Кеңес билігі 1926 жылдан бастап Наурыз мейрамын тойлауға ресми түрде тыйым салса да, ел ішінде атап өтілетін. Үлкендер жағы “Ұлыстың ұлы күні келді” десіп, бір-бірімен төс қағыстырып, көрісу рәсімін жасайтын. “Ақ мол болсын, қайда жүрсең, жол болсын!” деген игі тілектер айтылып, көптен көріспеген ағайын құлын-тайдай шұрқырасып, арқа-жарқа болатын.
Әбден тоң болып қатқан жер-ана бусанып, жыл құсы – ұзақ ұшып келіп, көктемнің лебі айқын сезілетін.“Масатыдай құлпырар жердің жүзі, Ата-анадай елжірер күннің көзі, Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып”, – деп Абай жырлағандай, гүл-бәйшешек гүлдеп, қырда торғай, сайда бұлбұл сайрап, шаруаның бір малы екеу болып, не керек, табиғаттың өзгеше күйге енетін сәті бұл! Бала болсақ та, ата-әжеміз бізді жанынан тастамайтын. Көршілердің, туыстардың үйіне бас сұғып, араздасқандары кешірім сұрайтын, татуласатын. Араға 62 жыл салып, яғни 1988 жылдан бері әз Наурыз мерекесімен қайта қауышып, өшкеніміз жанғандай, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Облыста тұңғыш рет тойланғанда ауыл болып атсалысып, жоғары деңгейде ұйымдастырылуының куәсі болған едік. Содан бері үздіксіз тойланып келе жатқан халықтық мейрам мазмұны жағынан толысып, ұлттық нақышпен толығып, “Көрісу күні, “Амал мерекесі” сияқты құндылықтар қосылды.
Ең бастысы, ғалымдар мен тарихшылар тарапынан 14 наурыз – жылдың, көктемнің басы деген ой-пікірлер жиі айтылып, қоғамдық пікір ретінде қалыптаса бастағаны қуантады. Шынында да, 22 наурызда тойлап жүргеніміз – ескі күнтізбедегі 14 наурыз. 1918 жылдың 24 қаңтарында В.Ленин “Россия республикасында батысеуропалық күнтізбені қолдану туралы” декрет жариялап, ол бойынша кеңестік Ресейдің григориан күнтізбесіне өту жайында құқықтық-нормативтік акт қабылданды. Содан бері ескі күн санау жүйесінің ықпалынан әлі шыға алмай келеміз.
Тарихқа көз жүгіртсек, күн мен түннің теңелуін шумерлерден бастап, Америкадағы ацтек, майя тайпалары да атап өткен. Бабаларымыз тәңірлік наным-сенімге орай бұл мезетті қасиетті ырымға балаған. 14 наурыздан бастап, жыл кірген деп есептеген. Ұлыстың ұлы күнін 14-21 наурыз аралығында тойлау қазақта бұрыннан бар салт-дәстүр екенін Мәшһүр Жүсіп Көпеев “Наурыздама” атты еңбегінде былай сипаттайды: “Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым”. Шәкәрім Құдайбердіұлы 14 наурыз – қазақтың жаңа жылы деген жазба қалдырған. “Қазақ” газетінде шыққан мақалада (1914 жыл 9 наурыз) “…төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – “наурыз” айы, “жаңа күн” деп аталады”, делінген. Яғни жаңа күнтізбе бойынша 14-15 наурыз мерекенің беташары саналған. Осы себепті жыл сайын “Адай ата – Отпан тау” тарихи-мәдени кешенінде өтетін “Амал” мерекесі әбден құптарлық. Осы күні Самарқанда көк тас балқып, жаңа жылдың бастауы іспеттес Амал айы кіреді. Көрісудің де тәрбиелік маңызы зор. Бұл күнді әр шаңырақ асыға күтеді. Ақ дастарқанын жайып, сыйластық, ілтипат білдіреді. 14-нен бастап 22-не дейін әрбір күн белгілі бір атаулармен атап өтіледі (көрісу, жаңару, тазару, береке, тағзым, т.б.). Осы күндері бұлақтың көзін ашып, тал еккен, аулаларды көгалдандырған, шелпек таратып, марқұмдарды еске алған, қайырымдылық істермен айналысқан. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі саналған. Рухани жағынан да кемелденіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген.
Өкінішке қарай, Наурызды өткізу бағдарламасы бірізге түспегендіктен, нақты формасы болмағандықтан, өзінің сипатына сәйкес мерекеленіп жүрген жоқ. Әлі есімде, осыдан 3-4 жыл бұрын белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали арнайы келіп, ол ұсынған тұжырымдама негізінде өңірде Ұлыстың ұлы күні 14 наурыздан Амал мерекесі ретінде тойлана бастаған. Ұлттық киім кию, ұлттық тағам күні белгіленіп, мекемелер мен өзге этнос өкілдері үлкен қызығушылық танытқан. Неге екені белгісіз, осынау жаңаша дәстүр жалғасын таппай, үзіліп қалған сияқты. Тіпті соңғы кездері тойланудың өзі қандай да бір жаттандылыққа, ресмилікке бет бұрып бара жатқаны да алаңдатпай қоймайды. Сондықтан Наурыз мейрамын мерекелеудің тәртібін белгілеп, ұлттық келбеті айқындалса, құба құп болар еді. Өйткені көбіне киіз үйлер тігу, алтыбақан орнату, концерт қою, сауда-саттық ұйымдастырумен ғана шектеліп, томаға-тұйықтыққа салынып кеткен сияқтымыз. Сондай-ақ “Амалдың” (“Көрісу” күнін) ұғым-түсінігі жете насихатталмағандықтан, жұртшылық толық түсініп, қабылдап кетті деу қиын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыру қажеттігін айта келіп, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсуге тапсырма берген болатын. Осыған орай, мемлекеттік сыйлықтарды наурыз күнінде бере бастауы – жақсы бастамалардың бірі. Бірақ мұндай бірліжарым шаралар жеткіліксіз. Наурыздың маңызын арттыруға, қатардағы мерекелердің біріне ұқсап кетпеуіне, бірреттік сахналық сипаттан гөрі ұлттық нақыш бейнесінде өмірімізге, түсінігімізге орнығуына бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар мүдделі болуы тиіс. Бұрындары көпқабатты үйлердің тұрғындары жиналып, аулаларда мерекелейтін. Бұл дәстүр де сирексіп кетті.
Әлім ӘЙІПҰЛЫ,
Қызылжар аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі.