Облыс орталығында “Өнегелі отбасы” байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара халқымыздың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойларына патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлық ұялатады.
Қазақ халқында шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол аспан күмбезі, үй-жай, тірек, бақуаттылық пен қауіпсіздік, ұрпақтар сабақтастығы мағынасын береді. Шаңырақ – отбасының белгісі. Сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда “Шаңырақ көтеру” атты ерекше дәстүр де болған.
Орталық алаңда өткен байқауда отбасылар төрт аталым бойынша сынға түсті. Олар өз өнерлерін көрсетіп, Ұлыстың ұлы күніне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді. Үйдің үлкендері кұймақ, ал балалар бауырсақ жеп жарысты.
Байқауда Бекмахановтар отбасы жеңіске жетті. Бұл отбасы өнерге жақын. Отанасы Индираның айтуынша, ол бұрын келіндер сынына қатысыпты.
– Мен Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ лицейде ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін. Жұмыста жүргенде өнерлі отбасы сайысы өтетінін естіп, өтініш бердік. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай шаралар отбасы мүшелерін біріктіріп, татулығын нығайтады, – дейді Индира Бекмаханова.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.