Өңір дәрігерлері 3 литрден астам қан жоғалтқан әйелді өлімнен аман алып қалды. Шал ақын ауданының тұрғыны Жадыра Ахметова ақпан айында бесінші сәбиін дүниеге әкелген. Алайда екі аптадан соң науқастың денсаулығы сыр береді. Көпбалалы ана аудандық ауруханаға жатқызылғанымен, жағдайы жақсармаған. Облыс орталығынан бір топ дәрігер ауданға шұғыл жетіп, ота жасап, науқастың өмірін сақтап қалды.
– Қанның кетуін тоқтатқаннан кейін жедел медициналық жәрдем бригадасы әйелді облыстық ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ біз жас анаға тиісті консультация бердік, екі күн бойы жансақтау бөлімінде ұстап, содан кейін мамандандырылған бөлімшеге жатқыздық, – дейді реанимация бөлімінің жетекшісі Сергей Ишин.
Қазір беті бері қараған ананың қуанышында шек жоқ, өміріне араша түскен дәрігерлерге алғысы зор.
– Мен ауруханаға түскен кезде жағдайым өте ауыр болды. Есімді зорға жидым. Содан кейін ғана ота жасалғанын білдім. Алдымен Құдайдың, одан кейін дәрігерлердің көмегімен аман қалдым. Алғысым шексіз, – деді Жадыра Ахметова.
Бүгінде көпбалалы ананың денсаулығы жақсарып, үйіне кетті. Мамандардың айтуынша, үш литрден астам қан жоғалтқан адамның өлімнен аман қалуы сирек жағдай екен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.