М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері “Құрт” акциясын ұйымдастырды. Бастама авторы – Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы. Ал акцияның жүзеге асуына еврей мәдени орталығы атсалысқан.
“Қазақтың ұлттық тағамы, қасиетті құрт – саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылған көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Тарихи оқиғаларға негізделген аңыз бар: “АЛЖИР” лагерінің тұтқындарына қазақ балалары қоршаудан ақ тас лақтырған. Алғашында байғұс әйелдер оның мәнісін түсінбей, бұл әрекетті қорлау деп бағалаған. Кейін оның ас екенін біліп, құрттың көмегімен аштықтан аман қалған. Сол себепті құрт біз үшін қайырымы мол асыл тас”, – деді кафедра меңгерушісі Людмила Гривенная.
Акцияға орай 20 килограмм құрт университеттің барлық оқу ғимаратында жастарға, ұстаздарға таратылды.
“Бүгін акцияға мен де қатысып, құрт тараттым. Құрттың түр-түрі бар: сүрленген, қышқыл, тәтті, ащы. Жалпы бұл мерекенің мен үшін маңызы зор. Қиын сәтте қайырымдылық көрсеткен қазақ халқына алғыс айтқан этностар аз емес”, – дейді студент Аягөз Қайыркен.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.