Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин өрт қауіпсіздігі жайлы баяндады. Биыл өңірде 103 өрт оқиғасы тіркеліп, алты адам ажал құшқан. Оттан келген залал 47 млн. теңгеден асып жығылады. Статистикаға сүйенсек, өрттердің 74 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алады екен.
Сондықтан үйге улы газ, түтін таралғанда дыбыс шығаратын арнайы құрылғыларды қойған жөн. Бүгінгі күнге дейін өңірде мұндай бес мыңнан астам құрылғы орнатылған. Сергек құрылғылардың арқасында бес адам ажал аузынан аман қалыпты.
– Бұл құрылғыны жер үйде, пәтерде тұратын азаматтардың барлығы орнатуы тиіс. Көлемі аса үлкен емес, қабырғаға ілінеді. Біреулер үйдің сәнін кетіреді деп қарсылық танытуы мүмкін. Алайда адамның өмірі мен оның қауіпсіздігі бірінші орында болуға тиіс, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.
Құрылғыны кез келген адам орната алады. Оның нарықтағы орташа бағасы – 3,5-5 мың теңгенің аралығында.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.