– Хамзат Қажымұратұлы, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Әңгімеміздің әлқиссасын осы тақырып төңірегінде бастасақ. Оразаны тамақтан ғана тыйылу деп түсінетіндер көп. Неге?
– Ораза араб тілінде “саум” деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден тыйылу дегенді білдіреді. Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде “Бақара” сүресінің 183-аятында: “Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде”, – деген. Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген адам ораза тұтудан бұрын жүрекпен ниет етуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.
– Аға буын өкілдері тарапынан “дін мамандарының уағыз-насихаты қазіргі өмір құбылыстарымен мүлдем үйлеспейді”, “имамдар о дүниемен, тозақ отымен қорқыта береді”, – деген сынды жиі естіп қалып жатамыз. Дін мамандары қоғамдағы мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмайды деген пікір де бар. Сіз бұған не айтар едіңіз?
– Имам халықтың руханиятына жауапты адам ғой. Сондықтан халық имамның бойынан бірегей құндылықтар, яғни көркем мінезді, әдептілікті, парасаттылықты, зеректікті, білімділікті көргісі келеді. Бірақ біздің имамдарымыздың барлығы дерлік бұл талаптарға жауап бере алмайды. Оның алғашқы себебін білім сапасымен байланыстырар едім. Өңір имамдарының он үш пайызы ғана жоғары білімді. Енді біз олардан діни түсінікті, Құран аяттарын, хадистерді, ғалымдардың пәлсапаларын қазіргі қоғамның мәселесімен, халқымыздың мінез пайымымен үндестіре сөйле деп қалай талап етеміз. Кейде жұма намазына дейін айтылатын уағыздардың өзі көңілден шықпай жатады. Олар өздері оқыған ғалымдардың айтқан ойларын дәлме-дәл жеткізуге тырысады. Әрине оның бәрі дұрыс. Қоғамның көңілі толмай тұрғанын өзіміз де сеземіз. Екінші мәселе, имамдардың барлығы бірдей көркем сөзге келгенде алдарына жан салмас шешен емес екенін ескеруіміз керек. Исламның қай саласын болмасын жетік меңгерген ғалымдар жоқ емес, бар арамызда. Бірақ олардың көбі білгенін елге үйретуге келгенде сүрініп жатады.
– Екі ауыз сөзбен түйіп айтатын қазақ “Аңқау елге – арамза молда”, “Дүмше молда дін бұзар” дейді. Қазір не көп, уағыз айтушылар көп. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, мұғалімнің де, сатушының да, блогердің де, әншінің де дін туралы айтып отырғанын кездестіреміз. Бұған не себеп?
– Ол рас. Менің ойымша мұның бір себебі бар. Исламда – бәрі түсінікті. Құран аяттарында мұсылманның парызы, қалай өмір сүру қажеттігі барлығы тайға таңба басқандай жазылған. Ешқандай зерттеуді қажет етпейтін уағызды айту кез келген адам үшін оңай саналуы мүмкін. Шындығында олай емес. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жуырда уағыз айтуға білім-білігі жететін ғалымдардың тізімін бекітті. Солардың қатарында өзіміздің өңірімізден бірнеше ұстаз бар.
– “Ғылым мен дін – егіз ұғым” дейміз. Алайда соңғы жылдары екеуінің арасында белгілі бір қайшылықтар орын алуда. Бұл турасында айтар ойыңыз?
– Қазіргі қоғамда дінді жоққа шығарып, дінді заман доңғалағына оратылып, елдің өркендеуіне кедергі келтіретін процесс ретінде қарайтындар бар. Сөзіме тұздық болу үшін мынадай бір мысал келтірейін. Өткен ғасырдың 90-жылдарында өмір сүрген мысырлық Мұхамбет Ғазали деген ғалым осы мәселе турасында былай деген: “Неге мұсылман елдері ғылым-техника жағынан өзге елдерден артта қалуда? Керісінше ислам дінінен артта жүрген Еуропа елдерінің алға шығуының себебі неде? Екеуін арқаларында жүгі бар есек деп алайық. Біреуінің арқасына цемент тиелген, екіншісінің арқасында – тұз. Тұз арқалаған есек Еуропа елдері болса, цемент арқалаған есек мұсылман елдері. Олардың арқалаған жүктерін ұстанған діндері делік. Жолда алдарынан үлкен өзен кезігеді, тұз арқалаған есек суды кешіп өткенде арқалаған жүгі жеңілдеп бойы сергиді. Мұны көрген екінші есек те суға түсіп, бойын сергітіп алғысы келеді, бірақ оның жүгі керісінше ауыр тартып, суға шөгіп кетеді. Бұдан алар сабағымыз, кезіндегі еуропалықтардың ұстанған діндері бұзылған еді. Олар дінін тастағаннан кейін қарыштап дами бастады. Ал мұсылмандардың діні ақиқат еді, олар діннен алыстап еді, қоғамның соңында қалып опат болды”. Демек мұсылман елдерінің дамымауының бірден-бір себебі, дұрыс бағытқа жол сілтеген исламды адал ұстамай, амал етуді ұмытқандығы. Құран Кәрімнің бірінші аятында “намаз оқы, зекет бер” делінбеген. Қасиетті кітап “Оқы” деген сөзден басталады. Демек нағыз мұсылманға керегі – оқу, іздену. Олардың ғылымның кез келген саласында еңбек сіңіруге мүмкіндігі бар. Алғашқы медицинаны, алғашқы университетті, жаратылыс заңдылықтарын бірінші болып мұсылмандар таратқан. Қоғамның дамымай жатқандығына діннің еш қатысы жоқ, оған адамдардың өздері кінәлі. Біз дінді әлі күнге толықтай зерттеп білмедік. Кейде Абай Құнанбаев пен Шәкәрім Құдайбердіұлының кейбір ғақлиялы сөздерінің мағынасын ұғына алмай жатамыз. Қазақтың діні – Абайда тұр. Нағыз діндар адам – ғылым-білімге ұмтылған, өзін күн сайын дамытып отыратын, жаңалыққа жаны құмар, бір күні екіншісіне ұқсамайтын адам деген сөз.
– Қазір, шыны керек, дін пайда құралына айналып бара жатқан сияқты. Исламның атын жамылып, жұртқа ақыл айтатындар, психологиялық тренинг өткізетіндер, қор құратындар көбейді. Бірдеңе деп уәж айтсаң болды, жаттап алған бірнеше сүре мен аяттарды қарсы құрал ретінде пайдаланады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Өз басым ислам ұғымын адал еңбек деген қағидатпен ұштастырамын. Кез келген мәселенің төркіні адал еңбекте жатыр емес пе?
– Біздің ата дініміз харам жолмен пайда табуды дұрыс деп санамайды. Дін – ұстай алсаң қасиет, ұстай алмасаң – қасірет. Өкініштісі сол, бүгінде ақша үшін исламды пайдаланып жүрген жандардың қатары артып отыр. Олардың дені – психологтар. Әрине кез келген ғылым исламмен байланысты. Психология да солай. Алайда солай екен деп дінді қолжаулыққа айналдыруға болмайды ғой. Психология – бөлек мамандық. Оған аят, хадистерді тықпалаудың қажеті жоқ. Исламның өзін толықтай меңгеру үшін адамның бір ғұмыры аздық етеді. Исламның пәлсапасы, заңдары, Құраны, тәмсірі, шариғаты, тағысын тағылары бар. Сондықтан оған жеңіл қарауға, кез келген ортада ата дініміз туралы сөз айтуға болмайды. Ол үшін адамда терең білім болу керек.
Ақша, табыс табу жағына келетін болсақ, оның да екі тұсы бар. Кезінде елордада араб тілін үйрету курсын аштық. Алғашында тегін өткізіп едік. Оған ешкім қатыспады. Ақылы қылып едік, үйірмеге келушілер саны көбейіп кетті. Психологиялық тренингтердің ұйымдастырылғанына өз басым қарсы емеспін. Олар ашкөздік, пайда табушылық мақсатта өткізсе, ол бөлек әңгіме.
– Мешітте неке қидырып, арада көп уақыт өтпей ажырасатындар туралы не айтар едіңіз? Мешітке келіп неке қидырудың ерекшелігі неде?
– Дінде неке қию міндетті амалдардың бірі болып саналады. Ол тек имамның, куәгерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын амал емес. Астарында ақыретімізге азық боларлық сауапты іс жатыр. Ер мен әйелге некесіз жақындасуға шариғатта қатаң тыйым салынған. Мұндағы ең басты мақсат – олардың ерлі-зайыпты екенін көрсету. Ер адамның қасында жүрген әйелдің жәй адам емес, ер жігіттің өмірлік жары екенін халыққа жария ету. Біздегі неке куәлігі тек естелік ретінде ғана беріледі, оның ешқандай заңдық негізі жоқ. Неке қидыруға келген жастарға бұл мәселені түсіндіріп айтамыз.
– Қоғам қанша жерден дамып, адамдардың санасы оянған десек те, кей жандар әлі де болса бақсы-балгерлерге жүгінеді. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Мұндай адамдарды рухани тұрғыда өзіндік ұстанымы жоқ, жеке ой-пікірі қалыптаспаған, басқалардың ығына жығыла беретін пенделер қатарынан деуге болады. Шариғат тілімен айтқанда бақсы-балгерге бару күнә, ал оған сенгендер діннен шығып кетеді болмаса үлкен күнәға батып, 40 күн бойы дұғасы қабыл болмайды. Шариғатымызда ада екі әлем бар. Рухани тұрғыдан әлсіз, күнәға батқан адамдардың бойын жындар тез жиектейді. Мәселен, адамдар ашуланған сәтте өзінің не айтып не қойғанын білмей жатады, болмаса “жыным келіп тұр”, – дейді, мұның барлығы қоғамда болып жатқан құбылыстың әсерінен. Жындардымдар және жындар деп аталатын өмір сүру уақыты адамдарға қарағанда ұзақ болады. Адамдар орташа есеппен 70 жыл өмір сүреді десек, жындардікі мың жылға дейін баруы мүмкін. Кей жұртшылық бұны миф ретінде қарастырады, бірақ олар адамдармен қатар өмір сүріп жатыр.
– Киім кию мәдениеті климат ерекшелігіне байланысты қалыптасқан дағды екені белгілі. Жасыл алқап жайлаған қоңыржай белдеуде өмір сүрсек те кей жастарымыз тұла бойын тұмшалап жүреді, бұл оның діндәр екеніне өлшем бе сонда?
– Ата дінімізде нәзік жандардың әурет жерлерін жауып жүрулері қажеттігі айтылған. Исламның бұл талабы өткен ғасырдың 20-30-жылдарына дейін сақталды. Бастарына кимешек киген, етек-жеңі кең көйлек киген апа-әжелерімізден тәлім алдық. Ал хиджабқа келетін болсақ, ол – діни сенімнен туындайтын киім үлгісі. Бұл киімдердің қазақтың дәстүрлі киіміне ешбір ұқсастығы немесе қатысы жоқ. Керісінше, хиджабтың араб-парсылардың ұлттық дәстүрлі киіміне қатыстылығы бірден білініп тұрады. Қазақ қызының өзіміздің ұлтымыздың дәстүр-салты бойынша киінгені ғажап емес пе!?
– Ас беру мәселесін қозғағанды жөн көріп отырмын. Кісі қайтқан үйде қазан-қазан ет асылып, аста-төк дастарқан жайылатын жайттар көп кездеседі. “Қаралы үйде қазан асылмайды”, – деген сөздің төркінін орындауға келгенде неге енжармыз?
– Ысырапшылдықты, даңғазалық пен даңғойлықты дініміз құптамайды. Оны Президентіміздің өзі де айтты. Қайсібір жылдары дұға, бата дастарқанының мәзірін бекіттік. Тұрғындардың көбі етті турап беруді үйренді. Кісі қайтқан үйде қазан асылмайтынын ұғындыру қиынға соғып тұр. Қазақта жетісі, қырқы, жылдығы деген дәстүрлер бар. Бұл дүниеден озған кісімен дидарласуға үлгермей қалған жандардың жақын-жанашырлары мен туыс-туғандарына көңіл айтсын деген мақсатта жасалған. Ас беру, қонағасы қайтыс болған адамның туыс-туғандары жиналып ертеңгі жаназаны шығаратын адам кім, сүйекке кім түседі, марқұмның өтелмей қалған қарыздары бар ма деген сияқты мәселені талқылау үшін пайда болған. Шариғаттың талабы бойынша сырттан келген қонақтарды көрші-қолаң өздерінің үйіне алып кету керек. Бұл – кісі қайтқан үйге ауыртпалық салмау деген сөз.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.