Қызылжар өңірі әлемнің 30 еліне карантинге жатқызылатын өнім түрлерін экспорттайды.
Облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Марат Шакимовтың айтуынша, Ресеймен шекаралас аумақтарда төрт фитосанитарлық бақылау бекеті орналасқан. Бұл жерлерде өсімдіктер, олардың тамыры, кесілген гүлдер мен көкөніс, саңырауқұлақ, тағы басқа карантинге жатқызылатын өнім түрлері тексеріледі. Өткен жылы тиісті құжаттардың болмауына байланысты 575 тонна және 120 текше метрден астам карантинге жатқызылатын өнім ел аумағына кіргізілмеген.
“Жыл өткен сайын шетелдерге шығарылатын тауар түрлерінің көлемін көбейтіп, сапасын жақсартуға ерекше ден қойылып келеді. Оған қатысушы кәсіпорындар санының артқанын да байқауға болады. Былтыр облыс аумағынан 3 млн. 795 мың тонна карантинге жататын өнім тексеріліп, олардың 3 млн. 176 мыңы экспортқа, қалғаны еліміздің басқа аймақтарына жіберілді. Жалпы карантинге жататын өнімдер әлемнің 30 еліне жөнелтіледі. Оның ішінде 306 кәсіпорын әлеуетті экспорттаушылар тізіміне енгізілген, бұдан бөлек, 38 кәсіпорын бидайды, қалғаны басқа дақылдарды сатады”, – дейді Марат Шакимов.
Инспекция тарапынан 18 мыңға жуық көлік тексерілген. Нәтижесінде фитосанитарлық сертификаты жоқ 36 көлік кері қайтарылған.
Литвадан әкелінген өнімдер ішінде батыс гүл трипсі анықталып, түгелімен өртелген. Бұған дейін қызанақтан вирус табылуына байланысты 1,5 тонна томаттың жойылғанын хабарлаған едік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.