Петропавлдың 53 жастағы тұрғыны террористік ұйымның туын өз аккаунтының профиліне фотосурет ретінде орналастырғаны үшін жауапқа тартылды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара өткізу барысында құқық бұзушылықты анықтады. Ер адам әлеуметтік желідегі профиліне орналастырған ту шетелдік террористік ұйымға тиесілі болған. Оның қызметі ел аумағында тыйым салынған.
Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен енді құқық бұзушы 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 370 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жуырда интернет арқылы діни материалдарды заңсыз таратудың 5 фактісін анықтады.
Тәртіп сақшылары діни мазмұндағы тыйым салынбаған ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, рухани білім беру ұйымдарында және арнайы белгіленген стационарлық үй-жайларда таратуға рұқсат етілгендігін еске салады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.