«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлы тұлғаларымыз туған елді мекендерді сақтап қалудың кешенді жоспары керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі жекелеген елді мекендердің жойылуы жөнінен республикада алдыңғы қатарда десек қателесе қоймаспыз. Соның дені – қазақ ауылдары. Оған себеп жетерлік. Бәрін санамалап шығуды жөн көріп отырған жоқпын. Бүгінгі сөз еткелі отырған жағдай басқа.

Біздің облыста бүкіл еліміз мақтан етерлік ұлы тұлғалар шыққан ерекше үш аудан бар. Олар – Айыртау, Мағжан Жұ­мабаев және Жамбыл аудан­дары. Осыдан 3-4 жыл бұрын облыс орталығында тұратын бір топ жамбылдық зейнеткер үшін қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Жангелді Тәжин өз ауданының тарихи орында­рына экспедиция ұйымдастыр­ды. Сол игілікті шараға атал­мыш ауданның тумасы болма­сам да, журналист ретінде мен де қатысқан едім.

Алғашқы ат басын тіреген жеріміз – Сәбит ауылы болды. Майбалық ауылдық округіне қа­райды. Орталығы – Святоду­ховка, жергілікті тұрғындар оны Түлкіойнақ деп атайды. Таби­ғаты тамаша жерге орналасқан елді мекен екенін бұрыннан жақ­сы білеміз. Сәбеңнің мерей­той­лары дүркіреп өткен жер. Жәді­герлері мол мұражай бәз баяғы қалпында. Нысанға басшылық ететін Әлия Сәрсекова қарын­дасымыздың тарихи мұраны көздің қарашығындай сақтап отырғаны қуантады. Жанын­дағы арнайы салынған қонақүй ғана тиісті жөндеу көрмеген­діктен жабық болып шықты.

Ауылдың ортасындағы мек­теп үйі Сәбеңнің 100 жылды­ғында, яғни 2000 жылы пайда­лануға берілген болатын. Сол кездегі Мемлекет басшысы ар­найы барып, салтанатты жағ­дайда ашып берген. Тоғыз жыл­дық білім ошағы еді. Бұл күндері оқушы саны азайып, бастауыш мектепке айналған. Қазір ауыл­да 15 отбасы ғана түтін түтетіп жатыр.

Оңтүстіктен қоныс аударған­дар үшін облыс бойынша са­лын­ған екі мыңдай баспананың бірнешеуін осы ауылға салуға болар еді ғой. Осының өзі аудан басшыларының тарихи мекенді қайтсек те сақтап қалайық, киелі жерге қоныс аударатындарды жұмыспен қамтамасыз етейік, оларға жағдай жасайық деп бас қатыра қоймағанына нақты мы­сал бола алады.

Кезінде Ғабит Мүсірепов кеңшарының орталығы болған Жаңажол ауылы да осы аудан­да. Сөз зергері атанған акаде­мик жазушының туған жері. Екі қабатты мектеп, еңселі Мәде­ниет үйі бар. Ғабеңнің 100 жыл­дығына орай арнайы мұражай салынған болатын. Сәулетті ғимарат. Бірақ күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен жабылып, жәдігерлері жергілікті мәдениет ошағының 2-ші қабатына көші­рілген. Әйтеуір осы ауылға оң­түстіктен қоныс аударушы­ларға арналған бағдарламаға орай 6 үй салынған екен. Соның арқасында жергілікті мектеп бала санынан әзірше қиындық көріп отырған жоқ. Осы сапарда экспедиция мүшелері: “Облыста біз білетін екі Жаңажол ауылы бар. Екін­шісі – Шал ақын ауданында. Мы­на ауылды елдің төл тумасы Ғабит есімімен атайтын кез келді. Ол Кеңес дәуірінде Со­циалистік Еңбек Ері атанған жерлесіміздің 120 жыл­дығына көрсетілген құрмет бо­лар еді. Соны ауылдастар бас­та­са”, – деген ұсыныстарын айт­қан еді. Мерейтойға орай еңселі мұра­жай қалпына келтірілуі тиіс еді, ол да істелмеді, той өткеніне де екі жылдың жүзі болды. Бая­ғы жартас – сол жартас. Атақты “Есе­ней орманы” мен Ұлпан ке­сенесі де осы ауылдың ірге­сін­де. Әнге арқау болған “Қызқа­рағай” қурап, көзден ғайып бо­лыпты.

Осы аудандағы киелі жер­лердің бірі – Гүлтөбе-Маманай қонысы. Оның тарихы аты аңыз­ға айналған Толыбай сыншыдан басталады десек қателеспей­міз. Біз мақтан тұтатын Қожа­берген жырау мен Сегіз сері осында туған. Сонау 2000 жылы 19-20 желтоқсанда атақты та­рихшы, бүгіндері универси­те­тімізге есімі берілген Манаш Қозыбаевтың қатысуымен “Да­уылпаз баба – Қожаберген жы­рау” атты ескерусіз қалып кел­ген тарихи тұлғаға арналған ал­ғашқы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сонда егемен еліміз­дің 5 томдық тарихын жазған академик ұлы бабаның барлық қырын тарихи деректермен са­раптай келіп, Қызылжар өңірінің азаматтарына сын боларлық мынандай пікір айтты: “Ұлы да­уылпаз жыраудың есімі тарих­қа хатталуы, ғылыми өмірбаяны жазылуы менмұндалап-ақ тұр. Солтүстік Қазақстан, жасыра­тыны жоқ, суық желдің өтінде, ұлы империяның бетінде тұр. Қожаберген баба – қазақ мем­лекеттігінің жаршысы да жоқшы­сы. Сондықтан, Тәуке хан зама­насынан бері қазақ хандары­ның, билерінің, сұлтандарының, әскери басшыларының, батыр­ларының ордасы болған Гүлтө­бе-Маманай елі Қожаберген ауданы аталып, еңселі ескерт­кіш орнату ең алдымен әділеттік үшін керек, одан қалды тәуел­сіздік заманасында шекара жігін айырып, бір қолында қылышы, бір қолында қаламы бар баба­ның солтүстік көрші елге көз тігіп, айбын болып тұруы сим­волика үшін де керек-ақ. Бұл аудан атының Жакең, аруақты Жакең үшін керегі де жоқ. Жакең 1937 жылы Мирзоян қаласын өзгертіп “Жамбыл” деп аталға­нын естігенде селт етіп, бірден:

“Атыңнан айналайын

Әулиеата,

Атыңды тартып алды деп болма қапа!” – деген екен. Сол сияқты, бұл өлкенің Қожаберген баба елі екенін білген болса:

“Атыңнан айналайын Қожаберген,

Мен дағы ұрпағыңмын соңыңа ерген.

Жолыңды кес-кектемей дана баба,

Жамбылмын өз еліңді қай­тып берген”, – деп айтар көре­гендігіне мен өз басым имандай сенемін”, – деген еді. Содан бергі ширек ғасырдай уақытта не өзгерді? Академиктің келелі ұсынысын орындай алдық па?

Осы ауданның тағы бір даңқ­ты тумасы – Қожаберген жырау­дың төртінші баласы Есет батыр (1688-1772 ж.). Ол Самарқан медресесін бітірген, қазақ-қалмақ соғысында көш бастаған қолбасшы батыр болған. Есет батыр татар, башқұрт, қазақтар­дың біріккен қолын басқарған. Оның ерлігі жайлы Дәстем сал, Жанкісі, Тәттіқара, Үмбетей жы­раулар, Жанақ, Көтеш ақындар жырлап өткен. Оның ерлігі мен адамгершілігін басқа халықтар да жақсы білген. Сібір татар­лары билері мен бектерінің өті­нішімен Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Сібір татарла­ры­на Есет батырды шора (басшы) қылып жіберген. Сөйтіп, 1746-1772 жылдар аралығында ол татар аймағының (қазіргі Түмен облысы Есет ауданының жері) шорасы (кіші ханы) болады. Сонда жерленеді. Бүгінгі күнге дейін Түмен облысының бір ау­даны, аудан орталығы, ондағы өзен Есет батырдың (Исет өзені, Исетск ауданы, қаласы) атымен аталады. Ресейде қазақ баты­ры­на жасалған құрметті біз То­лы­бай сыншының басқа ұрпақ­та­рына көрсете алып отырмыз ба? Атақты да киелі қоныстың іргесіндегі Богдановка мен Бла­говещенка ауылдары Толыбай сыншы, Сегіз сері атын алуға ла­йық емес деп кім айта алады?!

Иә, облыс орталығында қа­лаға кіреберістегі айналма жол­ға батыр бабамыздың Манаш Қозыбаев айтқандай, еңселі де айбынды ескерткішін орнаттық. “Солтүстік жұлдызы” саябағын­дағы, Пестрое көлінің жаға­жайын­дағы көзге қораш қып-қыс­қа көшеге Қожа­берген жы­рау атын бердік. Қала­дағы №6 қазақ орта мектебін баба есімі­мен атадық. Ескерт­кіш­тің ту сырты, яғни көшенің бірден бір жалғасы Жамбыл атауында. Теріскейдің мәдени төлқұжаты саналатын ұлы ба­бамызға көр­сетілген құрметіміз осы ғана. Об­лыс орталығында­ғы филормо­ния Сегіз сері атын­да. Алайда бесаспап бабамыз астаналық білгішсымақтардың қарсылығы­мен жергілікті тари­хымызды тү­гендейтін “Өлке­тану” оқулы­ғы­на енбей қалды. Оны қайткенде де енгіземіз деп табандылық таны­та алмадық.

Кейінгі кездері жергілікті бас­шылар тарапынан: “Сәбит пен Ғабит мұражайларын аудан ор­талығына көшіру керек. Бұл ауылдардың болашағы жоқ”, – деген қаңқу сөздерді де еститін болдық. Бұл – біздің қолда бар мүмкіншіліктерді жасай алмай, дәрменсіздік танытқанымыз емес пе?

Қызылжар – туристік әлеуеті зор өңірлердің бірі. Шеттен кел­ген қонақтарға болашақта Сә­бит пен Ғабит ауылдарының жұр­­тын көрсетіп, масқара бол­ма­сақ деген ой “елім, жерім” дей­тін жандарды мазалайтыны ақи­қат. Мысал іздеп алысқа ба­ру­дың қажеті жоқ. Осы аудан­дағы ха­лық жазушысы Сафуан Шай­мер­денов туған Амангелді ауы­лының жұрты ғана қалғаны әлі күнге дейін жанымызға ба­тады.

Сәбит Мұқанов “ақынның ақыны” деп атаған атақты жер­лесіміз Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы – Сарытомар. Бұл елді мекен де өркендеп кетті дей алмаймыз. Ондағы мұражай, ақын есіміне байланысты тари­хи орындар – шетелдік турис­терге ұялмай-ақ көрсететін ны­сандар. Күні бүгінге дейін солай болып та жүр. “Мағжан оқулары” да сонда өткізіледі. Бірақ қа­шанға дейін екені беймәлім. Тұрғындар көшіп жатыр, мек­тепте бала саны азайған.

Біз сөз еткен және өңіріміздің киелі жерлері картасына енген, бөркімізді аспанға атып, мақтан ететін осы үш қасиетті мекеннің Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылының кебін кимесіне кім кепілдік бере алады?

Аталмыш ауылдарды сөз еткенде, бұл елді мекендерге Аққайың ауданындағы “Дайын­дық-Агро” ЖШС-ның директоры Біржан Шаймерденов, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулы­шоқ ауылындағы серіктестіктің басшысы Қайрат Жәнібеков, Ға­бит Мүсірепов атындағы аудан­дағы Серік Малаев сынды бас­шылардың бұйырмағанына өкі­нетініміз шындық. Дегенмен өңіріміздің төлқұжаты іспетті үш нысанның, оның негізін құрап отырған үш ауылдың бүгінгі кел­бетіне заман талабына сай на­зар аударатын, оларды дамыту­дың кешенді жоспарын жасай­тын кез келді деп есептейміз. Бұлай болмаған жағдайда Қы­зылжар өңірінің тарихи ны­сан­дарын облыс карта­сы­нан жойып алуымыз ғажап емес. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын?!

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp