Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірнеше мәселе қаралды. Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулиннің мекемедегі қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, теріс қылықтар мен қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарды болдырмау туралы есебі тыңдалды. Асқар Ережепұлы мемлекеттік органдағы кадрлық ахуал, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шараларға тоқталды.
Уәлиханов ауданының әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Сағитов мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қатаң сақтау жүйелі түрде түсіндіріліп, консультациялық көмектер көрсетіліп тұрады.
Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің аға прокуроры Талғат Байматов өз сөзінде 2023 жылы мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін және түрлі себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған 26 мемлекеттік қызметшінің орталықтандырылған есепке қойылғанын жеткізді.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы Гүлнар Жусалина жергілікті атқарушы органдарда “Е-қызмет” БАЖ-де электрондық жеке істерді қалыптастыру жағдайы туралы айтып берді. Оның ақпаратына сәйкес, былтыр 1435 жеке іске қашықтан мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 2023 жылдың 4 тоқсанында мемлекеттік қызметшілердің электрондық жеке істерінің 141-де кемшілік анықталып, түзетілген. Биыл бірінші тоқсанда тіркелгені – 230. Көбіне өмірбаян деректерінің электрондық жеке істен алынған мәліметтерге сәйкес келмеуі, дипломға қосымшалардың, декларациялардың, оқудан өту сертификаттарының болмауы сияқты олқылықтар тән.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері талқыланған мәселелер бойынша баяндамашылардың ақпаратын тыңдағаннан кейін тиісті шешімдер қабылдап, жүргізіліп жатқан жұмысты жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар берді.
Жиында Аққайың ауданы, Астрахан ауылдық округінің әкімі Руслан Қабатаевтың мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасау фактісі бойынша тәртіптік іс қаралды. Ол актіде көрсетілген жұмыстар орындалмаса да, 1361607 теңге қаражатты “Компания KZO11” ЖШС-ға аударып жіберген. Сөйтіп, “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң талаптарын өрескел бұзған.Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қызметтік тергеу материалдарын жан-жақты зерделей келіп, шенеунікті атқарған лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.