«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАЛ — ЫНТЫМАҚ МЕРЕКЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында әз-Наурыздың бастауы саналатын Көрісу күні атап өтілді. Аталмыш іс-шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, ақсақалдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Мереке баршамызға құтты болсын. Осы аптада өңірімізде Нау­рыз мейрамына арналған көп­теген шаралар ұйымдасты­рылады. Соның алғашқысы – Кө­рісу күні. Бұл – халқымыздың дәс­түрі бойынша қарияларға, үл­кен кісілерге сәлем беріп, туған-туысқандарға, көрші­лер­ге құда­йы қонақ боп бара­тын күн. Амал мерекесінің он екі ай­дың сұлта­ны қасиетті Рама­занмен тұспа-тұс келгенін жақ­сылыққа жорып отырмыз. Ауыз бекіткен кісі­лер­дің дұғалары қабыл болып, ті­лектері орын­дал­сын. Еліміз ты­ныш, жұрты­мыз аман болсын, – деген об­лыс әкімі жиналған­дар­ға ұлт­тық құндылықтарды на­сихат­тауға, бірлік пен татулықты нығайтуға қосып жатқан үлес­тері үшін алғысын білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Ескендір Елеу­сі­зов, әзірбайжан этно-мәдени орта­лы­ғының же­тек­шісі Шың­ғыс Құрбанов мере­кенің та­рихи маңыздылығына тоқ­тал­ды.

– Бұл күнді халқымыз Амал ме­рекесі деп те атайды. Адам­дар осы күні бұрынғы өкпе-ре­ні­шін кешіріп, бір-біріне аман­дық-саулық тілейді. Көрісу кү­нінде жасы кіші адам үлкен кісі­нің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар, – деді Ескендір Есмақұлы.

Өңірімізде тату-тәтті тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің жайған дастарқандары мен да­йындаған көрмелері мейрам­ның шырайын аша түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp