Адам баласының өлшеусіз мейірім көретін сәті ана құшағында жатқан кезеңі екен. Тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, толғақ майданында перзентінің аман-есен жарық дүние есігін ашуы үшін жанын салатын ана үшін бақыт атаулының бастау көзі – сәбиінің іңгәсі.
Ана бойындағы шексіз қуаныш пен сәби жүзіндегі риясыз күлкі үйлесім тапқан кезде, жер бетіндегі барлық тіршілік ана мен бала арасындағы кіршіксіз сүйіспеншілікке басын иіп тұрғандай сезіледі. Себебі шынайы шаттық – балаға, шынайы мейірім – анаға тән. Жыл басынан бері өңірімізде алты жүзден астам отбасы дәл осындай қуанышқа бөленген. Дүниеге келген 606 сәби анасының құшағында алаңсыз ұйықтап жатқан болар. Сәбиін бауырына алған аналардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Гүлмира Құдаспаева. Төртінші баласын дүниеге әкелген келіншек көпбалалы ана атанып отыр.
Көпбалалы аналар – құрметке лайық жандар. Себебі олар – қоғамның байлығы. Бүгінгі таңда өңірімізде алтын құрсақты 7535 ана бар. Олардың балаларына берген мейірімін ғана емес, ұлттың санын көбейтуге қосып жатқан үлесін де бағалау керек. Себебі мына кең байтақ жердің иесі де, қорғаны да – сол балалар.
Көпбалалы отбасы – бақытқа, шаттыққа толы шаңырақ, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың тоғысқан жері. “Балалы үй – базар”, – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.