Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде жазушы, публицист, облыстың құрметті азаматы Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толуына орай “Сөз зергері – Бельгер” атты еске алу кешін өткізді. “Асыл мұра” орталығының мамандары, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, мектеп оқушылары қатысқан іс-шара қаламгердің өмірінен сыр шертетін бейнематериалмен басталды.
Г.Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
– Гераға Есілдің бойында орналасқан Шал ақын ауданына қарасты Ыбыраев ауылының тұрғындарын ерекше жақсы көрді. Гетені тану үшін Абайды оқып, зерделегенін өткен күннің сарғайған парақтарынан білеміз. Әсіресе, аудармашы ретінде қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан. Батыс авторларының шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында тындырған істері мен қаламынан туған құнды еңбектері тарихтан ойып тұрып орын алды. Қазаққа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған әдебиет білгірі ел есінде, – деді баяндама жасаған “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзин.
Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі жанындағы Г.Бельгер музейінің жетекшісі Ақнұр Қаженова музей сөресінде қаламгердің өміріне қатысты 120-ға жуық жәдігер бар екенін айта келіп, “Көп қырлы Бельгер” көрмесіне қойылған Герольд Карловичтің кітаптары, қолжазбалары және жеке заттарымен таныстырды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.