Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Дәрмек” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Еліміз бойынша өз қызметінде дәрілік заттарды қолданатын 900-ге жуық кәсіпорын мен ұйым тексерілді. Есірткі және улы заттармен айналысу саласында 22 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 230 адам тартылды, оның ішінде 48 медицина қызметкері бар.
Шара барысында сақтау шарттарын бұзғаны үшін 43 келі есірткі және психотроптық заттар, 9 мыңнан астам таблетка және медициналық препараттардың 15 мыңға жуық ампуласы тәркіленді. 3 тоннадан астам прекурсорлардың айналымы лицензиялық нормалардың және оларды сақтау қоймаларының техникалық беріктігі талаптарының бұзылуына байланысты шектелген.
Мәселен, біздің өңірде өндірістік нысандардың бірінің аумағында жүргізілген тексеру барысында улы заттармен жұмыс істеу ережесін бұза отырып сақтаған 45 келі сынап табылып, тәркіленді. Бұл үшін 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынады.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.