“Ата көрген – оқ жонар”, – деген рас-ау! Қазақтың ұлттық тұрмыстық қолөнер бұйымдарын жасау, бір жағынан насихаттау бағытындағы үзіліссіз еңбек жолыма үңілсем, көз алдыма атам елестейді. Ол кісінің арқасында кенжелеп қалған қолөнермен түбегейлі айналысып, кәнігі, кәсіпқой маман болып қалыптастым. Атам тері илейтін, қамшы өретін, жылқының жалы мен құйрығынан арқан есетін. Әдемілеп безендірген жүген, ноқта, доға сияқты ат әбзелдеріне сұраныс көп болатын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын, бәріне үлгеретін. Жанында жүріп, таңсық істің қыр-сырын біртіндеп игеріп алдым. Отан алдындағы азаматтық міндетімді өтеп келгеннен кейін көп ойланбастан Шучье қаласындағы орман шаруашылығы техникумына құжаттарымды тапсырып, студент атандым. Ағаш шебері мамандығын алып шықтым. Бала кездегі арманымның орындалғанына бәрінен бұрын атам қатты қуанды.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері зайыбым Алқа екеуіміздің хоббиімізге айналған сүйікті ісімізді әлі күнге дейін жалғастырып келеміз. “Мақсат” қазақ этно-мәдени орталығын құрудағы ойымыз – ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандыру, жаңғырту, жастарға аманат ретінде қалдыру. Қолөнердің түрлері саналуан. Мен борсықтың, қоянның, түлкінің, қасқырдың терісін илеймін, ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын. Бәйбішем де керемет ісмер, қыз жасауын, киіз үйдің ішкі керек-жарағын, ұлттық киімдер тігумен айналысады. Оның өнер тамған қолынан шыққан төсенішке (төр, қонақ, шәй көрпелер), ұлттық киімге (қасқыр ішік, оюлы шапан, тымақ, бөрік, малақай, тақия), қоржынға (құда, бесік, тойбастар қоржындар), сырмаққа (алаша, киіз алаша, бөстек) тапсырыс жиі түседі.
Қазақ – ежелден өнерді қастерлеген халық. Олай болса, ата-бабамыздың асыл мұрасын одан әрі дамыту негізгі міндеттердің бірі болуы тиіс. Өкінішке қарай, баға жетпес қазынамыздың қадір-қасиетін жұрттың бәрі ескере бермейді. Наурыз сияқты мейрамдарда ғана еске алып жатады. Бүгінде эстетикалық талаптарға сай келетін өндіріс орындарын құру да жедел назар аударуды қажет етеді. Менің бір ойым тері илейтін шағын зауыт ашу еді. Бірақ грант, субсидия алу жеңілдіктері мен мүмкіндіктері қарастырылмағандықтан, бұл салаға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Мәселен, инвесторлардың қолдауынсыз тері илейтін шағын зауыт ашу қиынның қиыны. Теріскейде қазақ қолөнерінің өріс алмауының бір себебі – онымен шұғылданатын шеберлердің заманауи жабдықталған арнайы шеберханаларының болмауы. Қанша ниет етсе де, тығырыққа тірейтін осындай кедергілер шешімін тапса, жастардың бойында қызығушылық оянар еді.
Қазақтың сәндік қолөнерінің тәрбиелік мәні де өте зор. Тыңғылықты еңбек етуге дағдыландырады. Сонымен қатар әсемдік, дизайндік сипатының да орны ерекше. Бұрындары он саусағынан өнері тамған ісмерлер ерекше бағаланған. Өйткені олар бұйымдардың жоғары сапасына, сәніне үлкен мән берген. Заттың бетін өрнектеу, оюлау үшін әртүрлі тәсілдерді қолданған. Оймыштау, бедерлеу, шеку, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асырған.
Ұлттық мәдениетіміздің байырғы саласы – қолөнерді бай мұра, сарқылмас қазына ретінде күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге кіріктірудің мезгілі жеткен секілді.
Мейрам РЫСПАЕВ,
қолөнерші.
Мағжан Жұмабаев ауданы.