М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Аталмыш іс-шараға зиялы қауым өкілдері, профессордың шәкірттері және студенттер қатысты.
Меймандар, ең алдымен, қаламгердің кітаптары қойылған көрмені тамашалады. Кейін ұлағатты ұстаздың өмір өткелдеріне арналған бейнефильм көрсетілді. Зарқын Тайшыбай атындағы дәрісхананың лентасын университеттің басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, белгілі қаламгер Жарасбай Сүлейменов кесті.
Ғұмырының басым бөлігін журналистикаға, шәкірт тәрбиесіне, Алаш ардақтыларының өмірдариясын зерттеуге арнаған Зарқын Сыздықұлы – отыздан астам зерттеу еңбектің авторы. Шараға жиналғандар профессордың шығармашылығы туралы әсерлі сөз сабақтады.
– Зақаңның шәкірттері бүгінгі таңда өңіріміздегі журналистика саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Зарқын Сыздықұлын қазақ руханиятына қызмет ететін азаматтардың шамшырағы десек, қателеспейміз. Ел тарихының жандануына, өлкетану ісінің қалыптасуына, журналистика ғылымының өркендеуіне өңірімізде ғалым ағамыздан артық еңбек сіңірген қайраткер жоқтың қасы, – деген Жарасбай Сүлейменов жуырда Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған профессорға Қазақстан Жазушылар одағының төсбелгісін табыс етті. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері Дәмеш Құрманкина мен Біржан Есжан ән шырқап, шараның шырайын кіргізе түсті.
Меймандар профессордың “Достарымен жылы кездесулері”, “Облыстағы шығармашылық белестері”, “Ғылыми ынтымақтастық туралы лебіздері”, “Кітаптары мен ғылыми еңбектері”, “Өмірі мен еңбек жолы”, “Марапаттары мен ғылыми жетістіктері” сынды тақталармен безендірілген дәрісхана тек лекциялар мен сабақтар өтетін кабинетке ғана емес, сонымен қатар тың идеялар туындайтын, жаңа жобалар дүниеге келетін орынға айналады деген оймен тарқасты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.