейім адамдардың жиі тәртіпсіздік жасап, тыныштық бұзатыны белгілі. Статистикаға сүйенсек, қылмыс­тардың төрттен бірін адамдар мас күйде жасаған. 2023 жылы алкоголизмнен мәжбүрлеп емде­луге 219 адам жіберілді. Оның 120-сы қайта емделуге жіберіл­ген адамдар. Заңсыз айналым­нан 12 мың литр алкоголь тәркі­ленді. Спирттік ішімдіктерді заң­сыз сатудың 293 дерегі анықта­лып, 559 адам есепке қойылды. Алкогольге қатысты заңнаманы бұз­ғаны үшін 10 мыңнан астам хаттама толтырылды. Ауылдық елді мекендердің ерікті түрде ішімдіктен бас тарту тәжірибесінің ауқымы кеңеюде. Бүгінде облыста ішімдікті сату, тұтынудан бас тартқан 5 ауыл бар. Олар: Тайынша ауданындағы Теңдік, Айыртау ауданындағы Қарасай батыр, Бірлестік, Есіл ауданындағы Қарағай, Ғабит Мү­сірепов атындағы аудандағы Ко­выльное елді мекендері.

Жолдағы жолаушылардың қауіп­сіздігі де тәртіп сақшыларын алаңдатады. Жол-көлік апатта­рына жүргізілген талдау нәти­же­сінде жолдарды автоматтанды­рылған бақылауға басымдық бе­ріп отырмыз. 2022 жылдан бері “Қауіпсіз қала” бағдарламасының аясында құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін 28 қон­дырғы орнатылды. Өткен жылы құрылғылар 91 мың жол ережесін бұзу дерегін тіркеді. Бұл ретте айыппұл салудың мақсат емес, профилактика құралы екенін айта кеткен жөн. Қала сыртын­дағы жолдардағы көлік қозғалы­сын бақылау үшін “Кибершериф” кешендері іске қосылды. Патрульдік полиция машинасына ор­натылған құрылғылар ереже бұ­зушылықты тіркеп, хаттама тол­тырады. Бұл ретте полиция мен ереже бұзушының арасында еш­қандай байланыс болмайды. Биыл жолдарда 28, жаяу жүргін­шілер өтетін жерлерде 3 бағдарламалық кешен орнату жоспарланған. Сол сияқты криминалды автокөлікті, сақ­тандырусыз, жол жүру куәлігінсіз жүргендерді анықтайтын “Мегакам Корғау” жүйесінің де берері мол.

Жеке құрамның ішіндегі тәртіп пен заңды сақтау да назардан тыс қалған емес. Жемқорлыққа жол бермеу үшін жұмыс барысы басқаша ұйымдастырыла баста­ды. Бүгінде жемқорлық тәуекелі жоғары барлық бөлім қызметкерлері видеотіркегіштермен жұмыс істейді. Видеожетондарға түсірілген материалдар ұзақ уақыт сақталады. Полицейлер көр­сететін 34 қызметтің 30-ы электронды форматқа ауыстырылған. Бұл уақытты үнемдеп, жемқорлыққа тосқауыл қояды.

Полиция департаменті үнемі өзін қолжетімді әрі ашық водомство ретінде танытып келеді. Ол үшін біз полицияның оң имиджін қалыптастыру жұмысын жүргі­зудеміз. Жыл сайын барлық басшылар азаматтарды қабылдап, есептік кездесулер өткізеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өңір халқының 9 пайызы полиция жұмысына сенім білдірген.

Полиция тәртіпті сақтау, қылмысты ашу, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ау­қымды істер атқаруда. Тергеушілер, учаскелік, патрульдік инспекторлар қоғам қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қас қақпай қыз­мет етеді. Биылдан бастап біз 2028 жылға дейін шақталған “Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету” концепциясын жүзеге асыруды бастадық. Оның басты принцип­терінің бірі – құқық бұзушылықтың алдын алудағы қоғам белсе­ді­лігін арттыру. Сондықтан да азаматтарды барлық іске белсенді араласуға шақырамын.

Айдын ҚАБДҰЛДИНОВ,

облыстық полиция департаментінің бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp