Қазақ халқының Наурызды қарсы алудағы ежелгі наным-сенімі бойынша, дәл осы кеште даланы Қыдыр ата аралайды екен. Сол себепті қазақ үшін Наурыз түні “Қызыр түні” аталып, қасиетті саналған. Ал осы “Қызыр түнінде” ел аралайтын Қыдыр атаның қазақ өміріндегі орны қандай? Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы адамдарға дәулет дарытып, бақ қондырады дейтін ізгі сеніммен астасып жататын аталған әулие бейнесі қазақ өміріне қайдан келді? Қыдыр ата аңыз ба әлде ақиқат па?..
Этнографтардың пікірінше, Қыдыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі “әулие”, адамдарға қамқоршы, “дәулет” беруші екен. Ескі наным бойынша, әрбір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы, олар – түрлі адам, аң-құс, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді дегендей сенімнен туған “құт”, “дәулет”, “ырыс” ұғымдары. Сондай наным тудырған кейіпкердің бірі – осы Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғады.
Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып, өсімдікке су құяды. “Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады” деп сеніп, Наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек-орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қоятын болған. Бұрындары қазақтар Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенінде оның іші жап-жарық болып тұрсын деп, төрге қос шырақты жағып қоятын. Жұрт мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. “Қыдыр қонған”, “Қыдыр дарыған” деген сөздер осындай игі сенімнен шықса керек.
Кітап деректеріне сүйене отырып, Қызыр сөзін қазақшаға аударсақ, “жасыл адам” деген мағына береді екен. Яғни “Хадар” – арабша жасыл деген сөз. Ал “Хадрауат” – жасыл көкөністер дегеннің баламасы. Наурыз түні ел кезіп жүретін әулиенің Қыдыр деп аталуына бұдан өзге де бірнеше дәйектеме бар. Атап айтар болсақ, егер Қыдыр ата бір жерге отырып, кейін ол жерден тұрып кеткенде, әлгі отырған жері жап-жасыл болып қалады делінсе, бір деректерде ол кісі жасыл киім киіп жүруі себепті де жасыл адам, яғни Қыдыр деп аталып кеткен екен деген болжамдар айтылады. Ал бұған белгілі этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің “Қазақ әлемі” атты еңбегінің 228-бетінде былай деп түсінік береді: “Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн – “Қызыр түні” деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, “Қызыр назарын аударып бақытты боламыз”, – деп небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді…”.
Зерттеушілердің айтуынша, күн сәулесі Жер шарының шығыс бөлігінен таң себезгілеп атқан кезде Жаңа жыл туады. Сол себепті қазақ халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды, Жыл басын наурыздың 22-сі күні таңертең қарсы алады. Яғни Жаңа жылды ұйықтамай ақ тілек, ақ ниетпен қарсы алу үшін қызық думан құрып, арнайы салт-дәстүрлерді орындап, жыл басын қарсы алуға ерекше дәм әзірлеп, айрықша дайындалған. Ғалымдар Г.Селезнев пен А.Селезневалардың пайымдағанындай, Қызыр ата жиынтық бейне ретінде көрсетіледі. Ол антропоморфтық түрдегі бейне түрінде түйе жетектеген аппақ киімдегі әулие болған деп суреттейді.
Ал Орталық Азияда Қыдыр ата жер өңдеу, егіншілікпен тығыз байланыста болған деген деректер де келтіріледі. Яғни, егістік алқабын қолымен аялап, бар мейірін төксе, сол жылы өнім мол болады деген сенім қалыптасқан. Кейбір деректерде Қызыр жан-жануарлардың да жебеушісі ретінде ғұмыр кешеді деген наным бар. Егер адам ұлыс күні аппақ мысық, болмаса аппақ итті көрсе, ол да Қызыр атадан келген шапағат, нұр деп қабылданған.
Енді ауыз әдебиетіне келетін болсақ, халық ертегі, жыр-дастандарында және жалпымұсылмандық ұғымда Қыдыр ата бейнесі деректі де, дерексіз де, яғни ақиқаттық та, аңыздық та бейнеде келе береді. Деректі кейпінде желмаясын жетектеген жиһанкез, абыз ақсақал, халыққа дұрыс жол нұсқаушы кемеңгер қария кейпінде көрінсе, дерексіз кейіпте әулие, жоғарыдан аян беруші, жақсылықпен жарылқаушы болып суреттеледі. Мәселен, “Алпамыс батыр” жырындағы Шашты Әзиздің образы да осы Қыдыр атаның феномені деген болжамдар бар. Яғни, Қыдыр ата – жақсылықтың нұсқаушысы ретіндегі символикалық бейне. Сондықтан жоғарыда ғалымдар тарапынан айтылған пікірлерден түйеріміз – Қыдыр ұғымының астарында исламға дейінгі мифтік бейнелермен астасып жатқан әлі де құпиясы ашылмаған күрделі образ жасырынып жатыр.
Орайы келгенде айта кетерлік және бір жайт – көпшілік қауым арасында “Қыдыр ата” мен “Қадыр түнін” шатастырып жатады. Алайда деректік тұрғыдан зерделегенде, Қыдыр ата мен Қадыр түні екеуі екі бөлек нәрсе. Қыдыр түні Наурыз айында туса, қасиетті Рамазан айының соңғы он тақ түндерінің бірі – Қадыр түні деп аталады. Қадыр түні көбінесе қасиетті айдың 27-ші түніне сәйкес келеді. Сондықтан бұл түнде Қыдыр ата келеді дегеніміз негізсіз пікір. Қасиетті Құран Кәрімдегі: “Негізінде Құранды Қадыр түнінде түсірдік. (Мұхаммед с.а.с.) Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан қайырлы. Періштелер мен Жәбірейіл періште ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін (Жер бетіне) түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады”, – деген аяттар Рамазан айының тақ жұлдызында туатын қасиетті түнде Қыдыр атаның емес, періштелердің түсетіндігі осы ойымызға дәлел бола алады.
Назерке ЖҰМАБАЙ.