Шал ақын ауданында алғаш рет “Дәстүріміздің бал қаймағы – әжелер” атты сайыс өтті. Жарысқа қатысқан жеті қария жиналғандарға ұршықпен жіп иіру, құрақ құрауды үйретіп, ұлттық тағамнан дәм татқызды.
Іс-шараның мақсаты – ұмыт болған немесе жоғалып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сайысқа 60-70 жас аралығындағы әжелер қатысты. Өнер сайысының талаптары бойынша әр қатысушы өзін таныстырып, екінші бөлімде ұршық иіру шеберліктерін көрсетті. Содан кейін қатысушылардың білім деңгейі тексерілді.
– Бұл сайыстың тәрбиелік мәні зор. Былтыр Шал ақын ауданында үздік келін анықталған болатын. Енді осындай өнер сайыстарын жиі өткізу жоспарланып отыр – дейді “Ата мұра” этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлнар Әбілқайырова.
Сайыс қортындысы бойынша Бірлік ауылынан келген Роза Бейсенбаева “Данышпан әже”, Қарлығаш Шарипова “Салмақты әже”, Айман Ақанова “Асыл әже” атанды. Ең көп ұпай жинаған Парида Жүзжасарова сайыстың бас жүлдесіне ие болып, “Үздік әже” атанды. Бірінші орын Нұрғиза Оспановаға бұйырды. Ал Мағира Жұпарбекова екінші орынға жайғасса, Новопокровка ауылынан келген Алма Темешпаева үшінші орынға табан тіреді.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.