Қазақ халқы ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: “Он екі айдың сұлтаны”, – деп атаған. Берекесі мол айда ағайын-туыстар, көрші-қолаң бір-біріне жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі болып келісілді.
Рамазан – рақым айы. Алла Елшісі: “Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі”, – деген. Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла тағала мейіріміне бөлейді. Кешіргенге кешірім жасалады.
Ата-бабаларымыз Рамазанды жақсылық айына балаған. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Ғұламалардан жеткен хадис-шарифте айтылғандай, “Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады”. Кішкентай сәбиі бар, денсаулығы жарамайтын, кәрілік жеткен қарттарымыз ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – абзал амалдың бірі.
Біз он екі айдың сұлтанында мінезімізді барынша көркем етуге тырысқанымыз абзал. Өйткені, Рамазан – тәрбие айы. Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін…”, – деп өсиет еткен. Расында, Алла тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пендесінің ұстаған оразасы қажет емес.
Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын көңілге тоқудың сауабы айрықша. Қасиетті Құран Кәрімнің “Рағыд” сүресінің 11-аятында: “Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді”, – деп баяндалған. Яғни ауыз бекіткен әр адам тұла бойын ізгілікке толтыруға асыққаны дұрыс. Өзін жақсы жаққа өзгертуге тырысқан пенде Жаратқанның жарылқауына кенеледі.
Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдасы өте көп. Оны әлем ғалымдары мен дәрігерлері де айтып жүр. Рухани пайдаларының бірі – адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жайттарға тап болса, “Мен оразамын” деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады. Құран Кәрімде Алла Тағала: “Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді”, – деп бұйырған.
Қазақтың атақты жырауы Асан қайғы бабамыз кешірім жайында бір жырында:
…Ерегісіп, ұрыспа.
Сенікі жөн болса,
Атың шықпас дұрысқа.
Атаңның құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа, – деп қандай керемет айтқан десеңші!
Алла Елшісі бір хадисінде: “Рамазанның басы – рақмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу”, – деген екен. Ал Алла Тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге адамдарды да кешіре білу емес пе?!
Ғұламалардан “Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды” деген хадис жеткен. Осы хадистегі “қалқан” біздің сабыршыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: “Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы”, – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.
Ақиқатында Рамазан – береке мен мүмкіндікке толы ай. Асыл бабаларымыз қамшының қысқа сабына балаған ғұмырды айналамызға, жақындарымызға, сүйікті Отанымызға жақсылық жасап қана өткізгеннен артық бақыт бар ма?
Өмір бекет болса, осы қысқа уақытта дүниенің қызықтарына алданбай, ақыреттік азығымызды жинайық! Бұл айда сен үшін барлық жақсылықтың есігі ашық.
Алла Тағала Құранда: Бұл дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе емес” деген. Рамазан – ерекше ай. Ол – Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар.
Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл – жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай.
Рамазан айындағы сауапты амалдың бірі – пітір садақасын беру. Пітір садақасы баспанасы, жиһаздары, көлігі, құралдары мен киер киімінен бөлек артық мал-мүлкі бар кез келген мұсылманға – міндет. Пітір садақасын Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беру міндетті. Бұл шариғат талабы орындалуы шарт. Пітір садақасын пақырға, міскінге беруге болады. Пітір садақа – пенденің Рамазан айында жіберген қате-кемшіліктерінің өтеуі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.
Өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/ ramadan сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы.