Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тас жолда екі адамды соғып, оқиға орнынан қашып кеткен ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға былтыр 5 тамызда сағат 23.30 шамасында Мағжан Жұмабаев ауданы аумағындағы автожолда болған. Е. есімді жүргізуші “Toyota Land Cruiser 100” маркалы автокөлікті басқарып келе жатып, жолда Х. және К.-ны қағып кеткен, сондай-ақ “Audi-80” маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін Е. оқиға орнынан қашып кеткен. Х. және К. сол жерде алған дене жарақаттарынан қайтыс болды.
Сот отырысында сотталушы Е. прокурормен іс жүргізу келісімін жасау үшін мүмкіндік беру туралы сотқа өтініш білдірді. Мұндай келісімді жасаудың міндетті шарты – жәбірленушілердің келісімі. Осылайша прокурор мен сотталушы арасында жәбірленушілердің келісімімен іс жүргізу келісімі жасалды. Прокурор сотта Е.-ге көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға және қылмыстардың жиынтығы бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолдануға өтініш берді.
Шарт бойынша сотталушы Е. жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемді төлеуге және іс жүргізу шығындарын өтеуге міндеттелді.
Қорғаушы тарап іс жүргізу келісімі мен прокурор сұраған жазаны қолдады.
Сот Е.-ге 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.