Қызылжар өңірі жекелеген елді мекендердің жойылуы жөнінен республикада алдыңғы қатарда десек қателесе қоймаспыз. Соның дені – қазақ ауылдары. Оған себеп жетерлік. Бәрін санамалап шығуды жөн көріп отырған жоқпын. Бүгінгі сөз еткелі отырған жағдай басқа.
Біздің облыста бүкіл еліміз мақтан етерлік ұлы тұлғалар шыққан ерекше үш аудан бар. Олар – Айыртау, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандары. Осыдан 3-4 жыл бұрын облыс орталығында тұратын бір топ жамбылдық зейнеткер үшін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин өз ауданының тарихи орындарына экспедиция ұйымдастырды. Сол игілікті шараға аталмыш ауданның тумасы болмасам да, журналист ретінде мен де қатысқан едім.
Алғашқы ат басын тіреген жеріміз – Сәбит ауылы болды. Майбалық ауылдық округіне қарайды. Орталығы – Святодуховка, жергілікті тұрғындар оны Түлкіойнақ деп атайды. Табиғаты тамаша жерге орналасқан елді мекен екенін бұрыннан жақсы білеміз. Сәбеңнің мерейтойлары дүркіреп өткен жер. Жәдігерлері мол мұражай бәз баяғы қалпында. Нысанға басшылық ететін Әлия Сәрсекова қарындасымыздың тарихи мұраны көздің қарашығындай сақтап отырғаны қуантады. Жанындағы арнайы салынған қонақүй ғана тиісті жөндеу көрмегендіктен жабық болып шықты.
Ауылдың ортасындағы мектеп үйі Сәбеңнің 100 жылдығында, яғни 2000 жылы пайдалануға берілген болатын. Сол кездегі Мемлекет басшысы арнайы барып, салтанатты жағдайда ашып берген. Тоғыз жылдық білім ошағы еді. Бұл күндері оқушы саны азайып, бастауыш мектепке айналған. Қазір ауылда 15 отбасы ғана түтін түтетіп жатыр.
Оңтүстіктен қоныс аударғандар үшін облыс бойынша салынған екі мыңдай баспананың бірнешеуін осы ауылға салуға болар еді ғой. Осының өзі аудан басшыларының тарихи мекенді қайтсек те сақтап қалайық, киелі жерге қоныс аударатындарды жұмыспен қамтамасыз етейік, оларға жағдай жасайық деп бас қатыра қоймағанына нақты мысал бола алады.
Кезінде Ғабит Мүсірепов кеңшарының орталығы болған Жаңажол ауылы да осы ауданда. Сөз зергері атанған академик жазушының туған жері. Екі қабатты мектеп, еңселі Мәдениет үйі бар. Ғабеңнің 100 жылдығына орай арнайы мұражай салынған болатын. Сәулетті ғимарат. Бірақ күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен жабылып, жәдігерлері жергілікті мәдениет ошағының 2-ші қабатына көшірілген. Әйтеуір осы ауылға оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналған бағдарламаға орай 6 үй салынған екен. Соның арқасында жергілікті мектеп бала санынан әзірше қиындық көріп отырған жоқ. Осы сапарда экспедиция мүшелері: “Облыста біз білетін екі Жаңажол ауылы бар. Екіншісі – Шал ақын ауданында. Мына ауылды елдің төл тумасы Ғабит есімімен атайтын кез келді. Ол Кеңес дәуірінде Социалистік Еңбек Ері атанған жерлесіміздің 120 жылдығына көрсетілген құрмет болар еді. Соны ауылдастар бастаса”, – деген ұсыныстарын айтқан еді. Мерейтойға орай еңселі мұражай қалпына келтірілуі тиіс еді, ол да істелмеді, той өткеніне де екі жылдың жүзі болды. Баяғы жартас – сол жартас. Атақты “Есеней орманы” мен Ұлпан кесенесі де осы ауылдың іргесінде. Әнге арқау болған “Қызқарағай” қурап, көзден ғайып болыпты.
Осы аудандағы киелі жерлердің бірі – Гүлтөбе-Маманай қонысы. Оның тарихы аты аңызға айналған Толыбай сыншыдан басталады десек қателеспейміз. Біз мақтан тұтатын Қожаберген жырау мен Сегіз сері осында туған. Сонау 2000 жылы 19-20 желтоқсанда атақты тарихшы, бүгіндері университетімізге есімі берілген Манаш Қозыбаевтың қатысуымен “Дауылпаз баба – Қожаберген жырау” атты ескерусіз қалып келген тарихи тұлғаға арналған алғашқы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сонда егемен еліміздің 5 томдық тарихын жазған академик ұлы бабаның барлық қырын тарихи деректермен сараптай келіп, Қызылжар өңірінің азаматтарына сын боларлық мынандай пікір айтты: “Ұлы дауылпаз жыраудың есімі тарихқа хатталуы, ғылыми өмірбаяны жазылуы менмұндалап-ақ тұр. Солтүстік Қазақстан, жасыратыны жоқ, суық желдің өтінде, ұлы империяның бетінде тұр. Қожаберген баба – қазақ мемлекеттігінің жаршысы да жоқшысы. Сондықтан, Тәуке хан заманасынан бері қазақ хандарының, билерінің, сұлтандарының, әскери басшыларының, батырларының ордасы болған Гүлтөбе-Маманай елі Қожаберген ауданы аталып, еңселі ескерткіш орнату ең алдымен әділеттік үшін керек, одан қалды тәуелсіздік заманасында шекара жігін айырып, бір қолында қылышы, бір қолында қаламы бар бабаның солтүстік көрші елге көз тігіп, айбын болып тұруы символика үшін де керек-ақ. Бұл аудан атының Жакең, аруақты Жакең үшін керегі де жоқ. Жакең 1937 жылы Мирзоян қаласын өзгертіп “Жамбыл” деп аталғанын естігенде селт етіп, бірден:
“Атыңнан айналайын
Әулиеата,
Атыңды тартып алды деп болма қапа!” – деген екен. Сол сияқты, бұл өлкенің Қожаберген баба елі екенін білген болса:
“Атыңнан айналайын Қожаберген,
Мен дағы ұрпағыңмын соңыңа ерген.
Жолыңды кес-кектемей дана баба,
Жамбылмын өз еліңді қайтып берген”, – деп айтар көрегендігіне мен өз басым имандай сенемін”, – деген еді. Содан бергі ширек ғасырдай уақытта не өзгерді? Академиктің келелі ұсынысын орындай алдық па?
Осы ауданның тағы бір даңқты тумасы – Қожаберген жыраудың төртінші баласы Есет батыр (1688-1772 ж.). Ол Самарқан медресесін бітірген, қазақ-қалмақ соғысында көш бастаған қолбасшы батыр болған. Есет батыр татар, башқұрт, қазақтардың біріккен қолын басқарған. Оның ерлігі жайлы Дәстем сал, Жанкісі, Тәттіқара, Үмбетей жыраулар, Жанақ, Көтеш ақындар жырлап өткен. Оның ерлігі мен адамгершілігін басқа халықтар да жақсы білген. Сібір татарлары билері мен бектерінің өтінішімен Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Сібір татарларына Есет батырды шора (басшы) қылып жіберген. Сөйтіп, 1746-1772 жылдар аралығында ол татар аймағының (қазіргі Түмен облысы Есет ауданының жері) шорасы (кіші ханы) болады. Сонда жерленеді. Бүгінгі күнге дейін Түмен облысының бір ауданы, аудан орталығы, ондағы өзен Есет батырдың (Исет өзені, Исетск ауданы, қаласы) атымен аталады. Ресейде қазақ батырына жасалған құрметті біз Толыбай сыншының басқа ұрпақтарына көрсете алып отырмыз ба? Атақты да киелі қоныстың іргесіндегі Богдановка мен Благовещенка ауылдары Толыбай сыншы, Сегіз сері атын алуға лайық емес деп кім айта алады?!
Иә, облыс орталығында қалаға кіреберістегі айналма жолға батыр бабамыздың Манаш Қозыбаев айтқандай, еңселі де айбынды ескерткішін орнаттық. “Солтүстік жұлдызы” саябағындағы, Пестрое көлінің жағажайындағы көзге қораш қып-қысқа көшеге Қожаберген жырау атын бердік. Қаладағы №6 қазақ орта мектебін баба есімімен атадық. Ескерткіштің ту сырты, яғни көшенің бірден бір жалғасы Жамбыл атауында. Теріскейдің мәдени төлқұжаты саналатын ұлы бабамызға көрсетілген құрметіміз осы ғана. Облыс орталығындағы филормония Сегіз сері атында. Алайда бесаспап бабамыз астаналық білгішсымақтардың қарсылығымен жергілікті тарихымызды түгендейтін “Өлкетану” оқулығына енбей қалды. Оны қайткенде де енгіземіз деп табандылық таныта алмадық.
Кейінгі кездері жергілікті басшылар тарапынан: “Сәбит пен Ғабит мұражайларын аудан орталығына көшіру керек. Бұл ауылдардың болашағы жоқ”, – деген қаңқу сөздерді де еститін болдық. Бұл – біздің қолда бар мүмкіншіліктерді жасай алмай, дәрменсіздік танытқанымыз емес пе?
Қызылжар – туристік әлеуеті зор өңірлердің бірі. Шеттен келген қонақтарға болашақта Сәбит пен Ғабит ауылдарының жұртын көрсетіп, масқара болмасақ деген ой “елім, жерім” дейтін жандарды мазалайтыны ақиқат. Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Осы аудандағы халық жазушысы Сафуан Шаймерденов туған Амангелді ауылының жұрты ғана қалғаны әлі күнге дейін жанымызға батады.
Сәбит Мұқанов “ақынның ақыны” деп атаған атақты жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы – Сарытомар. Бұл елді мекен де өркендеп кетті дей алмаймыз. Ондағы мұражай, ақын есіміне байланысты тарихи орындар – шетелдік туристерге ұялмай-ақ көрсететін нысандар. Күні бүгінге дейін солай болып та жүр. “Мағжан оқулары” да сонда өткізіледі. Бірақ қашанға дейін екені беймәлім. Тұрғындар көшіп жатыр, мектепте бала саны азайған.
Біз сөз еткен және өңіріміздің киелі жерлері картасына енген, бөркімізді аспанға атып, мақтан ететін осы үш қасиетті мекеннің Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылының кебін кимесіне кім кепілдік бере алады?
Аталмыш ауылдарды сөз еткенде, бұл елді мекендерге Аққайың ауданындағы “Дайындық-Агро” ЖШС-ның директоры Біржан Шаймерденов, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылындағы серіктестіктің басшысы Қайрат Жәнібеков, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Серік Малаев сынды басшылардың бұйырмағанына өкінетініміз шындық. Дегенмен өңіріміздің төлқұжаты іспетті үш нысанның, оның негізін құрап отырған үш ауылдың бүгінгі келбетіне заман талабына сай назар аударатын, оларды дамытудың кешенді жоспарын жасайтын кез келді деп есептейміз. Бұлай болмаған жағдайда Қызылжар өңірінің тарихи нысандарын облыс картасынан жойып алуымыз ғажап емес. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын?!
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.