Мамандар шетелге шығарылуы тиіс 1,5 тонна қызанақтан тосповирус анықтады.
Облыстық аумақтық инспекцияның мәліметінше, қызанақ Ресейге жөнелтілуі тиіс болған. Өсімдіктер карантині жөніндегі инспектор өнімді Астана қаласының өсімдіктер карантині жөніндегі республикалық орталыққа ПЦР тест жүргізу үшін сараптамаға жіберген. Ол жерде көкөніс қоңыр қатпарлы вирусқа, қызанақтың қола түстес тосповирусына және пепино Мозайка ауруына тексерілді. Нәтижесінде қызанақтан қола түстес тосповирус табылды.
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабына, 2-тармағына, 3-тармағына сәйкес көкөніс иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш – 73840 теңге айыппұл салынды. 1,5 тонна томат толық жойылды.
Мамандардың айтуынша, қызанақтың қола түстес тосповирусы адам үшін қауіпсіз. Алайда ауру көкөніс шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Әдетте бұл вирус томат пен бұрыш үшін қауіпті, шыққан өнімнің 80 пайызын жоюы мүмкін.
Қызанақтың қола түстес тосповирусымен күресте дәстүрлі әдістер: топырақты дезинфекциялау, қопсыту, фольгамен жауып қыздыру айтарлықтай нәтиже бермейді. Вирусты жою үшін құрал-сайманды зарарсыздандырып, қолды жиі сабындап жуып, аяқ киімді тазарту керек. Ал жұқтырған өнімді жою қажет.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.