«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА САҚТАЛҒАН ЖЫРЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ ауыз әдебиетінің көр­кін келтірген эпикалық – батыр­лар жыры, ғашықтар жыры, та­рихи дастандар, қиссалар – қан­ша уақыт өтсе де өзінің рухани мәнділігін жоғалтпайтын, ұлт­тық әдебиеттің қалыптасуына, орасан зор ықпалын тигізген құн­дылықтар. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Бозжігіт”, “Еңлік-Кебек”, “Айсары-Шор­ман” сияқты қисса-жырлар шық­қан жеріне, ортасына, уақытына қарамастан қазақ даласының әр түкпірінде басқа да жыр-қисса­лардың өмірге келуіне себеп болды.

Сол кездегі болып жатқан сая­си-әлеуметтік жағдайлар, қа­лыптасқан қазақ қоғамының жар­ғылық шарттары, патриархал­дық ұстанымдары жеке бас бос­тандығын, әйел құқығын ерекше тығырыққа тіреп, арманшыл па­расатын күйзей білді. Мұның ар­тында сол кездегі ғашықтар әле­мінің трагедиясы тұр еді. Қай тұр­ғыдан алып қарасақ та арман­шыл, ғашықтық пәк сезімнің сыр­тында қарасақал қақсиған, ға­сырлар бойы сынын сұлатпа­ған, атадан балаға аманат бо­лып, жалғасып келе жатқан, қо­ғамның өзі қабылдаған, сұрауы қатты, азаматтың іс-қимылын рет­тейтін шарттары болды. Ал енді сол шарттарды бұзу ала­ман­дықтың белгісі еді. Сол сұ­рапыл заманның шешіміне ке­ліспей, өз тағдырын өз қолына алып, бой ұсынбай, қаншама боз­дақ ғашықтықтың жалауын жо­ғары ұстап, осы жолда өзін сарп етті. Ғашықтық жырлар гео­графиясы өте кең. Себебі ға­шықтық сезім – не уақытқа, не жер­ге, не адамға бағынбайтын ерекше құбылыс.

Қызылжар өлкесі де ғашық­тық жырлардан кенде емес. “Ай­сары-Шорман”, “Алтын балық”, “Қара би-Моншақ”, “Қисса Та­хир”, “Кәрім мен Күлпаш”, “Қос­пан мен Кәкімән” – бұл ғашық­тар жырының бастамасы ғана. Бұл жырлардың ерекшелігі – кейіпкерлердің тарихи тұлға ре­тінде ұрпақтардың жадында сақ­талып қалуында. “Айсары-Шорман” жырының кейіпкерлері – та­нымал тарихи тұлғалар. Бұл жеке тоқталатын тақырып. Ал “Алтын балық” жыры туралы С.Мұқанов өз еңбектерінде ай­тып кетеді. Тағы бір тылсым – бұл жырдың авторы Мағжан Жұ­мабаев деген де әңгіме бар. Осы жырдың соңына түсіп, тас­па­ға жазып алған адам – Қы­зылжар қаласының тұрғыны Сай­даш Ғайсин деген татар аза­маты. Ол көп жыл ұстаздық ет­кен, музыка мен вокалдан сабақ берген. 1960 жылдары жаяулап-жалпылап ауыл-ауылдарды ара­лап, халық арасында сақталып қалған өлең, жыр, қиссаларды, халық композиторларының ән­де­рін нотаға түсірген. Ақан серінің, Молдахмет Тырбиевтің әндері, бас­қа да қағаберіс қапталда қа­лып қойған әндер сол кісінің на­зарына ілігіп, нотаға түсірілген. Өкініштісі ол кісі сөздерін толық жа­зып алмаған. Дегенмен де мар­құмның жиған мұрасы – тап­тырмайтын құндылық.

“Қисса Тахир” жырын Қызыл­жар қаласының тұрғыны, ақын Лутфулла Алмуллин деген кісі жазған. Екі ғашықтың басына кел­ген бақ пен сүйіспеншіліктің соңында сордың тұрғанын айғақ­таған ауыр қисса. Бұл жыр 1878 жылы Қазан университе­ті­нің баспасынан жарық көрген­дігін айта кеткен жөн. Жеке әңгі­меге тақырып болатын жыр. 2004 жылы шыққан “Бабалар сөзі” жүз томдығына енген. 1885 жылы Қазан қаласының баспа­сы­нан шыққан “Көроғлы сұлтан хикаясы” жырына да тоқтала кет­кен жөн болар. Шығыс стилінде – өлең және қара сөзбен жазыл­ған. Авторы Хасан Мірбабаұлы – Қызылжар қаласының тумасы. Ал жырдың шығуына көп қолға­быс қылған адам – туысы Мұха­медрахим Уәлиұлы.

Бұл жерде көптеген жырлар уақыт сынын көтермей, тұмша­ла­нып, толық сақталмай, маз­мұ­ны ғана әңгімелік желіске тү­сіп кеткенін ескерген жөн. Жыр­дың бір бөлігі өлең болса, бір бөлігі әңгіме ретінде жалғасып отырады. Осы тұрғыда ерекше тоқ­талып айта кететін жырлар – “Қара би-Моншақ”, “Кәрім мен Күлпәш”, “Қоспан мен Кәкімән” тағы да басқалар.

“Қара би-Моншақ” жырының басты кейіпкері – Керей руынан шыққан атақты Қара би. Генео­логиялық жолына көз сүзейікші: Танаш би-Тарышы-Ши-мойын-Достияр-Ысмаил-Ақ-сары-Еме­нәлі-Сырлыбай-Ырыс-Құ­дияр-Алдай-Қара би. Өз зама­нының дауылпазы, қара қылды қақ жарған би болған. Бүкіл қа­зақ даласына аты жайылған, ру­лардың арасындағы үлкен дау­лардың шешімін тауып, екі жақ­ты келістіріп отырған.

Ал енді Моншақ сұлу – Ба­ғаналы руының беделді адамы Жырық бидің қызы. Жырық би – атақты батыр Ерден Сандыбайұлы­ның арғы атасы. Моншақ табиғи көркем сұлулығынан басқа, ерек­ше ақылымен, өмірге деген көзқарасымен, дүниетаны­мы­мен замандастарынан озық еді.

Бірде Қара би билік құрып, ел арасындағы дауды шешуге Ба­ғаналы жұртына барады. Ба­ғаналы жұртының Үйсінмен бол­ған үлкен дауын шешіп, олжа­мен оралған Қара биге риза бол­ған Жырық би оны тағы да басқа дауларына салып сынайды. Бә­рінен олжалы оралған Қара биге риза болған ол сұрағаныңды ал дейді. Қара бидің көңілі Моншақ сұлуға қатты жығылады да, би­ден қызын сұрайды. “Малың жет­пейді ғой”, – деген бидің сөзіне: “Бүкіл Керейдің малын әкелсем де алам”, – деп Моншақ сұлуды ал­ған екен. Моншақ Алдай елі­нің сүйіктісі болып, “би келін” атанған, бара-бара өзінен туған балалары іргелі ел болып, өз­дерін “Моншақпыз” дейді. Жам­был ауданы Қарағаш ауылының оңтүстік жағында Моншақ көлі бар. Моншақ шешейден алты бала туған – Марқа, Жайсаң, Са­тыпалды, Үкітай, Тоқпан, Жұмық.

Енді сол заманнан бізге үзік-үзік болып жеткен жыр жолда­ры­на тоқталайық.

Жыр сандығын ашайын,

Теңіздей толқып шашайын.

Қарағай қара домбыра

Сағасына саусақ басайын.

Көмейден шыққан қоңыр үн

Домбырама қосайын.

Адырына жырдың түсіп ап

Бөкендейін жосайын.

Қара орманнан қаптаған

Қалықтап әрі асайын.

Атадан қалған аманат

Айтудан қалай қашайын.

Бірде желдей құйындап,

Бірде бұлттай босайын.

Болар істің бопсасын

Асықпай артын тосайын.

Мен шабайын, шабайын

Тыңдасаң мені ағайын.

Ессіз қалған құндыны

Аңдаудан аршып алайын.

Ғашықтардың сорасын

Талқыға сөйтіп салайын.

Солармен бірге қамығып,

Қиямет күнге барайын.

Қайғырғанын көріп ем

Боздақтардың талайын.

Қалайша қамсыз қаламын

Білгенде сөздің орайын.

Бағаналы, Балталы

Еліне барып соғайын.

Соңынан барлап көрейін

Шоқы таулы тоғайын.

Моншақ сынды қызынан

Алтын алқа тағайын.

Мен сарнайын, сарнайын,

Сөзімді сонар жалғайын.

Тілім жетсе айтайын

Жырық бидің жағдайын.

Мыңғыртып жылқы айдаған,

Он соқыр түйе байлаған,

Байлығы тасып жатса да,

Мал жинауды қоймаған.

Кеңгір тауды көсіле

Адырын түгел жайлаған.

* * *

Қара би Наймандарға барған екен,

Батасын жақсылардың алған екен.

Дауларын түйнектелген шешемін деп,

Сайысқа дара басын салған екен.

Сансыз даудың салымын таба алмай

Талайлар жолда босып қалған екен.

Сәйгүлік саптан қалып, соғым болған,

Бұл заман жылтыраған жалған екен.

Төрінде сұлу Моншақ, таранған құс

Талайға қол жетпейтін арман екен.

Ендігі әңгіменің желісі “Кәрім мен Күлпәш” жыры маңайында бол­мақ. Бұл жырдың оқиға желісі ХІХ ғасырдың аяқ шеніне сай ке­леді. Солтүстік Қазақстан облы­сы, Жамбыл ауданы, Майбалық ауы­лының батысында Аңдамас атты байдың жұрты, Аңдамас атты көл бар. Аңдамас өте дәу­летті, бай адам болған. Меккеге қажылыққа барып, сонда үй сал­дырған. Бірге барған Құнанбайдың үй салуға ақшасы жетпей, қаржылай көмек берген деседі. Кәрім – сол елдің тумасы, өнерпаз, сал жігіт, өз ор­тасының көркі болған.

Кәш немесе толық аты Күл­пәш – Таузар Көшебе руының қызы екен. Жұрты Майбасар ауы­лының маңында. Әкесінің аты – Ұзақбай. Ол Таузардың бір байы­ның қалың малына қызығып, соған қызын бе­руге уәделескен екен, бірақ өз ше­шімі бар өр мінез Күлпаш әкесімен келіспейді. Уә­делі күні Кәрім Күл­пәш­ті алып қа­шады. Оқиғаның арты қайғылы аяқталады. Бұл жыр да үзік-үзік, фрагменттік түр­де, әр кісінің айт­қанымен жинал­ды. Жырды жет­кізушілердің бірі – Рахым Биса­рин деген ағамыз. Ол кісі суырып­салма ақын, әнші, ауыз әдебие­тінің жоқтаушысы еді, көп жыл ұстаздық қызмет атқарды. Екінші жеткізуші – Қарағаш ауылының ту­масы Жәуке Масов. Ол – аңшы, өлке тарихының, ауыз әде­бие­тінің жоқтаушысы, түн қатып, қан­сонарға дейін әңгіме айтудан жалықпайтын әңгімешіл адам еді. Үшінші кісі – Қарақамыс ауылы­ның тумасы Қараман дейтін аға­мыз. Ол пірәдәр, молда болған. Си­бан Жаңажол ауылында көп жыл тарих пәнінен сабақ берген Қабей Төлеев ақсақалдың аузы­нан естіп, мағлұмат қылған Ғаби­ден Сұлтанғазин естелігін де айта кеткен жөн. Осы оқиғалар туралы ке­зінде ой бөліскендердің бірі Батталғали Тоқтарғали ақсақал еді. Ол да – Қара би әулетінің ше­жіресін дестелеп берген кісінің бірі. Ал енді сол үзінділерге тоқта­лайық .

Мен сөйлесем, көсілем алыстарға.

Тыңдаушым, құлағыңды түр, қалыс қалма.

Жағдайын ғашықтардың, айтпай қалман

Көзде жанар, кеудеде намыс барда.

Жағымда жақұт сөзім таусылмасын

Тарихын ұрпақтарға табыстарда.

Бәсіре жәй, біздер көріп, куә болған

Ессіз семіп қалмасын алыстарда.

* * *

Қыз берем деп Ұзақбай қалымдасты,

Жолын жасап, құдандал дәстүрін орындасты.

Бес ағасы әкенің сөзін құптап,

Қалың малға беретін болды қарындасты.

Кім көнбейді салымның сызуына,

Көндігеді кесек ет, тұз уына.

Қалың мал, қамқа тон мен, күміс белбеу

Ұзақбайды орап алды қызуына.

* * *

Бұл жәйді естіп-көрген сан тыңдайды,

Еске түссе, іш-тұрман салқындайды.

Аққұтан болған істің куәгері

Үлпілдек те кісі көрсе, шошынып, саңқылдайды.

Екі жас бірін-бірі сүйген еді,

Құлпырып, ерекше бір күйге енеді.

Фәниде қолтықтасып өтеміз деп

Серттерін жан шүберекке түйген еді.

* * *

Ей, Күлпәш, осы жерде өлгенің бе,

Сызыққа тағдыр сызған келгенің бе?

Әкем-ау, жалғыз қызға сауда құрып

Сырты түк, іші боқ малға бергенің бе?

* * *

Ұлдары Ұзақбайдың көкжал қасқыр,

Шетінен сойыл соққан қара басқыр.

Қолына қару тисе, көзі жанған,

Түздегі құлан қуған, дара қасқыр.

Бес қасқасы Ұзақбайдың келді қуып,

Соңына шаң байлатып, желді буып.

Шешімі әкесінің сондай қатты

Жолында кездескен елді қуып,

Жанына жендеттерін қосып алған,

Қолына ақ сойылын асып алған.

Бақ іздеп жармен бірге, безген қызды

Бес ағасы Үлпілдекте тосып алған.

Үлпілдектің бойында екі жас­ты қамап, “сөйлес қыл” деп келген қу­ғыншыларға шыққан Кәрімді өлім­ші қылып сабап, денесін көл­дің дө­ңіне тастап кетеді. Күлпәш көлдің қамысын паналап, олар кет­кесін шығып, Кәрімнің жансыз денесіне жолығады. Қатты қа­мық­­қан Күл­пәш көлдің суына ба­тып өледі. Көр­ші елдің азаматтары үш күннен кейін Күлпәштің денесін тауып, Кә­рім екеуін Үл­піл­дектің дөңіне жерлейді.

Болған іс түсім бе еді, өңім бе еді?

Запыран қайғы жұтқан төгілмеді.

Мұндалап, екі жас боп қол бұлғайды

Қос мола Үлпілдектің дөңіндегі.

Түксиіп Үлпілдектің қас-қабағы,

Суына мөлтілдеген жас тамады.

Аңдамас ата деген алып кісі

Мейірін екі жастың қостамады.

Маңайына күрсініп, атты бұлақ,

Қайғысына шомылды, қамыс құрақ.

Жанбаған махаббаттың жалынына

Үлпілдек өксік атып, жатты жылап.

Үлпілдек көлі Жамбыл ауданы Жаңажол ауылының оңтүстігінде орналасқан. Кейбіреулер ол көл­ді Грачи деп те атайды. Бізге жет­кен жыр үзінділерінен бұл ауқым­ды, шиеленіскен өз оқиғасы бар шы­ғарма екенін аңғаруға бола­ды. Мүм­кін ел аузында әлі де үзік-үзік сілемдері қалған шығар.

Енді “Қоспан мен Кәкімән” жы­рына тоқталайын. Бұл жыр – Ұлы Отан соғысы кезінде шыққан, эпис­­толярлық жанрда жазылған, бір-біріне ғашық болған екі жас­тың баянсыз махаббатының айға­ғы. Қос­пан – Солтүстік Қазақстан об­лы­сы, Шал ақын ауданы, Бірлік ауылының тумасы, атақты Қо­жам­бет ақынның немересі. 1938 жылы әскер қатарына шақыры­лып, сер­жанттар мектебін, сосын кіші офи­церлер курсын тамам­дап, Севас­тополь қаласында әс­кери боры­шын өтеген. Елде Кәкі­мән деген қызбен серттесіп, 1941 жылы сәуір айында елге дема­лыс­қа келіп, үй­ленеді. 1941 жылы маусымның жиырмасы кезінде екі жас Севас­тополь қаласына бет түзейді. Дондағы Ростов қаласына келгенде соғыс басталғаны туралы хабар жетеді. Севасто­поль қаласы авиа­ция шабуылына ұшырағаны мәлім болады.

Кәкімән елге оралады. Сол күн­нен бастап екі жардың басы­на, са­ғыныштың қайғы-мұңы қара бұлт­тай үйіріледі. Екеуінің ара­сындағы сезім үшбу хаттың ішіне сыйған са­ғыныш сырларының сазына айна­лады. Біраз уақыттан кейін Қос­паннан мүлде хабар үзі­леді. Әлі күнге дейін Қоспан хабар-ошар­сыз кеткендер қатарын­да. Бізге жет­кен сол жыр Кәкімәннің өз ау­зынан және Бірлік ауы­лының тұр­ғыны, соғыстың куәгері Мәржәмә атты шешейден, Жақия атты Қос­панның өгей шешесінің аузынан жазып алынған еді. Кәкі­мән шеше­міздің айтуынша, Қос­паннан кел­ген хаттардың барлы­ғы бүкіл ауылдың томсырая тос­қан үмітте­рін демейтін, шағын ғана сағы­ныштың нысаны еді. Жауап жазу үшін құрбы-құрдастары атсалысып, Кәкімәнға өлең шығарып береді екен.

Мекенім қарағайдың ортасында,

Өліммен жаралған соң қорқасың ба?

Сарықамыс – туған жерім, кең жайлауым

Қалдың ғой сағыныштың жартасында.

Маңайым талай ұлттың ұландары,

Қаймықпас қас жауынан қыран бәрі.

Көрдік қой, талайлардың алға шыға

Коммунист боламын деп сұранғаны.

Бас қосып, қалың жауға аттанамыз,

Жаужүрек жауынгерлер сапта нағыз.

Сартылдап зеңбіректер күйлегенде

Құдай деп, қорқуға да шақ қаламыз.

Сәлемім елге жетсін үш бу хатпен,

Сөзімді саф көңілді иждихатпен.

Майданның бетін түзеп алғаннан соң

Аман-сау оралайық салтанатпен.

Сағындым, Кәкіш жарым, ауылдағы,

Ағалар, сөз саптайтын қауымдағы.

Соғыстың арты қалай, күмәні көп

Кек алмай, кетпес екен жауымдағы.

Қалайша қал-жағдайды жамандайын,

Артын күтіп, болмыстың амалдайын.

Көргенше, күнім тәубе, жақсы болып,

Осымен үшбу хатты тамамдаймын.

* * *

Кәкіш жан, енді қайтып көремін бе?

Жүректі саған арнап, беремін бе?

Қайғының қабағына қарамаймын

Сөз маржанын өзіңе теремін де.

Керек қой ер жігітке төзім-дайда,

Көкірек қобалжыған сезім қайда?

Мөлдіреп қос жанарың құпиялы

Сездірген сеніміңді көзің қайда?

Қамыққанда жүректі қайғы жей ме?

Ондайды есі ауысқан мәжнүн дей ме?

Өзіңді бауырыма басқан болам,

Суретің, демеу болған жансыз бейне.

Таңымды тұнжыраумен атырамын,

Өзіме-өзім несібемді татырамын.

Түс көрсем, қол ұстасып өзіңменен

Аралаймын көк Есілдің атырабын.

Ел жақтан көрінер таңсібірі,

Естіліп жануар- жан сыбыры,

Жанымды жылағанда жұбататын

Тұлғаң ғой ерекше хан тұғыры.

Кәкімәннің берген жауабы:

Хас қыраным Қоспаным,

Арман құсым аспаным,

Бұл жалғанда жалғыз ер

Құдай қолдап қосқаным.

Салмасын тағдырымды табасына,

Көңілімді күнде қоям сабасына.

Өзіңмен болған күннің куәгері

Күнде барам Ақбұлақтың жағасына.

Көз алдымда бейнең күнде сенің,

Зарығып Ақбұлақпен тілдесемін.

Іздегенді үмітсіз таба алмай,

Қайғымен қамығып күн кешемін.

Қолда күрек, қырманның басындамын.

Болсадағы бір батпан басымда мұң.

Түн болса да мейлі, күн болса да,

Бекем бол, мен сенің қасыңдамын.

Соғыс бітіп, елге жақсы хабар жетсе де, көп адамның басындағы қайғының зілі ұланғайыр еді. Кәкімән шешеміз Қоспанға деген пәк сезімін жүрегінде сақтай білді. Бірақ өмір өз қалыбына келтіреді ғой, көп жылдан кейін басқа адаммен тұрмыс құ­рып, балалы-шағалы болды, сондықтан жырдың кейбір үзінділерін паш етуге ар­ланды, бұл да білгендігі шығар. Бұл да – ұлы­лықтың бір түрі.

Енді “Алтын балыққа” қайта оралайын. Бұл жырды алғаш рет бала күнімде Бірлік ауылының тумасы, жыршы, шежіреші Сен­бі Рахимов деген ақсақалдың аузынан естідім. Ол кісі “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Алтын балық” тағы да басқа жырларды, Қожамбеттің шежіре жы­рын ұзақ сонарлатып, түйдек-түйдек тө­гетін.

1980 жылы қазіргі Есіл ауданы, Қара­бұлақ ауылының тумасы Евней Қожах­метов дейтін отағасымен таныстым. Ол кісі кезінде серілік құрған, іш жақты, яғни Ресей жерін көп аралаған, сол жердегі қазақтардың ауызекі сөздерін жинай білген адам екен. Бірде “Алтын балық” хикаясын әңгі­мелеп берді. Бұл жыр туралы қомақты әң­гіме айтқандардың бірі – Айтмұқан Исмағұлов ағамыз. Ол – Алқа ауылының тума­сы. Бала күнінде немере ағайыны Дәуітбай Мусиннің аузынан әңгіме ретінде тыңда­ған, ал 1957 жылы наурыз айында Өміртай Мусин есімді ағасынан толық нұсқасын естіген екен.

Талай жұрт кең шаһарда тұрған екен,

Махмет шах, патшалығын құрған екен.

Тотықұс бақтарында сайрандаған

Ішкен суы дария Сырдан екен.

Жыр желісі “…Ертеде, Махмет патша заманында өзен жағалап, күн көрген шал мен кемпір болыпты. Жалғыз ұлы Ыбы­райым жас болса да ата-анасына қолғабыс қылып, бірге балық аулайды екен. Бірде құр­ған ауына алтын балық түседі. Балыққа қанша қызығып, таңданса да бұл бақыт па, әлде сор ма, деп ойға қалады. Өздеріне лайық нәрсе еместігін сезіп, балықты пат­шаға сыйға тартуға шешім қабылдайды. Балықты баласы Ыбырайым тарту қылып патшаға апарады. Сыйға қатты риза бол­ған патша уәзірлеріне баланың қалағанын беріңдер деп бұйрық береді. Патшаның көңілінің балаға қатты жығылып, құрмет көрсеткенін қызғанған уәзірлер патшаға сөз салады. Бұл – балықтың ұрғашысы екен, енді еркегін тауып әкелсін, сонда сіз­дің салтанатыңыз өсер еді дейді. Не керек, бұйрық шығады, балықтың сыңарын әкел­сін, әкелмесе басын аламын дейді. Қанша тырысса да сыңарын таба алмайды. Күн­дердің күнінде ата-анасымен ақылдасып, бәленше жерде алтын балық бар деген хабар естіп, соны іздеуге бел байлайды. Арып-ашып, көп жерді өтіп, бір өзеннің бойына келіп, су ішейін деп еңкейсе, суда әйел адамның бейнесі көрінеді. Басын кө­терсе өзеннің арғы бетінде бір қыз тұр екен, екеуі сөйлеседі. Әлгі қызға Ыбы­райым басынан өткен жәйтті жеткізеді. Сонда қыз айтқан екен:

Сенің ойың бір басқа,

Менің ойым бір басқа.

Мен де шалдың қызы едім

Жоғалып кеткен он жаста.

Ол қыз перілер қызметшілікке ұрлап әкеткен Ыбырайымның апасы екен. Екеуі көрісіп, бауырласып, мауқын басады. Өзеннің арғы беті – перілер мекені, ер адамды жолатпайды екен. Апасы інісін қыз қылып киіндіріп, үйінде ұстайды. Өзі перілерге тамақ істейді. Бірде інісі апасына көмектесіп, тамақ пісіреді. Тамақ өте дәмді болып, перілер кім пісірді деп апасын қыс­паққа алады. Сөйтсе інісі асқа тұз салған екен, ас содан дәмді болыпты. Апасы мен сендерге келгенде аяғым ауыр еді, келге­сін қыз туып ем, тамақты сол істеді дейді. Олар көрсет деп болмағасын амалсыздан қыз болып киінген інісін көрсетеді. Қорлы­ғайын патша бастаған қыздар оны көріп, қызың сұлу екен, тұра берсін дейді. Бірде патшайымнан суға түсу туралы бұйрық келеді. Амалсыздан апасы мен інісі де ба­ра­ды, не керек суда жүзген баланың сыры ашылып қалып, налыған патшайым ба­ланы өлім жазасына кеседі. Бүкіл бұй­рықтарды екі етпей орындайтын қыздар­дың арасында Шолақ пері (евнух) болады екен. Сол баланы өлімге қимай пат­шайымға өзі барып, былай дейді:

Патшамыз сенің атың Қорлығайын,

Өспірім, өліп кетсе болар уайым.

Егер де ерге шығар ойың болса,

Бұл жігіт болсын деймін сенің байың.

Арты үлкен тойға айналып, патшайым мен жігіт тұрмыс құрады. Әлден кейін Ыбы­райым өз басындағы мұңды шағады, әке-шешесін елдегі патша ұстап отырғанын, сертті орындамаса, өлтіретінін айтады. Қор­лығайын патша жігітті жақсы көріп қал­ған екен, Шолақ періні шақыртып, алтын балықтың сыңарын таптырып, жігітпен қайта оралу туралы серттесіп, баруға рұқсатын береді. Шолақ пері арқасына Ыбырайымды салып алып, әке-шешесінің үйіне жеткізеді. Баласының амандығын және қызының барлығын біліп, ата-анасы қатты қуанады. Ертеңіне алтын балығын алып, патшаға барады. Тапсырмасының орындалғанына қатты қуанған патша ба­ланы уәзір қылып алғысы келеді. Мұны естіген уәзірлер патшаға сөз салады, баланың қолынан іс келеді екен, әлемде күлдіршін құс болады екен, соны әкелсін, сарайыңыздың салтанаты өсер еді дейді. Патша тағы да бұйрық береді. Жігіт Шолақ періні шақырып, Қорлығайын патша жары­на келеді. Қорлығайын бұл тапсырманың артында уәзірлер тұрғанын және жігіттен құтылу үшін жасалғанын айтады. Әйтеуір құсты да тауып, Ыбырайым еліне, Махмет пат­шаға келеді. Жігіттің қолынан іс келе­тінін сезген Махмет патшалығын Ыбы­райымға берген екен, Қорлығайын да риза болып өз патшалығын Ыбырайымға тап­сы­рады. Сөйтіп екеуі мұратына жетіпті. Қыс­қаша мазмұны осы.

Ендігі тоқталатын жыр – “Алты өгіз”. Ке­зінде халық аузында көп айтылған жырдың бірі екен. Бұл жырды да жеткізуші Айт­мұқан Исмағұлов ағамыз.

Айтайын әңгімесін қалағанның,

Айтуға қызыл тілмен жарағанмын.

Жайланып кең алқада жатады екен

Алты өгізі бай, мырза Аламанның.

Ит пен құс маңайына жоламайды,

Келгенін бөтен малдың қаламайды.

Алтауы алпауыттай табын болып,

Қуысын кең тоғайдың аралайды.

Жотасы ел көшкендей жалпақ екен,

Мүйізі найза бойлы, қарағайлы.

Қасқыр да, құмай мінез қан іздеген

Қорыққаннан ол жаққа қарамайды.

Қос мүйіз, үшкірленген істіктейін

Тиген жерін жоса қылып жаралайды.

Алты өгіз аспан астын билейді екен,

Өлеңді еркін күйсеп, күйлейді екен.

Қарасын көрседағы алыстан кеп,

Қорыққан қасқыр оған тимейді екен.

Қорқау қасқыр далада ұлып жүрген,

Қақпанын алты өгізге құрып жүрген,

Алтауын қалай арбап аламыз деп,

Тұмсығын солар жаққа бұрып жүрген.

Алты өгіз бөрілерге алдырмайды.

Жалғызын жеке бөліп қалдырмайды.

Тойымды жүрген жері құрақ пенен,

Қара өлең, қамыс пенен балдыр майлы.

Айналып жоталарын тас қырлардың,

Айласы таусылды ғой қасқырлардың.

Бір күні бастарына ақыл түсті,

Құдайым қара басқырлардың.

Тығылып әлсіздіктің қуысына,

Амал түспей алдайтын уысына,

Бәрінің келіскені солай болып,

Сөз айтты түлкідейін туысына.

Содан не керек, түлкіге ойларын айтып, ақылдасып, көмек сұрайды. Түлкі жағ­да­йымды жарастырсаңдар көмектесейін дейді. Қасқырлар келісім береді. Түлкі өгіз­дерге барып, оларды мақтап, әрбіреуінің ерекше тұлға екенін дәріптеп, арасына сөз салады:

Жігіттер тірлік қандай, бірлік қандай,

Сөйлесе бүлкілдейді біздің таңдай.

Алтауың алты сайда жатсаң егер,

Бай болып, жүресіңдер асыл жандай.

Сөйтіп арасына іріткі салып, алты өгіз алты сайды билеп, асып-тасып жүргенде қасқырлар келіп, әрбіреуін жеке-жеке жығып жепті.

Қасқырға түлкі келіп мақтанады,

Айырдым арасын деп шаттанады.

Бөрілер естісімен қуанысып,

Тұс-тұстан басын қосып аттанады.

Әр сайдан өгіздердің бәрін тапты.

Алтауын алты сайда орындапты.

Алтауы алты сайда жатқанменен,

Өгіздер бұдан қандай пайда тапты.

Осы жырлар қазір жұрт жадында сақ­талып, ауызекі әңгімілерде айтылып жүрсе үлкен жетістік болар еді. Мүмкін әлі де ел ішінде сақталған үзінділері бар шығар деп ойлаймын. Әлі де талай жоғалып бара жатқан құндылықтарымыз түгенделеді ғой деген сенімдемін.

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp