Достық үйінде “Жұлдызды қыздар” көрмесі ашылды. Көрме білімді, еңбекқор, батыл әрі өжет әйелдерге құрмет көрсету, оларды еске алу үшін ұйымдастырылуда.
Көрмеге суреті қойылғандардың басым бөлігі – қазақстандық әйелдер, соның ішінде “Социалистік еңбек ері” атағына ие болғандар. Қазақстанда бұл жоғары атаққа 1803 адам, оның ішінде 227 әйел ие болған.
Көрме сөресіне егіншілер, мал өсірушілер, мұнайшылар, электровоз машинистері, тракторшылар мен комбайншылар, сауыншылар, балықшылар, мұғалімдер, құрылысшылар, дәрігерлер және жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері жайлы ақпараттар орналастырылды. Қыздардың көпшілігі еңбек жолын өте ерте бастап, 40 жасқа дейін “Социалистік еңбек ері” атағын алған екен. Мысалы: Б.Қожашова – 28 жаста, Ж.Мамедова және К.Оразалина – 25 жаста, Е.Сивцева – 23 жаста, Е.Ким – 22 жаста, З.Василенко, Л.Самохвалова, С.Алиева және И.Ибрагимова – 21 жаста, Н.Кубанова – 19 жаста құрметке бөленген.
“Кеңес Одағының Батырлары” арасында барлығы 95 әйел бар, олардың ішінде 49 әйелге жоғары атақ қайтыс болғаннан кейін беріліпті. Отан үшін от кешкен Әлия Молдағұлова (18 жас) мен Мәншүк Мәметова (20 жас) және жалғыз шетелдік поляк Анеля Кживонь (18 жас) мәңгі есімізде қалады.
Көрмеге келушілер “Кеңес Одағының Батыры” және “Социалистік еңбек ері” жоғары атағына ие болған жалғыз әйел, 31-ші гвардиялық бомбалау авиациялық полкінің командирі, полковник В. Гризодубованың бірегей фотосуретін көре алады.
Көрмеден ғарышқа ұшқан алғашқы әйелдің және екі рет “Кеңес Одағының Батыры” атағын алған жалғыз әйелдің өмірбаянымен, сондай-ақ, тарихта алғаш екі рет Нобель сыйлығын иеленген Мария Склодовская-Кюридің ғұмырнамасымен танысуға болады. Оның қызы Ирэн Жолио-Кюри де Нобель сыйлығының иегері атанған. Нобель сыйлығын иеленген әйелдер ерлерге қарағанда 13 есе аз. Нобель сыйлығын 20 ғасырда 29, 21 ғасырда 35 әйел алған.
Валентина КОРНЕВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшесі.