«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызметтің құлы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытбек БЕЛГІБАЕВ,

49 жаста.

Адам өмірі үздіксіз қозғалыс­тан тұрады. Біз шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап жыбырла­ған тіршілікке араласып, ақырғы рет көзіміз жұмылғанша жай тап­паймыз. Тіпті ұйықтап жатқан сәтте де әр түрлі ойлар санамыз­ды сілкіп, түсімізде де тынымсыз әрекет етіп жүреміз. Кейде маған адамның саналы ғұмырының мәні де осы қозғалыс сияқты кө­рінеді.

Біздің басқа тіршілік иелері­нен айырмашылығымыз – өз қа­лауымызға қарай әрекет ете ала­мыз. Бүгінде ешкімнің де соқа сүйреген өгіз сияқты тектен-тек жұмыс істей бермесі анық. Кез кел­ген іске кірісу үшін адамда қан­дай да бір ұмтылыс, мақсат болады. Әрқайсымыз сол мақса­тымызды жүзеге асыру үшін жер бетінде түрлі нәрсемен айналы­сып келеміз. Егер ондай мақса­ты­мыз болмаса, өмірдің мәні жо­ғалып, ішіміз бос қалады. Бір биікке жетсек, екіншісі қол бұлғап шақырады. Мен үшін адам өмі­рінің бар мағынасы осында сияқ­ты. Данышпандар да әр адам­ның жанында құдайдың өлше­мін­дей тесік барын, әр адам сол тесікті қолы жеткен нәрсемен тол­тыратынын айтқанда осыны мең­зесе керек. Мұндайда өмірімізді мағыналы дүниелермен толты­рып, мәңгілік құндылықтарға жү­ре­гіміздің есігін ашсақ жақсы ғой. Алайда өле-өлгенше байлықтың буына мас болып, қомағай кө­мейді ақшамен тығындауға тыры­сып өтсеңіз, одан асқан өкініш жоқ.

Кейде мен бала кездегі өз бей­немді елестетіп, онымен сөй­лескендей боламын. Көз алдым­да өмірдің қалтарыс-бұлтарысынан хабары жоқ, күнәдан пәк бір бала тұрады. Алайда оны өзім деп қабылдай алмаймын. Бүгінгі маған мүлде ұқсамайды. Ересек болғалы адам танымастай, өзім­ді өзім танымастай өзгеріп кет­кен екенмін. Жаңағы бала мені әлде аяғандай, әлде айыптаған­дай қарап тұрады. Ешкімнің ал­дында иліге қоймайтын асау ба­сым осы сәт салбырап, ұяттан қызарамын. Маған қарап тұрған ата-анам да, балаларым да емес, өзім. Жалғыз ананың етегі­не оралып, жұпыны өмір сүріп жетілген бала бейне. Ол бала менен гөрі бақытты еді. Таза кө­ңілдің түкпірінде теңге сылдыр­ламаған, ойыннан басқаны біл­мейтін алаңсыз кездер-ай.

Әлдеқашан ұмытылған алыс бір ауылда анам екеуіміз қоңыр­қай ғана тұрмыс кешіп жаттық. Екеуіміз мен ес білгелі бір-бірі­мізге сүйеу болып келеміз. Ол күнімен жұмыста, мен мектепке барамын, үйдің шаруасын ың­ғай­лаймын. Өміріне серік болар ері жоқ ана жалғыз перзентін қа­лай әлпештеп, мәпелемесін. Тағ­дырдың талай сынына тап кел­ген, жарынан да, басқа балала­рынан да айырылған жанның жат­са-тұрса ойлайтыны ұлы ғана. Сол ұлы үшін тістеніп жү­ріп, тырбанып жүріп, өмірдің дауылына майыспай келеді. Екеуі­міз кешкісін отырып, ұзақ сөйлесеміз. Маған қиыншылық­ты көре-көре көзінде жас қалма­ған әйелдің мұңын түсіну қайда? Әңгіме көбіне менің айналамда өрбиді. Сондай кештердің бірін­де ол менен болашақта кім бола­тынымды сұрады. Мен ойлан­бастан: “Суретші болғым келеді”, – деймін. Бала кезде елден ерек қабілетім сурет салу еді.

“Сурет салған дұрыс-ақ. Бірақ суретші болсаң өмір бойы жоқ­шы­лықтан көз ашпайсың. Сен ер-азаматсың. Отбасыңды асырап, бала-шағаңа керегін бере алуың керек. Сондықтан сені табысқа жет­кізетін жолды таңда”, – дейді анам.

Осы сәтте мен өзімнің есейіп қалғанымды сездім. Анамның не айтқанын қазбалап сұрамай-ақ түсіндім. Жылдар өте келе су­рет­ші болу туралы арманым жай ғана баланың қиялы сияқты кө­рініп, сол арманымнан алыстай бердім. Туғалы әке дегеннің қан­дай болатынын көрмеген мен оны отбасы үшін нан тауып, жұ­мыс істейтін адам кейпінде елес­тететін едім. Тезірек ержетіп, өзім де әке болар күнді асыға кү­темін. Анамды қуантып, мол та­бысқа жетіп, еңбек етер кезді елес­тетемін. Армандаған сол шақ­қа да көп ұзамай жеттім. Университетте оқып жүргенде-ақ жұмыс істеп, өз күнімді өзім көре бастадым. Ал қолыма диплом ала сала жоғары жалақысы бар қызмет іздедім. Енді ғана уни­вер­ситетті аяқтаған жас балаға жоғары жалақы мен жайлы жұмыс қайдан табыла қойсын? Ірі компаниялардың біріне қара­пайым қызметкер болып орна­лас­тым. Өзімді жақсы жағымнан көрсету үшін барымды салдым. Күн-түн демей қағазға көміліп, тіпті демалыс күні де кеңседен шықпайтынмын. Компания­мыз үшін түрлі жобалар әзірлеп, табысын арттырудың жолын іздеймін. Келе сала белсене жұ­мыс істеген менің беталысыма қарап әріптестерім де басқаша қарай бастады. Көп өтпей жала­қым да артып, қызметім де жоға­рылай берді. Тек жұмысты ғана ой­лап, сыртта көп жүргендіктен болар анам­ның мені үйлендіру туралы әңгімесі жиілей берді. Әуелде онысын елемеуге тырысқанмен, енді бірнәрсе істемесе болмай­тын күйге жеттік. Содан айнала­сы бір жылдың ішінде шаңырақ­қа келін түсіп, бір басым екеу болды. Үйленгеніммен үйден шық­пай жатып алған мен жоқ. Әдеттегідей ерте кетіп, кеш келе­мін. Толып жатқан кездесулер, іссапарлар басқаға мойын бұр­ғыз­байды. Есесіне жұмысым алға басып, тасым өрге домалап келеді. Басшымыз да жұмысқа берілген іскер адам еді. Бәрімізді жиып алып, біздің істің маңыз­дылығы, алда күтіп тұрған нәтиже­лер мен ұжымдық бірлік туралы тоқтамай дәріс оқығанда ең жал­қау дегендердің көзінде от жа­нып, білегін сыбанып тұратын. Адамның жігерін оятудың жолын білетін бастығымның мен деген­де көңілі алабөтен. Содан да бо­лар басқа әріптестерім сыртым­нан түрлі әңгіме таратады. Олардың мұнысы керісінше маған күш бергендей болып, жұмысымды өршеленіп істей беремін. Біраз жылда өзім де басшы болып, компанияның кемесін алға сүйрейтін алдыңғы қатарлы мамандардың біріне ай­налдым. Осы уақытта екі балам дүниеге келіп, отбасым да қуа­ныш­қа кенеліп жатты. Бір қара­сам менен бақытты адам жоқ сияқты. Елдің бәрі мені арқа тұтып, төбесіне көтереді. Алайда ақша мен билік қаншалықты көп болса, уақытым да соншалықты аз еді. Басқасын айтпағанда өз балаларыммен бірге болуға уа­қыт таппаймын. Қасында анасы мен әжесі болған соң олар да мені іздеп жатпайды. Мереке­лерде де жақындарыммен бірге болатын кезім сирек. Туған-туыс­тың той-домалағына да қолым тие бермейді. Тіпті баратын мүмкіндігім болып тұрса да, жұ­мысты сылтаурататын әдет тап­тым. Менің мансапта биікке жеткеніме қуанып, хабар үзгілері келмейтін достарыммен де емен-жарқын отырып әңгімеле­се алмаймын. Осылай биікке шыққан сайын қасымдағылар­дың бәрінен алыстай бердім.

Ер-азаматы үйді ұмытып, үнемі түзде жүрген үйдің тірлігі оңсын ба? Анам қайтыс болған­нан кейін отбасымда ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтын болды. Әйе­лім менің жұмыстан бас алмай­тынымды, балаларға көңіл бөл­мейтінімді айтып құлақ етімді жейді. Оған бұл жұмыстың мен үшін қаншалықты маңызды еке­нін айтып түсіндіре алмай-ақ қой­дым. Бұл күндері балалар да есейіп қалған. Үлкен қызым мек­теп бітірген. Сыртта жүріп, оның мектеп бітіру кешіне де бара ал­маппын ғой. Балалары үшін шы­рылдаған жарымның айтатын ре­ніші де, тағатын айыбы да көп. Мен соның бәрін өзімнің жұмыс­бастылығыммен ақтап алғым келеді. Осылай бір-бірімізді тү­сіне алмаған соң, ажырасып тындық.

Жалғыз қалған соң мен жұ­мыстан бас алған жоқпын. Таң­ның атысы, кештің батысы қыз­мет барысын ойлаймын да жүре­мін. Бар адамзаттың тағдыры ме­нің қолымда тұрғандай күні бойы кеңседен шықпай отырып ала­мын. Ақша да, құрмет-қошемет те бір басыма жетіп артылады. Алайда соны азсынғандай қыз­метіме беріле түсемін. Мұның бә­рінің уақытша екенін кеш түсін­генім сондай өкінішті болар ма?

Бір күні кенеттен компания­ның иесі ауысып, төбемізден жай түскендей күй кештік. Келе сала жаңа қожайын өз тәртібін түсін­діріп, жаңа өзгерістер мен ере­желер енгізді. Ондаған жыл жұмыс істеп келе жатқан мен әу бастан жаңа егемізбен тіл табыса алмадым. Ол да мұны түсінген болуы керек, көп өтпей мені жұмыстан шығарып, қош айтысты. Мен өмірімде мұндай белгісіздік күйін бастан кешпеген шығармын. Бір-ақ сәтте алдым­ды тұман торлап, жарты өмірімді арнаған мансабыма нүкте қо­йыл­ды. Кеше ғана билігім жүрген кеңседен елеусіз ғана шығып барамын. Менің алдыма келсе жер шұқып, аяқ-қолы дірілдейтін қызметкер­лер кетіп бара жатқаныма елең етпей күлісіп кофе ішіп отыр.

Бар өмірінің мәнінен айырыл­ғандай болған мен көп өтпей жү­регім ауырып, ауруханаға түстім. Қиналып жатсам да, мұндай күй­ге қалай түскенім миыма сияр емес. Қай жерде қателік жасағаным­ды таппай, әділетсіз өмірге өкпелі күйдемін.

Бұл өмірден өз ақиқатын ішке түйіп, өкінішсіз өтетін бір адам жоқ. Тіпті ғұмыр бойы қолы қанға малынған қылмыскерлер де, қа­тігез патшалар да өмірінің соңғы сәтінде өкініп, жаны азапқа түсіп, өзінің мойнындағы ауыр күнәні түйсініп кетеді екен. Осын­дай күй ота алдында жатқан менің де басымнан өтті. Мен бала кездің өзінде, өз арманым­нан бас тартқан сәтте-ақ басқа адамның өмірін таңдаппын. Өз қолым өз аузыма жеткелі мансап пен ақшаға құл болып, балала­рым үшін үлгілі әке, әйеліме өмір­­лік серік бола алмаппын. Өзімнің қызметтің буына мастан­ғаным аздай, басқалардан да соны талап етіп, жұмыстан отба­сын биік қойған талайларды тауып отырған нанынан айырып, түксіз қалдырғаным есімде. Енді бүгін өлім аузына тап келгенде өз артымда мәнді ештеңе қал­дыра алмағанымды түсініп қи­налудамын. Жаным мұрнымның ұшына келгенде қасымда бо­лар ешкім жоқ, жалғыз жа­тырмын. Бүйтіп биікке шыққан­ша, қалтам тесік күн кешсем де, суретші болсам қазір дәл бұлай азапқа түспес едім. Мен суретші болмақ түгіл, өз өмірімнің өрнегін дұрыс сала алмаппын ғой…

Ота алдындағы бірне­ше секунд ішінде мен осының бәрін ойлап, өзімнің қаншалықты адасқанымды түсініп үлгердім. Осы бірнеше секунд мен үшін мәңгілікке созылған азапқа ай­налды. Егер менің бар өмірімді таразыға салып, екінші жағына осы секундтарды қойса, менің бұған дейін кешкен ғұмырымның еш салмағы болмас еді.

Жаным қанша қиналып жатса да, татар дәмім таусылмаған екен. Отадан кейін мен мүлде басқа адам болып ояндым. Еш мәні жоқ өткенімді жадымнан өші­ріп тастағым келді. Ауруханадан шыққан соң не істерім де белгісіз. Кезінде менен жылулық таппай жырақ кеткен әйелім мен бала­ларым мені кешіре алар ма екен? Олар кешіргенмен өзімді-өзім кешіре алар ма екенмін?

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp