Полиция қатарында ерлермен қатар қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектердің бірі – полиция аға лейтенанты Маржантай Қанғозина. Ол Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы жедел-криминалистика бөлімінде 2020 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
Төрт жылдан бері полиция қатарында еңбек етіп жүрген арудың бұл таңдауына нағашылары себеп болған көрінеді. “Анамның інісі ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Бала кезімде нағашы ағама қарап, киіміне қызығатынмын. Алдыма мақсат қойдым, бүгінде сол арманым орындалды. Полицияға қызметке алғаш келгенде жас мамандарға тәлімгерлерді бекітеді. Маған да дәл осылай тәлімгер ретінде аға криминалист, полиция капитаны Нұрлан Сердалиновты бекітті. Оқиға болған жерлерге бірге шығып, тәжірибемді шыңдадым. Жалпы криминалист мамандығының өзіндік ерекшеліктері бар. Оқиға орнында заттай дәлелдемелер жинап, саусақ, аяқ киім іздерін аламыз. Мен 13 қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектестім”, – дейді жас маман.
Өткен жылы “102” арнасына адамға ауыр дене жарақаты салынғаны туралы қоңырау келіп түскен. Маржантай да жедел-тергеу тобы құрамында дереу оқиға орнына аттанады. Қылмыс жасаған адам бой тасалаған екен. Белгілі болғандай, ішімдік ішкен екі ер адам төбелескен. Пышақ сілтеген күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Криминалист қыздың көзіне жерде жатқан шөлмек түседі. Күдіктінің саусақ іздері шөлмекте қалып қоюы мүмкін деген болжамы расталды. Базаны тексеру кезінде бұрын қылмыс жасаған ер адам туралы мәліметтер табылды. Осылайша қырағы криминалистің арқасында бұл қылмыс бірден ашылды.
Бүгінгі таңда жедел-криминалистика бөліміндегі 7 ер және 2 әйел қызметкер қала аумағында тіркелетін оқиғаларға аттанып, қылмыстардың ашылуына көмектесуде. Маржантайдың жұбайы Нұрсұлтан да – полиция қызметкері. Өңірдегі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тынбай қызмет атқарып келеді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны.